Тарих

Әл-Фараби әлемі: жеті дерек

Түрік әлемінен шыққан ең атақты ғұлама, «әлемнің екінші ұстазы», «Шығыстың Аристотелі» атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің туғанына биыл 1150 жыл толады. Бұл мерейтойды елімізде кең көлемде атап өту көзделіп, бүгінде кең-байтақ Қазақстанның түкпір-түкпірінде әр күн сайын алуан шаралар ұйымдастырылып жатыр. Осы мерейтой аясында ғұламаның туған жері — Түркістан облысындағы Отырар қаласын туристік кластер ретінде қайта қалпына келтіруге арналған іс-шаралар жүзеге асырылатын болады. Әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО аясында халықаралық деңгейде де атап өтіледі.

Оқырмандарымызға әл-Фарабидің өмірі мен еңбектері, сондай-ақ фарабитанушыларға қатысты деректер ұсынып отырмыз:

33 әл-Фараби

Әбу Насыр әл-Фараби 870 жылы Арыс өзенінің Сырға барып құяр сағасы маңындағы Отырар қаласында дүниеге келген. Араб деректерінде Отырар Фараб аталған, яғни әл-Фараби —  «Фарабтан шыққан» дегенді білдіреді. ІХ ғасырда Отырар сауда жолдары торабындағы аса ірі мәдениет орталығы болды.

Белгілі шығыстанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Әбсаттар Дербісәлі атап көрсеткендей, бүгінде тегі «әл-Фараби» боп жазылған ортағасырлық 33 ғұламаның есімі анықталған.

Осы салада 40 жылға жуық зерттеу жүргізген ғалымның айтуынша, Х-XIV ғасырлар аралығында Отырардан шыққан ғұламалардың барлығының тегі әл-Фараби аталған. Олардың ішінде ең атақтысы — Әбу Насыр әл-Фараби. Дегенмен басқаларын да осал көруге болмайды. Профессор Әбсаттар Дербісәліге жеткен дерек бойынша, Мұхаммед Абдолла әл-Фараби есімді ғұламаның кітабы Американың Принстон университетінің кітапханасында  сақтаулы көрінеді. Ол логика саласының маманы болған.

Зерттеушілердің айтуынша, Әбу Насыр әл-Фараби алдымен өз туған жерінде сауат ашып, кейіннен Шаш (Ташкент), Самарқан, Бұхара қалаларында оқыған. Ілім-білім жолындағы сапарын одан әрі Бағдатта жалғастырған. Ол кезде Бағдат  Араб халифатының астанасы болса, ал халифатты басқарған Аббас әулетінің уәзірлері арасында Фараб қаласынан шыққан тұлғалар болған.

Сонымен қатар әл-Фараби Каир, Дамаск, Шығыстың басқа да белгілі қалаларында болған. Шамамен 950 жылы Дамаск қаласында көз жұмды.

Толық аты-жөнін білесіз бе?

Әлемге Әбу Насыр әл-Фараби ретінде танылған ғұламаның толық аты-жөні — Әбу Насыр Мұхаммед ибн Мұхаммед Тархан ибн Ұзлақ әл-Фараби ат-Түрки.

Орта ғасырлардағы араб ғалымдары (ибн-Хаукал, ибн-Халлликан, т.б.) жазып қалдырған әл-Фарабидің толық аты-жөнінде арғы аталары есімдерінің түркі тілінде (Тархан, Ұзлақ) болуын алға тартып, зерттеушілер оны түркі текті деп санайды.

«Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары»

Әл-Фараби философия мен логика, саясат пен этика, музыка мен астрономия, медицина және басқа, жалпы алғанда, ғылымның оннан астам саласы бойынша көптеген еңбектер қалдырған. Оның еңбектерінің саны әртүрлі дереккөздерде әрқалай көрсетіледі, дегенмен 150-ден кем еместігі атап көрсетіледі. Отандық фарабитанудың бастауындағы тұлғалардың бірі, геология-минерология ғылымдарының докторы, профессор Ақжан Машанов әл-Фарабидің шашырап жатқан мұраларын жинастыру мақсатында, 1958 жылдан бастап Еуропа және араб елдеріндегі ең ірі кітапханаларға хат жолдай жүріп, оның 160 еңбегінің библиографиялық деректерін тапты. Бірақ біздің заманымызға оның еңбектерінің басым бөлігінің тек аты ғана жеткен.

