Жаңалықтар

Қос ардагерге құрмет

Облыстық «Ақтөбе» газетінің қос ардагері, Қазақстан Журналистер одағының мүшелері Кәдірбай Бекмағанбеттің 90, Жанғабыл Қабақбаевтың 70 жасқа толуына байланысты Баспасөз үйінде салтанатты жиын өтті.

Басқосуда «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры, Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Раукен Отыншин құттықтау сөз сөйледі.

— Бүгін облыс журналистикасының алдыңғы буын өкілдерінің мерейлі сәтіне куә болып отырмыз. Тоқсан жасқа келіп отырған Кәдірбай Бекмағанбет ақсақал еңбек жолын Байғанин аудандық газетінде бастап, одан кейін өлкелік, облыстық басылымдарда барлығы қырық жылдан астам қызмет атқарды.

Ал Жанғабыл Қабақбаев облыстық газеттің аудандардағы меншікті тілшісі, газеттің жауапты хатшысы болды. Бүгінгі күні «Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымы төрағасының орынбасары. Екі ағамыз да Қазақстанның Құрметті журналисі, — деді ол.

«Ақтөбе» газетінің бас редакторы Бауыржан Өтеулиев, еңбек ардагері Аманқос Орынғалиұлы және басқа әріптестері құттықтау сөздерін айтып, жылы лебіздерін білдірді.

Той иелеріне Қазақстан Журналистер одағының Құрмет грамотасы, Алғыс хаттар тапсырылды, сый-сияпат көрсетілді.

 Өз тілшіміз.

Басқа жаңалықтар

Back to top button