Басты жаңалықтарЭкономика

Жұмыссыздықтан  қалай  құтылуға  болады?

Кәсіпкерлік

Соңғы жылдары өңірде ауылда өз кәсібін ашқан әйелдер саны артып келеді. Мәселен, өткен жылы Хромтау ауданы бойынша 22  ауыл тұрғыны мемлекеттік грант ұтып алып, бизнеске қадам бастаған. Оның жиырмасы — нәзік жандылар.

Облыс орталығынан — 55,  ал аудан орталығынан 35 шақырым жерде орналасқан Ақжар ауылы Хромтау ауданындағы әлеуеті жоғары ауылдардың бірі.  2700-ден астам тұрғыны бар ауыл ауызсу құбырымен, көгілдір отынмен қамтамасыз етілген. Орталық көшелері жарықтандырылған ауылдың биыл 4 көшесін асфальттап, тағы бірнеше көшесін жарықтандыру жоспарда тұр.

Ауыл әкімі Қайрат Тәшеновтің айтуынша, биыл ауылда «Ауыл — ел бесігі» жобасы аясында денешынықтыру-сауықтыру орталығының құрылысы басталып, жыл соңына дейін пайдалануға берілмек. Сондай-ақ ауылдық округке қарасты Жазық бекеті елді мекеніне ауызсу тарту жоспары да биылғы жылдың еншісінде.

Бүгінде 21 шаруа қожалығы мен 11 кәсіпкер тіркелген ауылда жұмыссыздар саны күн санап азайып келеді.

Өткен жылы ауылда 79 адам атаулы әлеуметтік көмек алып келсе, биыл бұл жәрдемақыға 8 отбасы өз құжаттарын тапсырған.

Бүгінгі күні барлығы 30 жұмыссыз тіркелген округте жыл сайын өз кәсібін бастауға ниетті жандар қатары көбейіп келеді. Мәселен, өткен жылы Ақжар ауылында «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 18 адам қысқа мерзімді оқу курсын аяқтап, алтауы өз кәсібін ашқан. Ал қалған 12 сертификат иесі төменгі пайызбен несие алып, жұмыстарын жүргізуде.

Біз бұл жолы ауылда өз кәсібін бастап, үнемі мемлекеттен әлеуметтік көмек алып отырғаннан гөрі, өзіңнің сүйікті кәсібіңмен айналысқан жөн деп санайтын, бизнеске енді аяқ басқан көпбалалы аналармен сөйлескен едік.

Сонымен…

Конкурстан өтпеген Күнсұлу тігін цехын ашты

Ақжар ауылында алғашқылардың бірі болып тігін шеберханасын ашқандардың бірі —  Күнсұлу Сафина. Балаларын құтты орнына қондырып, аяқтандырып жіберген көпбалалы ана бүгінгі күні өзінің сүйікті ісіне белсенді түрде кіріскен.

«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасының екінші бағыты болып табылатын «Бастау Бизнес» жобасын аяқтап, сертификат алған Күнсұлу өз ісін бастау үшін 3 миллион теңге көлеміндегі  грантқа өз құжаттарын тапсырады. Бірақ, өкінішке қарай, құжаттары конкурстан өтпей қалады. Діттеген мақсатына жетуді көздеген шебер ойға алған ісін жүзеге асыру үшін банктен төменгі пайызбен несие алып, тігін цехын ашады.

— Адам бір нәрсені шын ниет етсе, ерте ме, кеш пе, сол мақсатына жетеді. Әрине, ол үшін адал еңбек пен табандылық қажет. Тігін шеберханасын ашып, өз білгенімді ауылдағы қыз-келіншектермен бөлісу көптен ойымда жүрген болатын. Мемлекеттік бағдарламалардың арқасында сол ойымды жүзеге асырдым. Бүгінде тігін шеберханасын ашып, өз кәсібімді бастадым. Қасыма істің ретін білетін ауылдағы қыз-келіншектерді жұмысқа алдым. Сондай-ақ осы саланы үйренгісі келетін көпбалалы аналарға білгенімді  үйретіп жүрмін, — дейді тігін шеберханасының иесі.   

