Басты жаңалықтарЭкономика

Балық аулап, бал жина…

Дәстүрлі емес шаруашылықтар

Қанымызға сіңген атакәсіп — төрт түліктің тұқымын көбейтуден басқа дәстүрлі емес шаруашылық түрлері көп-ақ. Қоян, балық, құс бұрын даланың жеңсік асы саналса, бүгінде оларды аулаларында асырап, қолға үйретіп пайда тауып жүргендер бар. Үкімет ауылшаруашылық саласының осы түріне көңіл бөліп, барлық жерде дамытуға қолайлы жағдайлар жасап, шағын несиелер беруде. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының «Бастау-Бизнес» жобасы арқылы оқып, грантқа қол жеткізгендер облыстың әр ауылында кездеседі.

Олар жаздай бөдене, қаз-үйрек бағып, күзде семіртіп сатады. Ал жұмыртқасы қосымша пайда. Ешкіні де көгендеп сауса, оның сүтіне сұраныс бар. Ал қоянның қуырдағы  жеңсік астың қатарында. Өткен жылы 241,5 тонна ешкі сүті, 6,5 тонна қоян еті, 3,2 миллион дана бөдене жұмыртқасы және 160,0 тонна құс еті өндірілген. Мұның барлығы да тағамдық құндылығымен қатар емдік қасиеттерге де ие екені дәлелденген. Бір жылда ешкі басы — 7,0, бөдене — 10,1, қоян 26,1 пайызға өскен. Былтыр дәстүрлі емес шаруашылықпен айналысатын 101 шаруашылық пен үй аулалары қосылған.

Қазіргі таңда облыста дәстүрлі емес бағыттағы шаруашылық бойынша барлығы 364 шаруашылық және үй аулалары бар. Биылғы жылға 70 дәстүрлі емес шаруашылықтар ашамыз деп жоспарлап отырмыз. Осы кәсіппен айналысатындар несие алу үшін қаржы институттарына құжаттарын рәсімдеп жатыр. Біз оларға әрқашан қолдау көрсетеміз, — дейді облыстық ауылшаруашылық басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембай.

Статистикаға қарап отырсақ, облыста дәстүрлі емес шаруашылықтардың қайсысында да өсім бар, демек өнім де бар. Ал, өсім мен өнім болған жерде пайда да болады.

Істің қыбын тапсаң, балық өсіріп баюға да болады. Оның дәлелі — облыста жасанды су айдынында немесе аквапоникада шабақтар өсіріп, оларды көбейтіп отырған шаруашылықтар бар.

«Парижская коммуна-XXI» ЖШС жылына 1,8 мың тонна жайын балығы өнімін өндіру үшін жабық жасанды су айдыны кешенін іске қосты. Оның жобалық құны —680,0 миллион теңге.

Қарғалы ауданының, Желтау селолық округінің тұрғыны кәсіпкер  А.Кофлер жасанды аквапоникада шабақтар өсіріп, «Бурановка» көліне жіберуде.

Құс өсірсең — қаз өсір!

Құсты қолға үйрету де оңай шаруа емес. Ол үшін асқан төзімділік керек. Бұл да мерзімдік кәсіп. Көктемде балапан күйінде алып, күзде сататындар көп.  Ал қыста уақытша қол үзеді. Өйткені тиімсіздеу. Ішіп-жемі өз-өзін ақтамайды екен. Қазір құс асыраушылар жұмыртқасын жинап қойып, балапан бастырып шығаруға дайындалып жатыр. Наурыз-мамыр айларында базарларда балапан саудасы қызады. Міне, сол кезде балапандардың бағасы өсіміне қарай 1000 теңгеден 2000 теңгеге дейін көтеріледі. Оны сатып алушылар жаздай бағады. Бірақ басынан мәпелеп өсіруді талап ететін құс баласын жіті қадағалап тұру керек. Қанаты қатқанша кез келген уақытта өліп кетеді. Тіпті бір түнде бірнешеуі тапалып қалуы мүмкін. Сондықтан бұл да тәуекелді іс.

