Басты жаңалықтарТарих

Іздеусіз  ер,  сұраусыз ерлік

Бұрынғы геологтар ауылы — Дөңге Ауған соғысында ерлікпен қаза тапқан Серікбай Тұрлыбаевтың анасы  Сәпен апайды іздеп бардық. 1983 жылдың 16 мамырында Ауғанстан-Пәкістан шекарасында ерлікпен қаза тапқан, «Қызыл Жұлдыз» орденді батырдың атына  берілген орталық көшедегі үй  сыртында тас тақтайшадан әскери формадағы жас жігіт күліп қарап тұр. Үйге кіріп, бала-немерелерінің ортасындағы Сәпен апаймен жүздестік:

— Серікбай — балалардың екіншісі. Шалқардағы №1 мектепті бітірді. Біздер осында көшіп келгенде, токарьлық оқуды аяқтап, Хромтауда комбинатта жұмыс істеп  жүріп, 1982 жылы көктемде әскерге шақыртылды. Балам жұмсақ мінезді, тәртіпті, футболды жақсы көретін. Кішкентайлары оны «көке» дейтін. Үйде футболдан  газет қиындыларынан мектеп кезінде жасаған альбомы әлі бар. Баламның қайтқанына 37 жыл болса да, сол күннің оқиғасы көкірегімде әлі  сайрап тұр. 30 сәуірде соңғы хаты келді. «9 мамырдағы әскери парадқа дайындалып жатырмыз, гимнастерканың жағасына ақ мата сатып алуға ақша салыңдар» депті. Ол жақта күн қатты ыстық, әскерден берілетін  бір жаға тез кірлейді екен. «Үйге қайтуыма  бір жылдай қалды. Апа, мені көп уайымдама», — деп аяқтаған. Мамырдың соңында денесі келді.

Түстері сұп-сұр бір офицер мен екі солдаттың табытты әкелгені ғана есімде.  Сыртынан ағашпен қаптап, іші мырышталған. Фуражкесін, кәрзеңкесінің кілтін әкеліпті. Ішіндегі бастығы: «Кәрзеңкесі мен Ауғанстанның ақшасымен бір жыл қызмет еткен ақшасын салып жібереміз», — дегенде, әкесі: «Балам жоқ болғасын,   кәрзеңкесінің де, ақшасының да керегі не?» деп қарсы болды. Олар сол күні жерленуі керектігін, бұйрық солай екенін айтып тұрып алды. Әкесі «партия қызметкерімін, табытты ашпаймыз» деп қолхат жазып берген соң, олар түнделете кетіп қалды. Жұрт тараған соң ашып қарадық. Шашы жалбырап өсіп кеткен балам жатыр. Арғы жағы есімде жоқ, оң жақ иығы мен кеудесінен жараланғанын айтты артынан көргендер. Армиядан жазған хаттарын оқып  жылай бергесін, үйдегілер  енді қайтып маған көрсетпейтін болды.

Олар 17 еді…

1982 жылдың сәуірінде әскерге шақыртылған Серікбай Түркістан әскери округіне қарасты  40-армияның  66-бригадасы 2-мотоатқыштар батальоны 7-ротасына түсті. Джелалабадта аэродром күзетінде тұрған батальон сол  жылдың күзінде  Кунар провинциясындағы Асадабадқа  ауыстырылды. Әскери бөлімнің  далалық поштасы — 93992. Бұл — Пәкістанмен арадағы шекара, моджахедтердің жолы. Әскери бөлім Одақтан келетін автоколонналарды күзетті, кишлактарға операциялар жүргізді.

