Денсаулық

Жүректің ишемиялық ауруы және ем-дом

Өткен ғасырдың екінші жартысынан бастап халық денсаулығына төнген қауіптердің бірі — жүрек-қан тамыры жүйесі ауруларының көбейе әрі «жасара» түсуі. Бұл сырқаттар бүгінгі ересектер арасындағы науқастанудың, мүгедектіктің және өлім-жітімнің негізгі себепшісі болып отыр.

Дегенмен жүрек қан-тамыр ауруларының алдын алуға болады. Мұндай жұмыстардың жетістігі тек дәрігерлерге ғана емес, сонымен бірге халықтың өзіне де, яғни олардың салауатты өмір салтын ұстана білуіне де байланысты.

Жүректің ишемиялық ауруының негізі болып табылатын атеросклероз адамның балалық шағынан-ақ дами бастап, ұзақ уақыт бойы симптомсыз жүретіні белгілі болды. Атеросклероз және жүректің коронарлық қан тамырлары қызметтерінің жетімсіздігі салдарынан жүрек ишемиясы мен миокард инфаркті дейтін аурулар пайда болады. Жүрек ағзадағы жалғыз, яғни сыңары жоқ органдар қатарына жатады.

Ишемиялық аурудың алғашқы белгілерінің бірі — жүректің ұстамалы түрде қысылуы. Жүрек-қан тамырлары ауруларының ішіндегі ең күрделісі және қауіптісі миокард инфарктісі болып табылады.

Ишемия — ағзалардың қанмен және оттегімен қамтамасыз етілуінің бұзылуы, яғни тұншығуы деген сөз. Организмдегі қан айналыс жүйесінің ішінде жүрек өмір бойы тынбастан жұмыс істейтін орган. Оның бұлшық еттері үздіксіз ырғақпен жиырылады.

Бұл ауруға шалдыққанда негізінен жүрек тұсы қатты шаншып ауыратындықтан сырқат адам дәрігерге келуге мәжбүр болады. Стенокардия кезінде ауру көбінесе кеуденің сол жағына, жүректің тұсына беріледі, кейде ауру жұтқыншаққа беріліп, асқазан тұсында пайда болады.

Миокард инфаркті — жүрек ишемиясы ауруының үшінші түрі, бұл диагноз электрокардиограммалық өзгерістерге және қан құрамындағы ферменттердің белсенділігіне қарап қойылады.

Шылым шегу, денедегі май алмасу процесінің бұзылуы, артериялық қан қысымының жоғарылауы, қант диабеті және т.б. жайттар жүректің ишемиялық ауруының дамуына әсер ететін негізгі факторлар болып саналады. Кейде бір мезгілде қауіпті факторлардың бірнешеуі қосылса жүректің ишемиялық ауруының туындау қаупі жоғарылай түседі.

Ем-домдық шаралары ойдағыдай болу үшін мыналарды жүзеге асыру керек:

а) қаныққан майларды қолдануды азайту;

ә) өсімдік майын көбірек қолдану;

б) өсімдік клеткаларын қабылдауды жас көкөністер мен жеміс-жидектер есебінен арттыру.

Жүректің ишемиялық ауруының қауіпті факторлары бар адамдар аурудың алдын алу жөніндегі дәрігерлік кеңестерді орындап, жыл сайын денсаулығын түзету үшін емханаға барып, тексеріліп отырғаны абзал.

Әлия НИЗАМУТДИНОВА,

Еңбек, әлеуметтік қорғау  және көші-қон комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті №4 медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімінің бас маманы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button