Жаңалықтар

Қобда ауданы: төрт бағыт және отыз мың турист

Туризм

Қобда — облыста туризм саласының дамуына өзіндік лайықты үлесін қосып отырған ауданның бірі. Мәселен, тек өткен жылдың өзінде ғана батырлар мекеніне 30 мыңнан астам саяхатшы келіпті.  Олардың арасында Ресей мен Қытайдан өзге, Германия, Канада, Шотландия, тіпті Франция елдерінен келген шетелдік азаматтар  бар.

Бүгінде аудан бойынша тарихи маңызы бар 4 орынға туристік маршрут жасақталған. Атап айтар болсақ, олар: Абат-Байтақ кесенесі, Қобыланды батыр мемориалдық кешені, ұлт-азаттық  көтерілісінің қолбасшысы Исатай Тайманұлының кесенесі және «Әлия» патриоттық тәрбие беру облыстық орталығы.

 Димаштың жанкүйерлерін таңдай қақтырған кесене

Қобда ауданының Талдысай ауылынан оңтүстікке қарай 12 шақырым жердегі Қобда өзенінің аңғарында орналасқан Абат-Байтақ қорымы XIV ғасырдың соңы мен  XV ғасырдың бас кезінде салынған сәулет өнері ескерткіші. Аудандық кәсіпкерлік бөлімі берген мәліметке сүйенсек,  Абат-Байтаққа өткен жылы екі мыңнан астам турист келіпті.

Абат-Байтақ  — аналогиялық құрылысы жағынан Қазақстандағы бірегей ескерткіштердің  бірі. Қазақ кесенелерінің жіктелуіне сәйкес, бұл кесене портал-күмбез құрылыстарына, екі қабатты жабынымен «шатырлы кесенелерге» жатады. Портал-шатырдың осындай ескерткіштері тек Ресейде және Башқұртстан Республикасында ғана бар делінген Ақтөбе облысының туристерге арналған сайтында.

Негізгі тұрқы 4 бұрышты кесененің үстінде 11 қырлы тұғырға орнатылған шошақ күмбез бар. Ел аузында айтылып жүргендей, бұл кесене атақты Асан қайғының ұлы Абат батырға арнап тұрғызылған. Бастапқы биіктігі — 16 метр, ал сақталған биіктігі — 14,5 метр. Өңделмеген кірпіштен қаланып, ішкі жағы балшықпен сыланған, сыртқы жағы күйдірілген кірпішпен қапталған.

Абат-Байтақ кесенесі туралы алғаш рет XVIII ғасырда подпоручик және инженер Ригельман айтқан екен. Ригельманның және тарихшы П.И.Рычковтың деректерінде кесене «Байтан» деп аталады. Толық түрде ескерткішті  Я.Я.Полферовтың Орынбор ғылыми архиві комиссиясының мүшелері мен ғалым Жозеф Кастанье суреттеген.

Кейін ескерткіш біржола қиратылып, ғылыми зерттеулер үшін мәңгі жоғалған кейіпте болған деседі. Тек 1980 жылдардың бас жағында Қазақстанның Мәдениет министрінің экспедициясы аясында археолог Серік Әжіғалиев іс жүзінде оны қайтадан ашқан. 1982 жылы зират мемлекеттік маңызы бар тарих пен мәдениет ескерткіштерінің қатарына енгізіліп, мемлекет оны өз қорғауына алған.

Зерттеулерден кейін Абат-Байтақ кесенесін қайта жаңғырту жұмыстары басталып,  «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша мемлекеттік бюджеттен қаражат бөлінген.

Кесенеге жақын жерде Абат-Байтақ кесенесі тәріздес етіп XVIII ғасырдың соңында күйдірілмеген кірпіштен салынған тағы бір кесене бар. Халық аузында ол ескерткіш «Қыз моласы» немесе «Кыз әулие» деп аталады. Абат-Байтаққа келген адам «Қыз әулиеге» соқпай кетпейді.

Аудандық музей қызметкері, экскурсия жүргізуші Қонысбай Шәкеновтің айтуынша, кесенеге келушілер саны жыл санап көбейіп келеді.

— Мәселен, тек өткен жылдың өзінде  Абат-Байтақ кесенесін көруге екі мыңнан астам саяхатшы келді. Келушілердің араларында Шотландия, Ресей, Қытай, Франция елінің азаматтары бар. Саяхаттаушылардың дені — жерлесіміз Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлері. Сондай-ақ облыстың Мәртөк, Алға, Хромтау мен Әйтеке би секілді аудандарынан келген азаматтармен қатар мектеп оқушылары да жетерлік.