Облыста бөденені бұлдап отырған 63 шаруа иесі бар. Ал 71 адам қаздан қаржы сауады.  Сорпасы тіл үйіретін үйректі үйірлеп бағып отырғандардың саны 100-ден асады.

Соңғы кезде тауықтың төресі броманы бағушылардың саны өсіп барады. Кәдімгі қазақы үй тауықтарынан үлкен, жұмыртқасы да ірілеу келетін тауықтың бұл тұқымы қолға оңай түспейді екен. Бір дана жұмыртқасының өзі 1000 теңге тұрады. Ал екі тауық, бір әтеш алсаңыз, 80 мың теңгеден жоғары төлейсіз. Неге қымбат деп отырған боларсыз. Нарықтағы бағасы солай. Бұл тауықтар Ресейден сатып алынады. Бұл тұқымның аса қымбат болуы — етінен бөлек жұмыртқасы емдік қасиеттерге ие. Мамығы қалың, жастық-көрпелердің де құнын асырады екен. Броманың бір айлық балапаны 1000 теңгеден басталса, екі айлығы 2000 теңге. Сөйтіп ай қосылған сайын 1000 теңгеден өсе береді. Броманың жұмыртқасын жергілікті тауықтар басып шығара алады. Ал өзі әрі кетсе бес-ақ балапан шығарады. Бұл тиімсіз. Сондықтан инкубатордан шығарған дұрыс. Ондағы жұмыртқалар 19-20 күнде балапан болып шығады.

Брома тауығының тұқымына байланысты бірнеше түрі бар. Егер жақсы тұқымның жұмыртқасы болса, жоғарыда айтқандай, әр данасын 1000 теңгеден бұлдайсыз. Бір тауыққа жақсылап күтім жасасаңыз, бір жылда кем дегенде 100 жұмыртқа аласыз. Егер сол жұмыртқаның бәрі 1000 теңгеден өтетін болса, пайдасын одан әрі өзіңіз есептей беріңіз…

Шалқар ауданының тумасы Жантұрсын Ділманов бала кезден үйрек, қаз, тауық, құстың жайын жетік біледі. Жақында ғана қолындағы брома тауығын сатып жіберген. Осы жаз қайта қолға алмақшы. Оның себебін өзі былай түсіндіреді.

Үй ауласындағы құс атаулының бәрін бағып көрдім. Алдағы уақытта қорамды жөндеп жылу кіргізіп, жарықтандырып, брома тауығын өсіргім келеді. Қазір оның жұмыртқасына деген сұраныс бар. Жергілікті тауықтың жұмыртқасы 30 теңге болса, оныкі 3 есе қымбат. Бірақ бейнеті де шаш-етектен. Балапандарын балаша бақпасаң айырыласың. Өзіміздің әлеуметтік желіде тобымыз бар. Бір-бірімізден жан-жақтағы бағаны бақылап, біліп отырамыз. Интернет желісінен қараймыз. Ұқсатқан адамға кәсіптің бұл түрі қызық әрі пайдасы бар, — дейді ол. Оның айтуынша ең тиімдісі қаз баққан оңай екен. Бап талғамайды, көп ауырмайды. Аса күтімді қажет етпейді. Не берсеңде тамақ талғамайды. Ал, күзде шетінен сойып жей бересің. Сатсаң 6000 теңгеге дейін құрайды. Еті мол, жұмыртқасы ірі, жүні жастық.

Балды балаға бер!

Соңғы жылдары қолға алына бастаған тың кәсіптердің бірі — баларасын бағу. Облыстың омарташылары жыл сайын тәжірибе жинап, бұл іске қызығушылық танытып келеді. Нәтижесі де көңіл көншітерлік. Өңірдегі 19 омарташы өткен жылы  32 тонна ара балын жинаған.