16 мамырда  Ганджгал шатқалында 7-ротаның  1,2-взводының  17 жауынгері мен  «Царандойдың» (ауған милициясы) 7 жауынгері АҚШ-та жаттықтырылған пәкістандық  «Черный аист»  арнайы жасағының  300 содырымен  шайқасқа түсіп, қоршауда қаза болды.1-2 взводтың  командирлері Георгий  Демченко мен Сергей Амосов, командирдің орынбасарлары — Серікбай Тұрлыбаев пен Нұхидин  Ғаджиев және 11 қатардағы жауынгер қаза тапты. Бұлардың ішінен сержант Владимир Прохоренко ғана тірі қалды. Шайқас басталғанда-ақ  қол-аяғынан  жараланған оны қасындағылар  тастың қуысына жатқызып, бұта бұтақтарымен көлегейлеп кеткен.  Оны ертеңіне іздеп келген батальон тауып алады. Алматы облысынан шақыртылған 19 жастағы  қатардағы жауынгер Борис Бочкин ұшты-күйлі жоғалды. Осы топты түнде  өзен жағасындағы көпірден күтіп алып, шатқалға апарған  ауғандық «Царандойдың»  7 әскері қайда? Олар туралы айтылмайды. Не болғанда да, 17-22 жастағы өрімдей жастар сатқындықтың құрбаны болды.

КСРО Бас әскери прокуратурасының қорытындысында, операция былай жоспарланған. 2-батальонның 8,9-ротасы Дунай кишлагының жанында Нава шатқалын моджахедтердің еркін өтпеуі үшін бітеп тастауы тиіс. 7-рота Ганджгал мен Борувей шатқалын екі жақтан қоршап, Малышевтің арнайы жасағының тау қуысына еркін өтуін қамтамасыз етуі керек. Малышев тобы шекарада радиосигнал ұстайтын  қабылдағыш орнатпақшы. Операция жоспарланып жатқанын ауғандықтар жақсы білген. Екі-үш күн бұрын шекарадан 3-4 шақырым жерде Пәкістан арнайы жасағы  жаттығу өткізген. Әскери басшылық  Дунай, Нарва кишлактарында 300 моджахедтің жасырынып жатқанынан да хабардар. Ендеше 17 мамырдың түнінде дұрыс барлау жасалынбаған  белгісіз тау қуысына 17 сарбазды қалайша қорғаусыз аттандырады?

Қанды оқиғаның жалғыз куәгері, Темір ауданында  Кеңқияқ мұнай өңдеу мекемесінде тракторист болып жұмыс істейтін Владимир Прохоренкомен «Егемен Қазақстанның» тілшісі Қайнар Олжай 1992 жылдың сәуірінде сұхбаттасады. Қазір ол отбасымен Чехияда тұрады.  2019 жылдың 19 ақпанында «Информбюро» сайтында  жарияланған «Табыт — біреу, тағдыр — екеу» мақаласында  Қайнар Олжай В.Прохоренконың естелігін келтіреді:

«Лейтенанттардың шегінуін қорғау үшін бастырмалата атысып жатқанымда қолымнан оқ тиді. Сосын және бір оқ тастан ыршып келіп аяғымды жаралады. Төменге Ғаджиевқа қарай домаладым. Ғаджиев дереу мені арқалап, Бочкинге «бізді қорға» деп айқайлады. Боря атысып жатқан. Ғаджиев бірде мені сүйей сала атысып, сосын қайта арқалап төмен түсіп келе жатты. Соңғы рет қарағанымда Боряның сылқ етіп құлап бара жатқанын көзім шалды. «Бітті» деп ойладым. Ғаджиевке «мені тастап кет те, өзің тірі шық» деп жалындым. Ол маған гранатасын беріп, бір тастың қалқасына тастап кетті».

