Басты жаңалықтар

Қолынан іс келмейтін компаниямен қоштасуға тура келеді

Облыс әкімі мемлекеттік сатып алу конкурсыннан құжаттарын тап-тұйнақтай ғып өткізіп алып, енді сылтау айтатын мекемелердің қызметін алаяқтардың әрекетіне теңеді

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин қысқы мезгілде қар күреуді  өз міндеттеріне алған мердігер мекемелердің басшыларымен жиын өткізді. Оған қала әкімі Мавр Абдуллин, қаланың Астана, Алматы аудандарының әкімдері мен мердігер компанияның басшылары қатысты.

«Мен көп нәрсеге түсіністік танытып келдім, бірақ сіздердің салғырт жұмыстарыңыздың кесірінен тұрғындар зардап шегіп отыр. Үйілген қар мен көк тайғақтың салдарынан азаматтар жарақаттанып, балалар мектепке жете алмай жүр, тұрғындардың шағымы көбейді», — деді облыс әкімі.

Қала көшелерін тазалаумен  «Автолайн» ЖШС,  «Табыс Ел» ЖШС, «Бошан Транс Авто» ЖШС, «Ерхат жолдары» ЖШС, «Коквест» ЖШС, «Барлық Құрылыс» ЖШС,  «3Q Universal» және «Financial World» ЖШС — сегіз компания айналысады. Олар  жалпы көлемі 5,5 млн шаршы метр болатын 711 көшені қардан тазарту қажет болатын.

Дегенмен қыс басталғалы мердігерлердің атқарған жұмыстарына деген  арыз-шағымдар толастамаған. Аталған компания өкілдері жұмыскерлер санының аздығын, техникалардың жетіспеушілігін айтып ақталды.

Облыс басшысы олардың кезінде мемлекеттік сатып алу конкурсынан өткенде құжаттары  барлық талаптарға сай болғандығын  атап өтіп,  бөлінген қаражатты қалталарына басқан мердігерлердің енді ілініп-салынып жүріп жұмыс істейтінін  қатаң сынға алды.

— Өкінішке қарай, жұмыстарыңыз көңілден шықпай тұр. Қолдарыңнан келмесе,  көтере алмайтын  шоқпарды белге байлап нелеріңіз бар?  Мұны алаяқтық әрекетпен теңеуге болады. Қылмыс,  алаяқтық жасағандар заң алдында жауап беруі тиіс. Халықтан алғыс емес, керісінше,  жаман сөздер естумен болған компаниялармен осы кезден бастап қоштасуға тура келеді, — деп атап өтті облыс басшысы.

Қала әкіміне алдағы мемлекеттік сатып алуға қатысатын мердігер мекемелерге талапты күшейтуді тапсырды. Яғни келісімшартта тазаланатын аумақтар нақты көрсетіліп, толық қамтылуы қажет. Облыс әкімі қыста қардан, жазда қоқыстан тазарту жұмыстарын да жүйелендіру керектігін айтты.

Облыс әкімі бұған дейін де қала көшелерін бірнеше рет аралап,  мердігер мекемелердің басшыларына ескертулер жасаған болатын.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button