Киелі жерге саяхаттаудан өзге, тілек тілеп, Құран бағыштап, бабаның басына түнеуге келетін отбасылар да бар. Көптен бала сүйе алмай жүрген қыз-келіншектер «Қыз әулиеге» келіп дұға жасайды, — дейді.

Бірнеше жылдан бері киелі орында экскурсия жүргізіп келе жатқан Қонысбек Шәкенов кесенеге келушілердің саны  жаз айларында көбейетіндігін айтады. Ал қыс мезгілінде жолды қиынсынатын болса керек, кесенені көрушілер легі біршама азаяды екен.

Аудандық кәсіпкерлік бөлімі берген мәліметке сүйенсек,  Абат-Байтақ кесенесіне дейінгі 12 шақырым жолдың құрылысына жобалық-сметалық құжаттама 2017 жылы дайындалып қойған. Бүгінгі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары бойынша бюджеттік өтінім жолданыпты. Құрылыс жұмыстары 2019-2021 жылдарға жоспарланған.

 «Қобыланды батыр»  400-ге жуық шетелдік туристі  қабылдады

Батырлар жырының басты кейіпкерінің бірі Қобыланды батырдың кесенесі Қобданың Жиренқопа ауылында жатқаны көпке аян. 2019 жылы батырдың мемориалдық кешеніне 10 мыңнан астам саяхатшы келіпті. Оның 400-ге жуығы — шетел азаматтары.

2007 жылы тұсаукесері республика көлемінде аталып өткен «Қобыланды батыр» мемориалдық кешені бүгінгі таңда туристерге жоғары деңгейде қызмет көрсетіп тұрған орындардың бірі. Мемориалдық кешен Қобыланды батырдың сүйегі қайта жерленген мавзолейден, Даңқ залынан және белгі тастардан тұрады. Төбесінен қарағанда кешен қалқанның үстіне қойылған батырдың дулығасына және жанында жатқан садаққа ұқсайды.

Қабырғасы Ресейде жасалған күйдірілген қызыл кірпіштен салынған мавзолейдің жалпы биіктігі – 17,5 метр, ал диаметрі – 16,0 метр. Сыртқы жалпы диаметрі – 78,0 метр. Кешеннің екінші бөлігі, мавзолейдің батыс бөлігіндегі жалпы аумағы – 447,0 шаршы метр.  Кешенде Қобыланды батырдың қайрақ тасы, сүйегі қайта жерленгенде орнатылған тас белгілер орналасқан. Кешен Жиренқопа ауылының шығысындағы Ұлы Қобда өзенінің бойындағы жалпы аумағы 2,06 гектар жерді алып жатыр.

Өзге елден келген саяхатшыларды таңдай қақтырып, өз еліміздің патриоттық сана-сезімін нығайтуға өзіндік септігін тигізіп тұрған мемориалды кешенде бүгінде 12 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Қобыланды батыр — ұлттың батыры. Эпостарда және аңыздарда әдетте «Қарақыпшақ Қобыланды» деп аталады. Қобыланды батыр жырының  29 нұсқасы бар деседі. Ең кең таралған нұсқасы – Марабай жырлауындағы нұсқа.

Саяхатшылар «Исатайға» соқпай кетпейді

Асқақ рухты  ақын Махамбет аға тұтып, жырына қосқан батыр Исатай Тайманұлы Ақтөбе облысының Қобда ауданында мәңгілік тыныстаған. Тарихи деректерге сүйенген ғалымдар батырдың сүйегі Шейітсай деген жерде жерленген деген тоқтамға келіп, нәтижесінде 2014 жылы сегіз қырлы кесене тұрғызылған болатын.

Халықтың азаттығы мен еркіндігі жолында жанын құрбан еткен Исатайға бір уыс  топырақтың батырлар мекені аталып кеткен Қобда жерінен бұйыруы киелі жердің ерлігін бекемдеп тастағаны рас. Биіктігі — 11, 5 метр, ал аумағы 68 шаршы метр болатын сегіз қырлы кесенені маңғыстаулық сәулетшілер тұрғызған.