Әл-Фараби бабамыздың туындылары ішіндегі ең әйгілісі — «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» атты трактаты. Бұл еңбек қолжазба күйінде Британия музейінде, Оксфорд университетінің Бодли кітапханасы қорында сақталған, Еуропада ол алғаш рет Нидерландтың Лейден қаласында 1895 жылы басылған. Сондай-ақ, еңбектің көне нұсқасы Стамбулдағы Сүлеймения кітапханасында сақталған, араб елдерінде де бірнеше мәрте жарыққа шыққан.

ХХ ғасырдағы Мысыр ойшылы Аббас Махмуд әл-Аққад бұл трактат жөнінде: «Әл-Фараби… биліктің ең идеалды түрін елестетіп, оның жүзеге асуы үшін қажетті этикалық нормалар, саяси принциптерді белгілеген. Билеуші мен қол астындағылардың мақсаттарын нақты түрде айқындаған. Жамандық пен азғындық жайлаған қоғамды қатты сынаған. Айналып келгенде, мұның бәрі әл-Фарабидің кемеңгерлік деңгейі мен пікірінің еркін екендігін дәлелдейді», — деп жазған.

Әбу Насыр әл-Фарабидің ғылымға қосқан үлесінің тағы бір бөлігі — Аристотельдің көптеген еңбектеріне жазған түсініктемелері. Әбу Әли ибн Синаның өзі бір естелігінде Аристотельдің «Метафизика» атты еңбегін қырық рет оқып шығып, жаттап алғанын, бірақ сонда да ештеңе түсінбегенін, ақыры әл-Фарабидің «Метафизика» кітабының мақсаты жайында жазған шығармасын оқып барып қана, сырына бойлағанын айтқан екен.

Қазақ ғалымының ерлігі

Геология-минерология ғылымдарының докторы, профессор Ақжан Машанов — қазақты әл-Фарабимен қайта табыстыру жолында өлшеусіз еңбек сіңірген тұлға. 1961 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясы хабаршысының 5-санына оның «Әл-Фараби және мұралары» атты мақаласы шығады. Оған дейін әлем әл-Фарабиді білгенмен, қазақ топырағынан шыққаны жайлы ештеңе айтылмай келген. Әрине, қазақты біржола «жабайылық» түнегіне жіберіп, халқымыздың оқу-білімге, мәдениетке қандай да бір қатысы барын мойындамауға тырысып баққан Мәскеу мұны тіпті де ұната қоймаған. Ақжан Машанов өзінің «қара тізімге» енгеніне қарамастан, ұлы ғұламаға қатысты зерттеулерін жалғастыра берді. Оған сол кездегі қазақ ғалымдары, республикалық Ғылым академиясының басшылары, сонымен қатар бауырлас өзбектер де (ІХ ғасырда туған әл-Фараби барша түркіге ортақ перзент саналатыны түсінікті) қолдау көрсеткен. Сирияның Дамаск қаласындағы әл-Фарабидің жерленген зиратын тапқан да Ақжан Машанов еді.

Ақжан Машановтың әл-Фараби мұрасын зерттей жүріп жазған бірнеше кітабы, монографиялық еңбектерінен бөлек, «Фараби» атты тарихи романы (1970 жыл) да бар. Сондай-ақ, Әлкей Марғұлан, Ағын Қасымжанов, Рахманқұл Бердібай, Әбсаттар Дербісәлі, т.б. қазақ ғалымдары фарабитануға өз үлестерін қосты. Ал жазушы Әнуар Әлімжановтың «Ұстаздың оралуы» романын (1979 жыл) қазақ оқырмандары үлкен ықыласпен қабылдады.