Бірнеше айдан бері ақжарлықтарға қызмет көрсетіп келе жатқан тігін шеберханасының тұрақты тұтынушылары бар. Сұраныс көлемі күн сайын артпаса, бүгінгі күнге дейін кемімепті. Қазір шеберханадағылар тапсырыс бойынша қыз жасауын әзірлеп жатыр. Сұрап-білгеніміздей, қыздың жасауы ретінде апаратын көрпе-көпшіктердің бағалары да айтарлықтай қымбат емес. Көңілге қонымды.

Осы салаға бет бұрған Күнсұлу болашақта жолдасының қалыңдық жасауының ажырамас бөлігі болып табылатын сандық жасау ісімен айналысқысы келетіндігін айтады.

— Өздеріңіз білетіндей, заман өзгергенмен, атадан қалған дәстүр өзгерген жоқ. Қызын құтты орнына қондырған әр қазақ, оның жасауын дайындап апарады. Ал сандық — сол қалыңдық жасауының ең басты бөлігі. Ойланып қарасақ, біздің ауылда мұндай ұсталықпен айналысатын бірде-бір адам жоқ екен. Неге атадан қалған игі дәстүрді қолға алып, қайта жандандырмасқа? — дейді Күнсұлу Сафина.

Өз тәжірибесін көпшілікпен бөлісіп, білгенін үйретуден жалықпаған ақжарлық тұрғын болашақта ауылдағы мектеп оқушыларын қолөнерге баулитын курс ашқысы келеді.

Тігін тігудің қыр-сырын меңгерген Күнсұлу өз кәсібін бастаймын деген әрбір жанға мүмкіндік барын айтады.

Көпбалалы ананың ательесі

Ал бұған дейін ауылдағы жұмыссыздар қатарында болып, мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек алып келген көпбалалы Бақтыгүл Жақыпова — «Бастау Бизнес» жобасының шарапатын көріп отырғандардың бірі. Өткен жылы жобасын сәтті аяқтап, 505 мың теңге көлемінде грант ұтып алған ол ауыл тұрғындары үшін өз ательесін ашқан.

Көпбалалы ананың ісінің алға басуына ауыл әкімдігі ерекше жағдай жасап, шеберхана ашуына арнайы бөлме берген. Жылуын да, жарығын да мемлекет төлейді. Болашақта кәсібі өрге жүзсе, Бақтыгүл ауылдан арнайы ателье ғимаратын тұрғызып, қасына көмекші алуды көздеп отыр.

— Мамандығым бойынша тігіншімін. Бірақ бұған дейін бұл істі екінші орынға қойып, әртүрлі салада жұмыс жасап келдім. Кейін аудандық жұмыспен қамту орталығының мамандарынан «Бастау Бизнес» жобасы туралы естіп, өз білгенімді іс жүзінде жүзеге асырып көргім келді. Жобаны сәтті аяқтап, бұған дейін жинаған білімімді қайта пысықтап, грант ұтып алдым. Өз кәсібімді бастадым. Үлкен тігін машинасы мен аса қажет құралдарды сатып алдым.

«Бастау Бизнес» — менің көптен көкейімде жүрген арманымды іске асыруыма септігін тигізген бірегей жоба, — дейді тігінші.

Бақтыгүл бүгінгі таңда ауыл мектебіндегі оқушылар үшін ұлттық нақыштағы  мерекелік костюмдер дайындап жатыр. Одан бөлек, күнделікті ұсақ-түйек тапсырыстары тағы бар.

Төрт бала өсіріп отырған Бақтыгүл қазіргі кәсібі өзіне өте ыңғайлы екенін айтады.

— Екі балам балабақшаға барса, екі балам мектепке барады. Балаларымның түскі асын беріп, сабаққа жіберген соң, шеберханама келіп тапсырыстар бойынша жұмыс жасаймын. Үйде отырған таныстарыма мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, өз кәсібін бастауларына кеңес беремін, — дейді Бақтыгүл.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button