Нұхидин Ғаджиев

Дағыстанның Қызылюрт ауданындағы мектеп мұғалімі, Нұхидиннің ұстазы Расул Ғазиевтің жиырма жылдық еңбегі арқасында  66-бригаданың  2-батальоны 7-ротасындағы 1,2 взводтағы  17 жауынгер өлімінің құпиясы ашылды.  Қыстақтың қарапайым мұғалімі әр жылдары КСРО мен РФ Қорғаныс министрліктеріне, Бас прокуратураға, Ресейдің 3 Президентіне, сол кездегі 40-армия басшылығына, бригада мен 2-батальонның барлық командирлері мен жауынгерлеріне  400-ден астам хат жазып, болашағынан көп үміт күткен оқушысының жұмбақ өлімінің ақиқатын аршыды. Ақыры 1997 жылдың 2 қыркүйегінде Ресей Федерациясы Президентінің №974 Жарлығымен  Ғаджиев Нұхидин Омарұлына Ресей Федерациясы Батыры атағы берілді. Сөйтіп, қаза болған 14 жылдан кейін «Алтын Жұлдыз» батырдың анасына  тапсырылды. Қызылюрт қаласының орталығында   Ғаджиев Нұхидинге мемориал тұрғызылды. Түркістан әскери округінің шешімімен 7-рота 1-взвод командирі Георгий Демченкоға  Кеңес Одағының Батыры атағы берілген. Демченконың келгеніне екі-ақ күн болған екен. 40-армия басшылығы  Сергей Амосовты ұмыт қалдырды. Орынборлық жас лейтенант Сергей Амосовтың Новосибирскіде тұратын полковник әкесі  қоймай ізденуінің арқасында, 1994 жылы оған Ресей Федерациясы  Батыры атағы берілді. Оқыған мектебі мен тұрған көшесіне аты беріліп, Новосибирск Әскери институтының батырлар аллеясында бюсті орнатылды. Амосов пен Ғаджиевпен Ганджгалда қаза тапқан ресейлік қатардағы жауынгерлер Александр Лосев, Михаил Коршунов, Юрий Рязанов, Виктор Фадеев, Александр Артеменко, Сергей Баландинге кейіннен  Ресей Федерациясының Батыры атақтары берілді.  Өкініштісі, осы топтағы қазақстандықтар Серікбай Тұрлыбаев, Владимир Прохоренко, Борис Бочкиннің ерліктері ескерілмеді. Атаусыз қалған тағы да ерлер бар.

2-батальон прапорщигі Ф.Амич 1989 жылы қыркүйекте: «1983 жылдың  15 мамырдан 16-сына қараған түні құрамында 3 взводы бар рота әскери операцияға қатысты.  Ұрыс қимылдарын жүргізу кезінде 2-взвод ерлікпен қаза тапты. Тек бір адам — сержант Прохоренко тірі қалды. Ұрыс басталған кезде жараланған оны тастың арасына жасырып қойған. Взвод командирлері лейтенант Сергей Амосов, лейтенант Георгий Демченко қаза тапты… Ұрыстан соң, 17 мамырда взвод қырылған төбеге көтерілгенде,  біздің жігіттердің ерлікпен қаза тапқанын түсіндік.  Нурикті тапқанда, оның ауыр жаралы күйде өзін гранатамен жарып жібергенін көрген», — деп еске алады.

Борис Бочкин қайда?

Белгілі журналист Қайнар Олжай 2019 жылдың 19  ақпанында Информбюро сайтында жарияланған  «Табыт — біреу, тағдыр — екеу» мақаласында  Ганджгал шатқалында қаза тапқан Борис Бочкинге қатысты деректер жариялайды. Алматыдағы Бочкиндер отбасына мырышталған  табыт 25 мамырда Түркістан әскери округінен берілген  «Қызыл Жұлдыз» орденімен  қоса келді. Табытты әкелген бір офицер, екі солдатпен бірге  Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің бір қызметкері болған. Олар түні бойы  табытты күзетіп, 26-сына жерлейді. Оқиға әрі қарай детективті сипатта  өрбиді. Арада алты жыл өтеді. Бір күні кешкілік  Бористің анасы Евгения Петровнаға  көршісі келіп, Пәкістандағы моджахедтер лагеріндегі 5 тұтқынның фотосуреті жарияланған «АиФ» газетін көрсетеді. АҚШ журналистерінің  мақаласы  аударылып басылған. Фотодағы бес тұтқынның ішінде оң қолымен  мықынын таянып шынтағын шошайтып тұрғанды  Евгения Петровна  «менің ұлым — Борис» деп тани кетеді.

