Құқық

Тиісті заңнамалардың тиімділігі мол

Сот және құқық қорғау жүйесіндегі күрделі реформалар — азаматтарымыздың құқықтарын қорғаудың және олардың қауіпсіздігін күшейтудің негізгі факторы екені Мемлекет басшысының Жолдауында атап өтілді. Сот шешімдерінің сапасын арттыру үшін бірқатар маңызды шараларды жүзеге асыру қажеттігі көрсетілді. Судьялардың заңды және ішкі сенімді басшылыққа алып, шешім шығару құқығы мызғымас сипатқа ие, дегенмен, сот шешімдерін мұқият талдау жұмысын жолға қойып, бірыңғай сот тәжірибесін орнықтыру қажет. Сот жүйесіне заман талабына сай жылдан-жылға енгізіліп келе жатқан реформаларды сәтті іске асыру мақсатында Хромтау аудандық сотында біраз жұмыстар атқарылып келеді.

Өткен жылы Хромтау аудандық сотының  өндірісіне түскен қылмыстық істердің саны 2,4 пайызға азайды. Аяқталған істердің 71,7 пайызы бойынша үкім шығарылды. Татуласу рәсімдерімен қысқарған қылмыстық істердің саны жалпы аяқталған онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстық істер санының 28,5 пайызын құрады. Іздеу жариялау арқылы қайтарылған қылмыстық істер соңғы екі жылда болған емес.

Қылмыстық істер санаттары бойынша қылмыстық теріс қылық, онша ауыр емес қылмыстық істердің саны өткен жылмен салыстырғанда бір қалыпты болса, ауырлығы орташа қылмыстық істердің саны 25 пайызға азайған. Көрсеткіштерге қарағанда  қаралған істердің басым көпшілігі бөтеннің мүлкін жасырын ұрлау, көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы және көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған, алкогольдік, есірткілік және уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы жалпы қаралған  істердің 52,7 пайызын құрайды. Өкінішке орай ауыр дене жарақатын келтіру жөніндегі қылмыстық істер 55,5 пайызға көбейген. Қылмыстық істердің қаралу нәтижесінде бірнеше жеке қаулылар шығарылып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде жіберілген олқылықтарға прокурор мен полиция бөлімі басшылығының назары аударылды. Жеке қаулылар бойынша тиісті шаралар алынды.

Қылмыстық істерді қысқартылған тәртіпте қарау тәжірибесі қолға алынды, мәселен, сотталушы тағылған айыбын мойнына алып тұрса, жинақталған дәлелдемелерді дауламаса, мұндай жағдайда істерді қысқартылған тәртіпте қарау заңмен көзделген қағида. Сол себепті 2018-2019 жылы қаралған қылмыстық істердің 43 пайызы қысқартылған тәртіпте қаралды.

Қылмыстық істерді электронды формат түрінде қарау тәжірибесі де қолға алынды. 2019 жылы қаралған 30 адамға қатысты 30 қылмыстық іс электронды формат түрінде қаралды.

2018-2019 жылы барлық қылмыстық іс 100 пайыз дыбыс-бейне жазба қондырғысын қолдану арқылы қаралып аяқталды. Бұл сот мәжілісінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ететіні сөзсіз. Сот өндірісінде бір ай мерзімнен артық уақыт қаралған қылмыстық істер болған емес, әрбір  істің  тағайындалған уақытында қаралуы мен шешімін табуы нақты қадағалауда болды.

Тергеу судьясы қараған жадығаттардың саны 49 пайызға азайды, оның себебі жалпы қылмыстық істер санының азаюымен байланысты екенін айтқан жөн.

Сот өндірісінде болған азаматтық істердің де саны11 пайызға азайды. Аяқталған істердің 63 пайызы бойынша шешім шығарылды. 2019 жылы татуласу рәсімімен 109 азаматтық іс қысқартылды немесе қысқартылған істердің 57,3  пайызын құрады, оның ішінде бейбіт келісім бойынша 6, медиация заңын қолдану арқылы 102, партисипативтік келісім бойынша 1 азаматтық іс қысқартылды.

Жоғарғы Соттың бастамасы негізінде Хромтау аудандық соты еңбек, жария-құқықтық дауларды төмендету, дауларды соттан тыс реттеу тәсілдерін жетілдіру бойынша бірқатар іс-шаралар атқаруда. Аудандық сотта прокуратура, полиция бөлімі, орталық аурухана, мемлекеттік органдар өкілдерінің, жергілікті кәсіпорын қызметкерлері, адвокаттар және кәсіптік медиатордың қатысуымен «Ұжымдық еңбек даулары», «Еңбек дауларының алдын алу», «Әкімшілік әділет құрылымы–дауларды шешудің ерекше тетігі» тақырыптарында дөңгелек үстелдер өткізіліп, еңбек дауларының туындау себептерін, оны шешудің жолдары мен реттілігін, дауды татуластыру рәсімі арқылы шешудің тиімділігі мен келісімге қол жеткізудің салдары түсіндірілді.

