Жаңалықтар

Ұлдар ұлықты, қыздар қылықты болуы үшін…

Сәрсенбі күні Ақтөбе қаласындағы А.Досжанова атындағы конференц-холда өңірімізге жұмыс сапарымен келген ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жанынан құрылған республикалық ақпараттық-ағартушылық штабтың жетекшісі Ырза Тұрсынзада мен жоғарыда аталған агенттіктің ресми өкілі Арман Бердалин студенттермен кездесті.

Мақсат — жоғары оқу орнында оқитын жігіттер мен қыздар арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, пара беру һәм алу жақсылыққа апармайтынын түсіндіру.

Бірінші боп сөз алған арнаулы штабтың жетекшісі, белгілі қолөнер шебері Ырза Тұрсынзада кез келген тәлім-тәрбиенің бастауында алдымен қыз-келіншектердің тұрғанын, олар өздеріне бірінші кезекте болашақ ана ретінде қарау керектігін атап өтті. Оның ойынша, қыздары ибалы, парасатты, ақылды халық ешқашан жамандыққа тап болмайды.

— Қыздар, сіздердің ар-намыстарыңыз биік болса, қасыңызда жүрген ер-азаматтар да соған сай болады. Сіздер — көпшілікке үлгісіздер. Қай кезде де соны ұмытпай, әрқашан тек жақсы қырларыңызды көрсетіңіздер.

Ер адамдар елге қызмет етсе, сіздер отбасының ұйытқысы бола білулерің керек. «Отан отбасынан басталады» демекші, бәрінің үйдегі тыныс-тіршілікке байланысты екенін естен шығармаңыздар. Ол үшін әуелі жақсы оқу керек. Пара сұраса, бермеңіздер, үнсіз қалмаңыздар. Сіздерді қорғайтын тараптар бар. Әділетті, ашық қоғам ғана дамитынын қаперлеріңізге саламын, — деді Ырза Тұрсынзада.

Ал Арман Бердалин Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен келгеніне қуанышты екенін, бұл өңірдің бәсі қай жағынан да бұрыннан-ақ жоғары екенін жеткізді. Кейінгі ұрпақтың да кезінде мықты ақтөбеліктер салып кеткен сара жолды  жалғастыруы керектігін, оларға зор үміт артатынын білдірді ол.

Айта кетейік, мұндай кездесулер мемлекеттік қызметкерлер, полицейлер мен спортшылар арасында да өтпек. Сондай-ақ, елордадан келген делегация Қобда ауданының жастарымен кездескелі отыр.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button