Жаңалықтар

Көпбалалы аналар кәсіп ашты

Ырғыз ауданында жұмысы жоқ азаматтардың кәсіп ашып, тұрмысын жақсартуы үшін 576 отбасыға мемлекеттік атаулы көмек төленді. Қазір ауданда атаулы көмекті алып, кәсіп ашып отырған көпбалалы аналар бар. Соның бірі —  Мейрамгүл Өмірбекқызы.

Еңбектенемін деген  адамға мемлекет жақсы жағдай жасап отыр, оған ризамыз. Мен әлеуметтік көмек алғаннан кейін бес ешкі сатып алдым. Қазір саны жиырмаға жетті. Әлі де көбейткім келеді. Өзім сияқты үйде балаға күтім жасап, жұмыссыз жүрген замандастарыма үлгі болсам деймін. Бос отырмай еңбек қылсаң, береке болады, — дейді Мейрамгүл Өмірбекқызы.

Ырғыз ауылдық округінің тұрғыны, көпбалалы ана  Мереке Салманова да «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы»  аясында қаржы алып, кәсіп бастады.

Мереке 200 айлық есептік көрсеткіш, яғни 500 мың теңге грант алды.

—  Бес балам бар.  Өзім де, күйеуім де жұмыссызбыз. Бала-шағаны асырау үшін еңбектеніп жүрміз. «Еңбек» бағдарламасы бойынша конкурсқа қатысып, грант ұтып алдық. Қаржы қолға тиген соң газ-электрлі пеш, ұн араластырғыш секілді құрал-жабдықтар сатып алдым. Қазір үйден нан, бөлке, яғни ұннан жасалатын тағамдарды пісіріп сатамын. Сұраныс бар. Бағасы аса қымбат емес. Ұнның бағасына байланысты нанның да бағасы өзгеріп отырады. Болашақта осы кәсібімді жандандырып, кеңейткім келеді, — дейді Мереке Салманова.

Көпбалалы ана қайтарымсыз түрде берілген қаржының үлкен демеу, көмек болғанын айтады.

— Қиналып, жұмыссыз жүрген адамдарға бұл үлкен қолдау болды. Еңбек етемін деген адамға мемлекеттің көмек беретініне көзім жетті, — дейді Мереке.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button