Өткен жылы сот өндірісінде қаралған әкімшілік істердің саны 14,9 пайызға көбейді. Барлық әкімшілік істер үн-бейнежазба қондырғысын қолдану арқылы қаралуы тәжірибеге біржола енді. Сот өндірісіне көбіне ұсақ бұзақылық, отбасында болған құқықбұзушылықтар, жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру құқықбұзушылықтары бойынша әкімшілік  істер түскен.

Биылғы жылдың 4 қаңтарында Мемлекет басшысы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Заңға қол қойып, ол 15 қаңтардан бастап күшіне енді. Онда әкімшілік істерді жылдам қарау, бірқатар категориядағы істерді соттан мемлекеттік органдардың қарауына беру секілді бірнеше маңызды мәселелер қамтылған. Қазіргі таңда Заңмен Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 434-бабы, яғни ұсақ бұзақылық екі құрамға бөлінді. Бұл ретте жалпы пайдалану орындарын, саябақтарды, скверлерді ластау, оның ішінде коммуналдық қалдықтарды белгіленбеген орындарға шығарып тастау Ішкі істер министрлігінің қарауына берілді. Осы орайда соттардың жүктемесінің азаюы 15 пайыздан астам болады деп күтілуде.

Аудандық сотта тұрақты түрде азаматтарды қабылдау ұйымдастырылды. Қабылдау азаматтардың арыз-шағымдарын және басқа да өтініштерін тыңдау, оларды жедел шара қолдану арқылы шешу үшін өткізіледі. Жеке және заңды тұлғаларды қабылдау бекітілген кестеге сәйкес,  ауылдық жерден келген азаматтарды қабылдау кестеден тыс сот процесінен бос уақытта да жүргізіледі.

Аудандық сот төрағасының қабылдауына келген аудан тұрғындары өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қою мүмкіндігіне ие болып, заң аясында тиісті жауаптарын алады. Қабылдауға келгендердің әрқайсысының мәселесі әртүрлі. Азаматтардың сұрақтарының басым көпшілігі берешек өндіру, еңбек өтілін анықтау, даулы мүлік, отбасы мәселесі, сот шешімдерінің орындалу тәртібі жөнінде,  мемлекеттік органдардың шешімдеріне наразылық білдіру және тұрғын үй құқықтық қатынастарға қатысты. Қабылдауға келген азаматтардың барлығы өздерін мазалаған сұрақтар бойынша тиісті жауап алады, Қазақстан Республикасының заң талаптары бойынша жалпы түсінікке ие болып, арыздардың үлгілерін және елімізде жүргізіліп жатқан сот жүйесінің реформаларын, сондай-ақ, іске асырылып жатқан пилоттық жобалар туралы ақпаратпен танысып, оларға дауларды медиация тәртібімен сотқа дейінгі реттеудің артықшылығы түсіндіріледі. Азаматтарды қабылдау сот жұмысының ашықтығы мен жариялылығына бағытталып, халыққа құқықтық көмек көрсету мен сот төрелігінің қолжетімділігін қамтамасыз ету жолдарының бірі болып отыр.

Түйіндеп айтқанда, азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді шешу жолымен қарау арқылы билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнатып, қазіргі ахуалға бейімделген үйлесімді қатынас қалыптастыруға болады. Әлбетте, бұл шаралардың барлығы соттың халықпен тығыз байланыста жұмыс жасап, құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша тиісті шаралар атқарып келе жатқанының айғағы.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Пилоттық жобалары бойынша тиімді жұмыс жүргізілуде: «Смарт Сот»  жобасы бойынша қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер, «Түнгі Сот» жобасы бойынша көптеген әкімшілік істер қаралды.

Қалада және ауылдық округтерде Билер кеңесі құрылып, тараптарға,  алдымен медиаторға, Билер кеңесіне кез келген дау бойынша жүгініп бару құқықтарын түсіндіру тәжірибеге қойылды. Хромтау аудандық әкімдігінің жанынан «Жария-құқықтық қатынастардан туындайтын дауларды алдын ала реттеу» және «Сотта және соттан тыс бітімгерлік процедурасы» жобасы аясында аудандық әкімшіліктің жанынан ұйымдардағы дауларды реттеу жөніндегі аудандық жұмыс тобы және отбасылық дауларды алдын ала реттеу бойынша отбасы консультациясы құрылып, тараптарға кез келген дау бойынша алдымен аталған соттан тыс рәсімдерді қолдану құқықтарын түсіндіруде іс-шаралар атқарылуда.

 Айсұлтан БАЛМҰХАНОВ,

Хромтау аудандық сотының төрағасы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button