Өйткені ұлының осылай тұратын әдеті болған. Содан Евгения Петровна Мәскеуге Қорғаныс министріне  хат жазып, үш жылдан кейін мәйітті қазып қарауға рұқсат алады. 1991 жылы қазанда алматылық сарапшылар мәйітке сараптама жасағанда, көмілген дененің Борис Бочкинге мүлде ұқсамайтыны анықталды. Борис ұзын бойлы, жас жігіт болса,  қазылған мәйіттің тұрқы қысқа, 7 жасанды тісі болған. Ал Алматыдан әскерге кеткен 19 жастағы балада ешқандай да протез жоқ. Борис мектепте оқып жүргенде, Медеу  мұз айдынында аяғын сындырып алған, оң қолының сүйегіне де зақым келген. Мәйітте мұндай белгілер жоқ. Содан Бористің дәрігер анасы «Бұл менің балам емес, менің балам тірі» деп басын тауға да, тасқа да ұрды. Алайда, көп кешікпей Евгения Петровна  өмірден өткесін, Бористі іздеу де тоқтады. Қалай болғанда да, ең соңғы төбенің етегінде соғысып жараланған Борис Бочкинді  пәкістандық жалдамалылар өздерімен бірге алып кеткен сияқты.

Темірлік Владимир Прохоренко 1992 жылы 19 сәуірде Қайнар Олжайға: «Мені Кабулде тікұшақтан түсіріп, госпитальге әкеткелі жатқанда бір лейтенант әуежай басында жиналған көп табытты көрсетті. «Сенімен бірге соғысқандардың мүрдесін елге жөнелткелі жатырмыз. Тек біреуінің өлігі табылмады» деді. Бірнеше күннен соң мен жатқан Кабулдегі госпитальге қолы кесілген танкист түсті. Ол да біздің взводтың ұрысын еске алып: «Сенің жігіттеріңнің денесін жинағанда, біреуін таба алмай қаншама әурелендік», —  деген.

«Бочкиннің моджахедтерге тұтқын болғаны командирлерін қатты састырған. Ол үшін бастарымен жауап береді. Денені жанталаса іздеу соны аңғартады. Ал оны «өлді» деп ата-анасына басқа мүрдені жіберу — солдаттың қолға түскенін жасырудың айласы. Үйіндегі хаттарын, магнитофон таспасын білдірмей алып кету Бочкин сатылып кете ме деп алаңдаудан туған», — деп түйіндейді  Қайнар Олжай өз мақаласында.

Ганджгал қырғынынан соң ертеңіне 7-рота командирі  басқа бөлімге ауысып,  «17 жауынгердің денесін 17 мамырда таптық» деп рапорт жазылды. Нұхиддиннің ұстазы Расул Ғазиев іздеу тобындағыларға сұрау салып, сол күннің шындығын сұрайды. 2-батальонда болған  украиналық Анатолий Прохоренко 1989 жылдың желтоқсанында: «18 адам взвод командирімен бірге  түн ішінде қоршауға түсті. Қатты атыс Пичдарья өзенінің өткеліне таяу, гарнизонға 2-3 шақырым жерде болды. Бұл жерді ауған үкімет әскері  «Царандой» қорғап тұрған. Атыс бір сағатқа созылды. Бәріміз естідік. Таңертеңгілік  ауыр жаралы В.Прохоренконы бірден таптық.  Бүкіл бригада үш күн іздедік. Ең соңғыларын иістенген жағдайда, көпшілігін адам танығысыз күйде  таптық», — деп жазады.

3-батальон командирінің саяси істер жөніндегі орынбасары Геннадий Сергеев «Контингент» басылымына берген сұхбатында  Амосов тобы гарнизоннан 2-3 шақырым жерде қоршауда қалып,  рациямен көмек сұрағанын, сосын ракетамен дабыл белгісін аспанға атқандарын көрген. Атысты естісе де,  батальон  қозғалмаған. «Топқа ешкім көмектеспеді, олар рота мен батальон басшылығының көз алдында  қаза тапты» дейді. Ертеңіне  Ганджгал шатқалына барған батальон  өлгендердің денесін екі күн бойы іздейді. Солдат денелерін  шатқалдың әр жерінен табады. Көбі  аяусыз кескіленіп,  қорланған. Күннің ыстығынан  қатты ісініп,  адам танымастай, ішек-қарындары  ақтарылған күйде жатқан.

Лейтенант Сергей Амосовтың денесі таудың етегіндегі кеуіп қалған арықтан табылды. Үстінде бір солдат өліп жатты. «Черный аист» командирдің аяқ-қолын сындырып, денесін бірнеше автомат оғымен  шұрқ тесік еткен. Жау қоршауында қалып, тірідей қолға түскісі келмеген Нұхидин Ғаджиев соңғы гранатасымен таяп келген 20 жалдамалыны өзімен бірге жарып жіберген. Нұхидин басы жұлынған күйінде табылды, оң қолының басын да граната алып кеткен.

