Жаңалықтар

Аялдамаларды кәсіпкерлер жалға алады

Шаһар

Ақтөбедегі аялдамаларды абаттандыру ісіне енді жергілікті кәсіпкерлер қатыспақ. Қала билігі мен кәсіпкерлер палатасы осындай ортақ ұйғарымға келіп отыр.

«Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасында өткен баспасөз мәслихатында осы мәселе қаралды. Қалалық мәслихат депутаты, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының құқықтық бөлімінің бастығы Нұрлан Махамбетовтің айтуынша, аялдамаларды бизнеске беру мәселесі бұрыннан айтылып келе жатыр:

— Аялдама павильондарында кәсіпкерлер қоғамдық тамақтану, сауда және қызмет көрсету нүктелерін аша алады. Ол үшін оларға 20 жылға сол аялдамадағы жер жалға беріледі. Жобаны қалалық әкімдік кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп іске асырады. Бұл билік үшін де, кәсіпкер үшін де, тұрғындар үшін де тиімді: бюджеттен шығын шықпайды, ал кәсіпкерлер осы кезеңде салынған қаражатты қайтаруға ғана емес, сонымен қатар басқа бизнеске салуға болатын қосымша табыс көзім табатындығына сенімді болады. Кәсіпкерлерге тұрғындарға қолайлы жағдай жасау талабы қойылады, — деді Нұрлан Махамбетов.

Қалалық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Әлібек Серікбаевтың айтуынша, сауда павильондары бар аялдама пункттерін орналастыру және қызмет көрсету үшін жер учаскелерін жалға алу бойынша сауда-саттық өткізу наурыз айына жоспарланған.

— Аялдамалардың жылы, ыңғайлы болуы — қала тұрғындары үшін аса маңызды. Сондықтан кәсіпкерлер палатасымен бірге кәсіпкерлерге конкурс жариялап отырмыз. Барлығы 46 лот бар. Әрқайсысында 3 аялдама павильоны қарастырылған, жалпы алғанда 138 аялдама орналасатын жер жалға беріледі. Әр лоттағы үш аялдаманың біреуі жылы, арнайы павильоны бар аялдама болатын болса, қалған екеуі қарапайым аялдамалар. Егер жалға алған кәсіпкердің басқа жоспарлары болса, оны да тыңдауға әзірміз. 27 наурызға дейін конкурсқа қатысуға өтініш қабылданады. Жеңімпаздар техникалық көрсеткіштерге, арнайы бекітілген эскиздерге сай аялмадама бекетін салуы тиіс. Бұған дейін қоғамның, қалалық мәслихаттардың қатысуымен аялдама павильондарына қатысты презентация жүргіздік, тұрғындар арасында сауалнама жүргізіп, оның нәтижесін де ескеріп, арнайы эскиздер дайындадық, — деді ол.

Әлібек Серікбаевтың айтуынша, жұмыс істеп тұрған нысандардың орнына жабық, бірыңғай дизайны бар, қала тұрғындары үшін ыңғайлы, автобус күтетін аялдамалар салынады. Павильондар жылы, ішінде мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған орындар, электронды табло болуы тиіс.

Қазіргі кезде облыс орталығында 700-ден астам аялдама конструкциялары бар,  әлі 300-ге жуық қажет. Байқау шарттары бойынша пункттерді орнату және жабдықтау жөніндегі іс-шараларды шілде айында аяқтау қажет. Конкурста жеңіске жеткен кәсіпкер техникалық құжатта көрсетілген талаптарды шілде айына дейін орындаған жағдайда, жер учаскесі 20 жылға жалға берілетін болады.

Нұрлан Махамбетовтің айтуынша, негізінен жергілікті өнім өндіретін кәсіпкерлерге басымдық беріледі.

—  Оларға отандық өнімді сатуға артықшылық берген дұрыс. Бізде шаруа қожалықтары баршылық, тіпті өз қолымен жасаған сувенирлерді де саудаға шығарса, ол да жергілікті кәсіпкерге үлкен қолдау. Тек сауда-саттық қана емес, сұраныс болса, қызмет көрсетуді де жүзеге асыруға болады. Мәселен, аяқ киім жөндеу, кілт жасау, телефон жөндеу секілді қызметтерді ұйымдастыруға болады.

Айта кету керек, кәсіпкерлер жұмыс бағытын өзгерте алады. Мысалы, дәріхана ашты делік, бірақ оған сұраныс болған жоқ. Бұл жағдайда дәріхананы дүкенге немесе қоғамдық тамақтану пунктіне қайта жабдықтауға тыйым салынбайды. Ең бастысы, бірыңғай сәулеттік келбетті және жалға алу шартының талаптарын бұзбау қажет, — деді Н.Махамбетов.

«Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Руслан Күйшіновтің айтуынша, жергілікті әкімдік пен палата шағын және орта бизнес өкілдерін жан-жақты қолдауға әзір, ал кәсіпкерлерден талап етілетіні — жауапкершілік. 

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button