Құқық

Сот татуластыруды көздейді

«Сот төрелігінің 7 түйіні» бағдарламасы аясында Ақтөбе қаласының соты ұйымдастырған «Еңбек дауларының және жария-құқықтық қатынастардан туындайтын даулардың алдын алу», «Отбасылық сот», «Татуласу: сотқа дейін және сотта», «SMART сот», т.б. жобалар биыл да жалғасын табады.

Бұл жөнінде қалалық сотта өткен Ашық есік күнінде айтылды. Ашық есік күніне қалалық сот судьялары, Астана ауданы әкімдігі мен аудандық прокуратура қызметкерлері, адвокаттар, заңгерлер мен нотариустар, банк және сақтандыру салаларының мамандары қатысты.

Осы шараға орай өткізілген жиында Ақтөбе қалалық сотының төрағасы Қанат Сембеков «Сот төрелігінің 7 түйіні» бағдарламасы аясында қолға алынған жобаларды жүзеге асыру барысында жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды. Мысалы, «Соттағы татуластыру рәсімдері» пилоттық жобасы аясында 2018 жылдың 14 мамырында қалалық сотта татуластыру рәсімдеріне арналған кабинет ашылған. Татуластырушы-судьяға табысталған істердің 40,5 пайызы тараптардың өзара келісімге келуімен аяқталған.

Сондай-ақ, «SMART сот» жобасы аясында 154 азаматтық іс қаралыпты.

— Бұл — белгілі бір себептермен сот отырысына қатыса алмайтын азаматтар үшін тиімді жоба. Мұндай жағдайда сот отырысына смартфонға орнатылған арнайы қосымша арқылы бейнебайланыспен қатысуға мүмкіндік беріледі. «Соттағы татуластыру рәсімдері», «Судьяның көмекшісі», «SMART сот» жобалары туралы ақпараттар «Facebook» әлеуметтік желісі арқылы көпшілікке таратылып отыр, — деді қалалық сот төрағасы.

Жиында қалалық сот судьясы Айгүл Абдуллина — «Еңбек дауларының және жария-құқықтық қатынастардан туындайтын даулардың алдын алу» жобасы, судья Марина Зайнулина «Отбасылық сот» жобасы аясында жасалған жұмыстар жөнінде баяндады.

— Былтыр ажырасуға қатысты арыз-шағымдар, 2018 жылмен салыстырғанда, көбірек түскен, алайда некені бұзу жөніндегі сот шешімдерінің саны аз болды. Бұл қолға алынған жобалардың өз нәтижесін бере бастағанын көрсетеді. Сондай-ақ, қалалық сотта «Отбасы орталығы» ашылып отыр, — деді Марина Зайнулина.

Осы мәселеге орай судья Салтанат Абызбаева:

— Өткен жылы түскен арыз-шағымдарды қарау барысында, судьялар әр үшінші жағдайда отбасын сақтап қалу жөнінде шешім шығарды. Бұл мәселеде ең алдымен көзделетін мақсат — балалардың мүддесі, біз әр баланың толыққанды отбасында өскенін қалаймыз, — деді.

Сонымен қатар, еңбек даулары, отбасындағы келіспеушіліктер, т.б. жағдайлардағы татуластыру рәсімдерінің судьялар жүктемесін азайтуға да септігі бар. Соңғы 6-7 жылда елімізде сотқа жүгіну оқиғалары күрт артқан. Бұрындары еліміз бойынша сотта жылына, орта есеппен, 1,4 миллион іс қаралса, кейінгі жылдары бұл көрсеткіш екі есеге жуық артып, 2,7 миллионға жеткен.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button