Әкімдер есебі

Қобда ауданы: биыл көгілдір отын қай ауылдарға барады?

Сәрсенбі күні түстен кейін облыс әкімі Оңдасын Оразалин Қобда ауданына келіп, аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбеттің «Қобда ауданының 2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және 2020 жылға қойылған міндеттері туралы» тұрғындар алдындағы есеп беру жиынына қатысты.

Ауданның соңғы бір жылдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен алға қойылған міндеттері сараланған жиынға ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Жайсаң Ахметов арнайы қатысты.

Батырлар өлкесінде өткен жылы халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға арналған нәтижелі жұмыстар атқарылған. Аудан экономикасына тартылған инвестициялар көлемі едәуір артқан. Сондай-ақ, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштерінде де өсім байқалды.

Ауыл шаруашылығы —  аудан экономикасының негізі. Өткен жылы аталған салада 21,1 млрд теңгеге ауылшаруашылық өнімдері өндірілген. 39,3 мың гектар жерге егін егіліп, 11,4 мың гектар жерге егілген дәнді дақылдардан диқандар барлығы 10,5 мың тонна астық жинаған. Ауыл шаруашылығына қолайлы ауданда бүгінгі таңға 273 шаруашылық мал шаруашылығымен айналысып отыр, оның жетеуі — асылтұқымды мал өсіріп отырғандар.

— Есепті жылы аудан орталығында құны 198 миллион теңгені құрайтын 24 пәтерлі екі қабатты жалдамалы тұрғын үйдің және 2 көпбалалы отбасыға құны 9 миллион теңге болатын тұрғын үйдің пәтер кілттері табысталып, барлығы 8716 шаршы метр тұрғын үй іске қосылды. Бұл 2018 жылмен салыстарғанда 15,8 пайызға артық. Ал биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында аудан орталығында құрылысы басталған 64 пәтерді құрайтын  4 тұрғын үйді қолданысқа беруді жоспарлап отырмыз, — деді аудан әкімі.

Бүгінгі таңда аудан тұрғындарының  75,6%-ы таза ауызсумен, 47%-ы көгілдір отынмен қамтылып отыр. Былтырғы жылы соңғы 3 айдың ішінде облыстық бюджет қаражаты есебінен жалпы құны 690,6 миллион теңгеге И.Білтабанов, Калиновка, Бегалы және Егіндібұлақ  ауылдарына газ тартылса, қазіргі уақытта Жаңаталап, Терісаққан, Жарсай, Сарбұлақ ауылдарын газдандыру үшін  және Жарсай ауылына су құбырын салуға жобалық-сметалық құжаттарды дайындау қолға алынған.

2019 жылы бюджеттен 135,0 млн теңге бөлініп, аудан орталығындағы көшелердің жолы күрделі жөндеуден өтіп, облыстық маңыздағы Шұбарқұдық-Ойыл-Қобда-Тұзтөбе автомобиль жолы  Жиренқопа ауылына дейін асфальтталған. 334-371,9 км учаскесін күрделі жөндеуден өткізуге 1,6 млрд теңге бөлінген екен. Аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбеттің айтуынша, үстіміздегі жылы Жиренқопа-Первомайское шекара бекетіне дейін асфальт төселіп, толықтай аяқталады.

Биыл Кеңес Одағының Батыры Ә.Молдағұлованың 95 жылдығын атап өтетін қобдалықтар батырдың туған жері Бұлақ ауылына баратын аудандық маңызы бар жолды жөндеу жұмыстарына кіріскен. Ол үшін 729 млн теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары өткен жылы басталып та кеткен. Сонымен қатар ауданды көршілес Мәртөк ауданымен байланыстыратын Қобда-Мәртөк автомобиль жолының 0-32 км учаскесін күрделі жөндеу жұмыстары да өткен жылы бастау алған.

Аудан басшылығы осы жылға бірқатар инвестициялық жобаларды жоспарлап отыр. Олардың қатарында аудан орталығындағы 5 ауылішілік жолдарды асфальттау, Калиновка, И.Білтабанов, Бестау, Бегалы, Терісаққан елді мекендеріне баратын автомобиль жолдарын және Талдысай ауылының көшелерін жөндеуге жобалық-сметалық құжаттар дайындау және Қобда ауылында қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын салу секілді жұмыстар бар.

