Жаңалықтар

Қайырымдылыққа негізделген тұсаукесер

Еріктілер жылы

Еріктілер жылында облыс аудандарының ішінде алғашқылардың бірі болып Қобда ауданында «UMIT OTY» ерiктiлер клубы құрылды. Аудандық Мәдениет үйінде клубтың тұсаукесер салтанаты өтіп, «Қайырымдылық — жылы жүректен» атты қайырымдылық концертке ұласты.

Салтанатты шараға қатысқан Қобда аудандық iшкi саясат бөлiмiнiң басшысы Арман Қабылов еріктілер тобының жұмысына сәттілік тілеп, ерiктi жастар клубының құрыла салысымен қайырымдылық концертiн ұйымдастыруын көпке үлгi боларлық, өнегелi icке балады. Өнер саласында тәжipибелерi аз болса да, батыл қадамға барып отырған жастарға  сын көзбен қарамай, қолдау көрсету — бұлақтың көзiн ашуымен бipдей, әрi жүрек үнiмен жақсылық жасауға ұмтылған жастар қандай мақтауға болса да лайық деп бағалады.

Бұл күнi жақсылық жасауға асыққан ерiктi жастар ән айтып, қасиеттi қара домбыраны күмбipлетiп күйлер орындады, би билеп, әзiл қойылымдар көрсетті. Ұйымдастырушылар шарадан түскен қаражат аз қамтылған отбасыларды қолдауға жұмсалатындығын айтты.

— «UMIT OTY» ерiктiлер клубының құрамында жасы 18-ге толған қырыққа жуық аудан жастары бар. Топ мүшелерінің қай-қайсысы да өнерден құр алақан емес. Ең бірінші шараларын қайырымдылық концертінен бастаған топтың алдында үлкен мақсат-міндеттер тұр. Қазіргі таңда жыл бойы атқарылатын жұмыстардың нақты жоспары құрылып жатыр, — дейді аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Берік Орынбасаров.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button