Күмбезді ғимараттың құрылысына бірнеше жылдан бері мазар, кесене салумен айналысып жүрген  маңғыстаулық сәулетші Нұрсұлтан Имашев жетекшілік жасаған. Кесене бұған дейінгі Исатай Тайманұлының аты жазылған құлпытасты бұзбай, оны ортаға қалдырып, бой көтерген. Ғимараттың маңдайына Исатай деп жазылыпты. Кесененің қабырғалары қазақи нақышта өрнектелген. Батырдың басына зиярат етем деушілер Қобда ауылын Орал қаласымен жалғайтын күре жолмен 80 шақырым шамасында, содан кейін солға қарай жайдақ жолмен 10 шақырым жер жүргеннен кейін алыстан мұнартқан кесенеге кезігеді.

Кесене ішінде Исатай Таймановтың суреті бейнеленіп, батыр мен оның ұлы Оспанның өмірі жазылған. Кесене қабырғаларындағы Махамбет өлеңдерінен үзінділер жазылған.

Ауданның туризм саласына жауапты кәсіпкерлік бөлімінің мамандары бүгінгі күнге дейін Исатайдың кесенесіне қанша адам келгендігі туралы ақпарат жоғын, дегенмен батырлар мекенінің шежіресі қызықтыратын саяхаттаушылардың аталған орынға міндетті түрде соғып кететіндігін айтады.

 Әлияның ауылын көргісі келетіндер саны  көбейген

Қобда — қысқа ғана ғұмырында қайталанбас ерліктің үлгісін жасап, өшпес із қалдырып кеткен Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың туған жері.

Бүгінде батырдың кіндік қаны тамған Бұлақ ауылында және Әлия ауылында мерген қызға арналған арнайы ескерткіш бой көтерген. Бұдан өзге 2005 жылы Әлияның 80 жылдық мерейтойы қарсаңында «Әлия» патриоттық тәрбие беру облыстық орталығы ашылды. Ақтөбе қаласынан 70 шақырым жерде жатқан батыр қыздың елі Әлия ауылында орналасқан патриоттық орталықта мәдени-спорттық шаралар өткізуге және жастардың демалуына толық жағдай жасалған. Қобда өңіріне ат басын бұрған саяхатшылар міндетті түрде соғатын тәрбие беру орнына өткен жылы 12 мыңнан астам саяхатшы келіпті.

Орталық Ресей Федерациясындағы Ә.Молдағұлова атындағы Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларындағы және Псков облысындағы мектептердегі музейлермен тығыз байланыста жұмыс жасайды.

Семинар, байқау, жастар форумы, туристік слеттермен қатар, дәстүрлі түрде батырдың туған және қайтыс болған күніне орай түрлі шаралар ұйымдастырылып тұрады. Патриоттық орталық жанында  «Балауса» қыздар клубы мен «Жас ұлан» ұлдар клубы жұмыс жасайды.

Айта кетейік, республикалық маңызы бар «Самара-Шымкент» автожолының бойында орналасқан Әлия ауылында 1000-нан астам тұрғын бар. 25 шаруа қожалығы мен 27 жеке кәсіпкер тіркелген ауылдың ауылішілік жолдары толықтай асфальтталып, орталық көшелері жарықтандырылған. Ауыл 2011 жылы су құбырымен, 2014 жылы көгілдір отынмен қамтамасыз етілген.

Батыр қыздың 95 жылдық тойына орай жол жөндеу жұмыстарына 1 млрд 252 млн теңге көлемінде қаражат бөлінген. Бүгінгі күні бөлінген қаржының 700 миллионы игеріліп,  Әлияның туған ауылы Бұлақтағы жол күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр. Сонымен қатар, биыл Әлия ауылындағы мектеп ғимаратына да жөндеу жұмыстары жасалмақ. Оған аудандық бюджеттен 17 миллион теңге көлемінде қаражат бөлінген.

Р. S. Таңдай қақтырар талай жәдігері бар қобдалықтар киелі мекенге туристердің көптеп келуі үшін барынша жағдай жасап жатыр. Бүгінгі таңда туристерге қолжетімді ақпарат ұсыну  мақсатында аталған орындардың мобильді қосымшасын іске асыру үшін облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына ұсыныс жолданған.

Сондай-ақ жол бойындағы қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында өткен жылы 2 кемпинг іске қосылды. Бүгінгі таңда Қобда ауданы аумағындағы жол бойында 6 кемпинг, 8 кафе мен 3 мейрмахана, 4 жанар-жағармай және 4 газ құю бекеттері жұмыс жасайды. 

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button