Жаңалықтар

«М-Техсервис» компаниясы қызметкерлерінің жалақысын 33%-ға  көтерді

Биылғы 20 ақпанда «М-Техсервис» кәсіпорны қызметкерлерінің бригадасы жалақы көтеруді талап ете отырып, Темір ауданындағы Кеңқияқ кен орнында ауысымға шықпады.

Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов кен орнына барып, жұмысшылармен кездесті. Кездесуге сервистік компанияның басшылығы, еңбек инспекциясының өкілдері қатысты.

Қайрат Бекенов 2019 жылдың қазан айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «CNPC» басшылығымен кездесіп, қазақстандық жұмысшылардың жалақысын арттыруға, еңбекақы төлеу деңгейін шетелдік жұмысшылармен төленетін төлемдерге сәйкес келтіруге, сондай-ақ тауарлар мен қызметтерді сатып алудағы қазақстандық қамту үлесін арттыруға байланысты бірқатар міндеттер қойғанын еске салды. Осы тапсырманы орындау нәтижесінде аталған компания қызметкерлерінің жалақысы 33%-ға өсті.

«Сервистік компаниялардың табысы тек мұнай өндіруге ғана емес, көрсетілетін қызметтер көлеміне де байланысты болғандықтан, облыс әкімі «CNPC- Ақтөбемұнайгаз» АҚ басшылығымен сервистік компаниялардың қызметтеріне тарифтерді арттыруға қатысты келіссөздер жүргізді.

Оңдасын Оразалиннің ұсынысы қолдау  тауып, 2020 жылдың 1 наурызынан бастап тарифтердің құны 10%-ға ұлғаяды. Өз кезегінде тарифтердің өсуі  «М-Техсервис» сервистік компаниясы қызметкерлерінің жалақысын көтеру мәселесін шешуге мүмкіндік берді.

Кездесу барысында Пекиндегі «М-Техсервис» бас офисімен келіссөздер нәтижесінде вахталық әдіспен жұмыс істейтін және күрделі жұмыста жұмыс істейтін барлық қызметкерлердің жалақысын 33%-ға, басшы және әкімшілік қызметкерлердің жалақысын 15%-ға көтеру туралы шешім қабылданды», — деді облыс әкімінің орынбасары.

Сондай-ақ, Қайрат Бекенов облыс басшылығына жұмысшылардың киім-кешек, тамақтану сапасына қатысты басқа да өзекті мәселелер белгілі екенін айтты. Олар кәсіподақпен және кәсіпорын басшылығымен бірлесіп ұжымдық шартқа қол қою шеңберінде шешілетіндігін жеткізді.

Облыс әкімінің орынбасары шетелдік жұмыс күшін тартуда, оларды жергілікті кадрларға біртіндеп ауыстыруға, мамандарды оқыту мен қайта оқытуға қатысты қатаң бақылаудың қажеттігін еске салды.

Компания директорының міндетін атқарушы Ван  Илинь облыс басшылығына қызмет көрсету тарифтерін көтеру мәселесін шешкені үшін ризашылығын білдіріп, бригадаға қатысты қандай да бір жазалау шаралары қолданылмайтындығына уәде берді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button