Кәсіпкерлік негіздеріне бағытталған «Бастау Бизнес» бағдарламасы арқылы қобдалық 222 азамат оқытылып, олардың ішінен  көпбалалы, аз қамтылған отбасылар және  мүмкіндігі шектеулі азаматтар  мен жұмыссыз жастар қатарынан  жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 65 азамат 30,8 млн.теңге көлемінде қайтарымсыз

мемлекеттік грантқа ие болып, жеке кәсіптерін ашқан. Сондай-ақ, соңғы бір жыл ішінде ауданда шағын және орта бизнесті дамытудың кешенді шаралары жүзеге асырылып, кәсіпкерлік субъектілері іске қосылған. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы мейрамхана, сауда орталықтары және 2 жол бойындағы сервистік қызмет көрсету  кемпингтері ашылды.

Ауданның білім саласында да ілгерілеу байқалады. 2019 жылы  демеушілік есебінен Қобда гимназиясы, облыстық бюджет қаражаты есебінен Талдысай орта мектебі IT кластарымен жабдықталған.  Аудан бойынша әлеуметтік-қорғалмаған отбасылардан шыққан 602 оқушы 100% ыстық тамақпен қамтамасыз етілген.

Үстіміздегі жылы аудан оқушыларының демалысын және жағдайын жақсарту мақсатында бірқатар құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Егіндібұлақ ауылында балалардың демалысын және оқуын  ұйымдастыратын оқу-сауықтыру кешенінің құрылысы  мен Қобда орта мектебі  және Ақырап орта мектебі жанында интернат ашу жұмыстары қолға алынды.

Сонымен қатар биыл Білтабанов атындағы орта мектебі мен Бегалы негізгі мектебін күрделі жөндеуден өткізу, психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті мен аудандық оқушылар үйінің ғимараттарын ұлғайту жұмыстары жүргізілмек, — деді М.Шермағанбет.

Батырлар мекенінде бұқаралық спортпен шұғылдануға да барлық жағдай жасалған. 5909 адам спорттың  тегін 8 түрімен шұғылданады. Бұл аудан тұрғындарының 32 пайызын құрайды. Спорт саласына қамқорлықтың нәтижесінде аудан бойынша спорттың әр түрінен республика чемпионы мен  14 спорт шеберіне үміткер шыққан.

Жастар жылында  қобдалық жастардан құрылған «Сынтас» жастар театры жұмысын бастап, қойылымдарымен көршілес аудандарға да гастрольдік сапармен шығып келген. Мәдениет саласымен қатар, жастардың кәсіпкерлікке бетбұрулары да тәуір. «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының аудандық филиалы арқылы «Бизнес Бастау» бағдарламасы бойынша 58 жас кәсіпкерлік негіздеріне оқып, 20 жас қаржылай грант ұтып алған. 27 жас кәсіпкерлікпен айналысу мақсатында жеңілдетілген несие алған. Сонымен қатар «Жасыл ел» бағдарламасының ХV еңбек маусымының қорытындысы бойынша Қобда ауданы облыста «Үздік аудан» деп танылғанын атап өткен жөн.

Есеп беру кездесуінің қорытындысы бойынша қобдалықтар облыс әкімі Оңдасын Оразалинге өздерінің ұсыныстарымен бірқатар сұрақтарын қойды. Жиын соңында облыс әкімі аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбетке бірқатар маңызды тапсырмалар жүктеп, облыс тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетін айтты.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі ауданда жыл бойы атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, аудан тұрғындарының ауызбіршілігін, жеке қосалқы шаруалықты дамыту бағытында жасап жатқан жұмыстарының өзге аудандарға үлгі боларлықтай екендігін айтты. Сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмек қаржысын мақсатты түрде жұмсап жатқан қобдалықтарға облыс әкімі өз ризашылығын білдірді.

Есепті кездесуден соң облыс әкімі қобдалықтарды жеке қабылдап, тұрғындардың түрлі сауалдарына жауап берді.

Ақерке САТЫБАЛДЫ,

Қобда ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button