Мәдениет

Сағи Жиенбаев атындағы оқу залы ашылды

С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Сағи Жиенбаев оқу залының ашылу рәсімі өтті.

Шараға зиялы қауым өкілдері, мәдениет саласының қызметкерлері, студенттер қатысты.

Оқу залына ақынның кітаптары мен тұтынған бұйымдары, жеке мұрағатынан алынған суреттер жасақталған. Сондай-ақ оқырман танымын кеңейтетін ақын жайлы ақпараттар топтастырылған.

— Өткен жылдың соңында облыс әкімдігінің және облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен Сағи Жиенбаевтың Алматы қаласындағы үйінен жеке кітапханасын көшіріп алып келдік. Оқу залына ақынның мың данадан тұратын кітаптары, сонымен қатар біздің кітапхана қызметкерлерінің Сағи Жиенбаев туралы жинақтаған барлық деректері қойылды. Мұндағы мақсат — ақынның атын насихаттай отырып, жастардың әдебиетке деген қызығушылығын,  ынтасын арттыру. Бұл жалпы филология факультетінде оқитын студенттерге, Байғанин өңірі туралы ізденушілерге қолжетімді болмақ, — дейді аталған кітапхананың директоры Гүлжайнар Қалдина.

Шара барысында С.Жиенбаевтың ұстазы Ниетжан Беріков, ақын, «Адырна» республикалық журналының бас редакторы Мейірхан Ақдәулетұлы, ардагер журналист Кәдірбай Бекмағамбетов, т.б ақынның өмірі мен шығармашылығы жөнінде кеңінен әңгімеледі.

— Сағи Жиенбаев атындағы кітапханаға ақынның үйіндегі жеке кітаптарының берілуі — үлкен өнегелі іс. Адамды адам қылатын тек қана білім мен әдеби кітаптар арқылы келетін білік. Соңғы жылдары кітапханалардың оқырмандары көбейіп келеді. Сағидың кітапханасы өте мазмұнды. Бүгін кітапхана қоры құнды кітаптармен толыға түсті деп ойлаймын, — деді ақын Мейірхан Ақдәулетұлы өз сөзінде.

Сонымен қатар шара барысында «Әбіш оқулары» республикалық байқауының жүлдегері Қазина Нұртазина, Ақтөбе гуманитарлық колледжінің оқушылары Гүлбану Сағынғалиева, Мейрамгүл Есенгелдиева, Ләззат Төлеген және Нұрбақыт Тәжібаевалар ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқыды.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button