 

Жауапсыз қалған ұсыныс

4 жауынгермен бірге Ганджгал шатқалының биігінде басын өлімге тігіп қалған   Серікбай Тұрлыбаевтың ерлігі туралы журналист Әлімбай Ізбай «Ақтөбе» газетінің  2007 жылдың шілдесінде «Беймәлім қалған боздақ еді» мақаласында  баяндайды. Батырдың туған ауылына барып, туысқандарымен, ел ақсақалдарымен жүздескен журналиске Серікбаевтар отбасы Дағыстаннан Расул Ғазиевтің Серікбайдың әкесі Қойбағар ақсақалға жазған хатын көрсетеді. Расул Ғазиев: «Сонау 80-ші жылдардың ортасында-ақ бұл жігіттердің ерлігі лайықты бағаланбай, сұмдық қате кеткенін байқадым. Оларды қайта наградтау жөніндегі ұсыныстарымды төрт рет жоғарыдан кері қайтарды. Нәтиже шыққанша жаза бердім. Сіздердің ұлдарыңыз да лейтенант Демченко мен Амосовтар сияқты ерлік көрсеткен», — деп ақтарылады Қойбағар ақсақалға.

Әлімбай Ізбай мақаласында 8-ротаның бұрынғы командирі, топты іздеуге қатысқан Виктор Чечуллиннің  естелігін келтіреді: «Амосов тобы  таңсәріде тауға кіріп, шеп құрады. Бұл жөнінде олар рациямен мәлімдеген. 2 сағаттан кейін айнала жарықтанғанда, олар 20-дан астам  адамды жойып, шабуылды қайтарады.  Екі сағаттан кейін  оларды жаудың  басым күші қайта шабуылдайды. Алғашқы оқпен рация істен шығады. Жағдайды хабарлап, зеңбірекшілер мен тікұшақты көмекке шақырудың мүмкіндігі болмаған соң Демченко мен Амосов кейін шегінуге бекінеді. Серікбай Тұрлыбаев 4 адамымен тау басында шегінген топты қорғауға қалады. Шабуыл күшейіп, үшеуі жарақат алған. 5 минут тыныс алып, жарақаттарын таңуға кіріскенімен, үлгермейді. Жаудың жойқын шабуылы оларды құртып жіберді. Етекке екі бөлініп түсіп келе жатқандарды төбеден атқылап,  таудың қуысына жасырынуларына мүмкіндік бермеген.

Топтың шегінуін бүркемелеуге қалып, жоғарыда қаза болған жауынгерлердің кескіні әлі көз алдымда. Олардың айналасында жарақат таңу пакеттерінің қалдықтары, түтіндете белгі беретін ракетаның бос сауыттары шашылып жатты…»

Дөң ауылының ақсақалы Марал Молдабеков ауылға кездесуге келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болған Амангелді Айталыға «Баламызға Халық қаһарманы атағын беруге көмектесіңіз» деп өтініш айтты. Амангелді Айталы Серікбай Тұрлыбаевқа «Халық қаһарманы» атағын беру туралы ұсыныс жібергенде, 2000-жылдары  Қорғаныс министрлігі сыдыртпа жауап берген.

Дөң кен-байыту комбинаты ғимаратында Серікбай Тұрлыбаевтың мемориалдық тақтайшасы тұр. Ауыл көшесінің ортасында обелиск белгі де тұрғызылған жоқ. 11 баланы дүниеге әкеліп, қазір алты баласының тілегін тілеп отырған  Сәпен апай да «Маған  ештеңе де керек емес. Тек батырдың анасы дегенді көзім тірісінде естіп кетсем болды» деген. Барға қанағатпен  өмір сүріп  жатқан Сәпен апай осы батыр атағын 37 жыл бойы күтіп келеді.

                                                                              Баян СӘРСЕМБИНА,

                                                                                              Дөң ауылы,

                                                                                     Хромтау ауданы. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button