Он бір ғасырдан кейінгі қауышу

Қазақ ғалымдарының әл-Фараби тұлғасы мен мұрасын зерттеуге арналған өткен ғасырдың 50-60 жылдарындағы еңбектері текке кеткен жоқ. 1971 жылы Мәскеуде өткен ЮНЕСКО-ның 13-конгресі аясындағы жиында әл-Фарабидің 1100 жылдық мерейтойына арналған халықаралық ғылыми конференцияны оның туған топырағы ретінде Қазақстанда өткізу туралы қаулы қабылданған. Бұл жиын 1975 жылы республика астанасы Алматыда өткен. Ұлы ғұламаның қазақ топырағының перзенті екенін әлем осылай мойындады. Сол кездегі республика Ғылым академиясының президенті Асқар Қонаев «Социалистік Қазақстан» газетіне: «Алматыда Әбу Насыр әл-Фарабидің туғанына 1100 жыл толуы құрметіндегі Халықаралық мерекелік ғылыми конфе­­ренция басталады. Қазақ топырағында жаралып, әлем ғылы­мының аспанында жұлдыздай жарқыраған шалқар ойлы ғұлама ғалым жерлесімен халқымыз араға он бір ғасыр салып қайта қауышып отыр», — деп жазыпты.

Қазіргі күні Түркістан облысының Отырар ауданында әр бес жыл сайын республикалық ғылыми конференция ұйымдастырылып, әл-Фараби мұрасын зерттеу мен насихаттау мәселелері кеңінен талқыланады.

1991 жылы Қазақстандағы тұңғыш университет, бұрын большевик С.Кировтың атын иеленіп келген Қазақ Ұлттық университетіне Әбу Насыр әл-Фарабидің есімі берілді. Бүгінде бұл оқу орнында «Әл-Фараби және қазақ халқының рухани мұрасы» атты ғылыми-зерттеу орталығы, әл-Фараби музейі бар.

Құрметтеуші де, таласушы да бар…

Бүкіл ғұмыры араб елінде өткен әл-Фарабиді ислам елдері араб ғалымы ретінде құрметтейді, сонымен қатар оның арғы тегі қыпшақ даласынан екенін де мойындайды. Жуырда Алматыда әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойына орай өткен жиынға қатысқан саударабиялық ғалым Насыр Мұхаммед әл-Ақили өз университеттерінде әл-Фараби факультеті бар екенін айтты. Сондай-ақ, Дамаск қаласында әл-Фараби көшесі де бар.

Әл-Фарабидің қыпшақ даласынан шыққаны тарихи деректер арқылы айтылып отырғанына қарамастан, Иран елі оны өздерінен шыққан, парсы тектес деп санайды.

Ислам әлемінің алыбы

Кеңестік заманда әл-Фарабиді діннен тыс ғалым ретінде ғана насихаттауға рұқсат берілген. Жоғарыда айтылған Мәскеуде өткен ЮНЕСКО-ның 13-конгресі аясындағы жиында өзбек ғалымдары әл-Фарабидің мерейтойын Ташкентте өткізу жөнінде шешім қабылдатуға жандарын салып, олай болған күнде ғұламаның еңбектерін «материалистік тұрғыдан зерттер едік» дегенді алға тартады. Бұған жиынды басқарып отырған Египет ғалымы қарсы болған. Бұл жөнінде журналист Марфуға Шапиян өзінің «Ақжан Машани әл-Фарабиді қазаққа қалай қайтарды?» атты мақаласында баяндайды: «Мәжілісті басқарушы Египет ғалымы столды қойып-қойып қалып, орнынан атып тұрып: «Ислам ғылымының алыбын біз марксизмге жүндетуге бере алмаймыз», — дейді»…

Сондай-ақ, кейбір деректерде әл-Фарабидің қажылық етуге ниеттенгені жөнінде де айтылған.

БАҚ материалдары бойынша әзірленді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button