Мәртөк ауданы Родников селосының тұрғыны Сейітжаппар Науалов «Ақтөбе омарташылары» ауылшаруашылық кооперативінің мүшесі. Омарташылық кәсіппен 2014 жылдан бері айналысып келеді. Бастапқыда туыстарынан көріп, қыр-сырымен жақсылап танысқан ол өз алдына әрекет етуге бел байлады. Баларасын қалада өсіру қиын болғандықтан осы жазда омартасын ауылға көшірмекші. Өз ісімен қатар жаңадан үйренгісі келетіндерге көмектесуге әзір. Өйткені оның мақсаты — бұл кәсіпке қазақ жастарын көбірек тартып, баулу.

Бізде омарташылық кәсіп әлі де дұрыс дамымай тұр. Мүмкіндігіміз жетеді. Қазіргі кезде араның ұясын Өзбекстан мен Оңтүстік Қазақстаннан және Ресейден әкелеміз. Барлық омарташылар бірігіп, сол жаққа тапсырыс береміз. Өйткені ауылшаруашылық кооперативі арқылы сусбидия алу ыңғайлы. Бабын тапсаң, пайда бар. Өткен жылы 400 келідей бал алдым. Жаңадан бал өсірушілер алдымен жан-жақты танысуы керек. Бізде әлеуметтік желіде арнайы топ бар. Сол арқылы бір-бірімізбен сөйлесіп отырамыз. Жақында баларасына қатысты егжей-тегжейлі жазылған кітап алдырдым. Соны тауып оқыса…  Бұл отбасылық бизнес. Егер өзің ғана қызығушылық танытып, жолдасың немесе балаң қарсы болса, қоя тұрған жөн. Ол кезде шаруаңыз алға баспайды. Ара ерекше күтімді қажет ететін болғандықтан отбасылық қолдау болу керек, — деген ол өз тәжірибесінен көрген араның біз білмейтін біраз қызықты жайттарын айтып берді.

Араның балы адам денсаулығына мың да бір ем. Әсіресе, балаларға көп беру керек. Мұны жайдан-жай айтып отырған жоқпыз. Егер бал омартасын көрсеңіз 10-15 жәшікте араның ұясы болады. Кішкентай ғана тесігінен кіріп-шығып құжынап жүреді. Олар бес шақырымнан әрі барып гүлдерге қонады. Қайтып келіп өзінің ұясын дәл табады. Адаспайды. Міне, бал жеген баланың да есте сақтау қабілеті күшті болады. Олар жұмысты ұжым болып жасайды. Неғұрлым көп болса, табыс та мол. Әр ара бір шай қасық бал жинау үшін екі мың рет келіп, кетеді екен. Егер бос қайтқан ара болса ұяға кіргізбейді. Ортасынан атаман сайлайды. Ол дұрыс басқармаса, өлтіріп тастап екіншісін қояды. Бір қызығы, араның бал жинауы үшін алдымен барлаушылары барып біліп келеді. Бір бөлігі балаларын бағып, қалғандары бал жинауға кетеді. Аралар отбасылық тәртіпті қатаң сақтайды. Бір жері қисық болса, сол ұя быт-шыт болады екен. Ара бал жинап қана қоймай, өсімдіктерді ұрықтандырады. Олар қонған гүл болсын, шөп болсын, тез гүлдеп, көбейеді.

P.S. Сонымен, бүкіл шаруаны көзіміз үйренген төрт түлікке тіреп отыра бермей, басқа тірлікке де мойын бұруға болады екен. Онда да әншейін ермек емес, бала-шағаның қамы, отбасының әл-ауқатының артуын көздеп…

Ендеше, қолыңыздан келсе — сіз де қаз өсіріңіз, ешкі бағыңыз, балық аулап, баларасын көбейтіп көріңіз…

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button