Жеңіс

Ақтөбеде атқыштар бригадасы қалай құрылды?

Ұлы Отан соғысы басталысымен елімізде жиырмадан астам атқыштар дивизиясы мен бригадасы құрылды. Олардың қатарында екі  ұлттық атқыштар бригадасы болды.  Соның бірі — Ақтөбеде құрылған 101-жеке ұлттық атқыштар бригадасы.

Бригада туралы бұйрық

1941 жылдың 27 қарашасы мен 1942 жылдың 1 мамыры аралығында Ақтөбе қаласында 101-жеке ұлттық атқыштар бригадасы құрылды. Бұл бригаданың ерекшелігі — қазақ ұлттық құрамасы болуы.

1941 жылдың 13 қарашасында жарияланған КСРО Мемлекеттік қорғаныс комитетінің қаулысы мен 1941 жылдың 22 қарашасында шыққан «Ұлттық атқыштар бригадалар құрамасы жөніндегі» КСРО Ішкі істер халық комиссариатының директивасына жүгіне отырып, осы бригада құрыла басталды. Осы  құжаттарды негізге алып, 1941 жылдың 27 қарашасында Ортаазиялық әскери округ қолбасшысы «100-ші және 101-атқыштар бригадаларының құрылуы жөнінде» бұйрық шығарады. Бригада құрамының 50 пайызы жергілікті ұлт өкілдерінен, яғни қазақтардан тұрды.

1941 жылдың 17 қарашасында жарияланған Орталық комитеттің шешіміне сәйкес, 1941 жылдың 21 қарашасында Ақтөбе облыстық комитетінің бюросы қаулы шығарды. Онда былай делінген: «Біріншіден, тез арада Ақтөбеде  арнаулы ұлттық атқыштар бригадасы құрылсын. Екіншіден, атқыштар бригадасының құрылуына байланысты Ақтөбе қаласына бөлінген контингент пен наряд бойынша керекті азық-түлік, жем, жылқы, ат-арба, ер-тұрман, киім-кешек, жеңіл және жүк машиналармен қамсыздандыру жөнінде қалалық комиссияның салымы бекітілсін».

Батыстан жинақталған жауынгерлер

101-жеке ұлттық атқыштар бригадасының құрамына 3804 жауынгер мен командир тіркелді. Оның 77-сі — жоғары, 559-ы — орта білімді, білімі төмендер саны — 2669, сауаты аз және сауатсыздар саны —  499 адам. Әлеуметтік жағдайына байланысты: жұмысшылар — 705, колхозшылар — 1503, қызметкерлер — 1596 адам. Ұлттық құрамы: қазақтар  — 80,3 пайыз, орыстар — 10,2 пайыз, украиндер — 3,7 пайыз, өзбектер — 1,8 пайыз, басқалары — 4,1 пайыз.

Атқыштар бригадасы құрамындағылар Ақтөбе, Гурьев (қазіргі Атырау), Батыс Қазақстан, Қызылорда облыстарынан жинақталды. 101-жеке ұлттық атқыштар бригадасының командирі, полковник Севастьян Яковленко, ал  комиссары, аға политрук Нури Алиев болды.  Соғыс  кезеңінің штаты бойынша бригада құрылып болғанда, яғни 1941 жылдың мамырында 101-жеке атқыштар бригадасының құрамы 5007 адамға жетті.

Партия және үкімет басшылары бұл бригаданың  құрамын, әскери дайындығы мен қару-жарақ, жалпы материалдық жағын қамтамасыз етуге ерекше көңіл аударды.

1941 жылдың 23 желтоқсанында Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитеті облыс бойынша қазақтардың арасынан 110 коммунист пен комсомол мүшелерін ұлттық әскери құрамаларда саяси жұмыстар жүргізу үшін жұмылдыруға шешім қабылдады. Себебі мұндай жұмыстарды жүргізетіндердің

70-80 пайызы  комсомол мүшесі болуы тиіс еді. Саяси жұмыс атқаратын жауынгерлерге ұсынылғандардың қатарында К.Жармұханбетов, З.Дүйсенбин, Ж.Әбденов, А.Тұрашевтар болды.

Бірінші атқыштар батальоны: мықты дайындық, жоғары нәтиже

Жалпы бұйрық бойынша бригаданың құрамында келесі  бөлімшелер болуы тиіс еді: 3 жеке атқыштар батальоны, миномет батальоны, байланыс батальоны, артиллериялық дивизион (76 және 57 мм), минометтік дивизион (120 мм), минометтік батарея, РС ПТР ротасы, барлау ротасы, автоматшылар, тасымалдау авторотасы, медсанитарлық рота, ерекше бөлімше взводы, әуе шабуылына қарсы қорғаныс взводы, әскери прокуратура, әскери трибунал.

1942 жылдың 1 қаңтарында жоғарыда аталған бөлімшелер (әскери прокуратура мен әуе қорғанысынан басқа) дайын болды. Бригаданың саяси жұмыс жүргізетін бөлімшесі бұрын партия және кеңес аппараттарында жұмыс жасаған немесе Жұмысшы-шаруа қызыл әскерінің (РККА) кадр бөлімшесінен келген жергілікті ұлт өкілдерінен толық жасақталды. 1942 жылдың 7 наурызында №МСУ /0045 Оңтүстік-Орал округі қолбасшысының бұйрығы бойынша 101-жеке ұлттық атқыштар бригадасы Оңтүстік-Орал әскери округінің құрамына кірді. Бұл бригаданың әскери дайындығына да  ерекше мән берілген. Олар әскери дайындықты 1941 жылдың 17-18 желтоқсанында бастап кеткен. Бөлімшелерде ату, тактикалық, сапта жүру дайындықтары өткізілген, ал артиллериялық, минометтік, байланыс батальондарына жеке дайындық жүргізілген. Бөлімшелердегі жауынгерлері берілген тапсырмаларды зерттеп, ерекше назар аударып үйренген. Тактикалық дайындық бойынша атқыштар бөлімі қорғануға, шабуыл жасауға, алдыңғы қатардағы оқ жаудырғыштарға шабуыл жасауға жаттыққан. Жаттығулардың 50 пайызы ашықтықта өткізілген. Ал әртүрлі жағдайда ату тәсілдерін меңгерген және  сапта жүру дайындығы 2 сағат бойы жүргізілген.

Дайындықта ең жақсы нәтиже көрсеткендер — бірінші атқыштар батальоны. Бұл батальонның командирі — капитан Садыбеков, ал комиссары, саяси жетекшісі Шунаев болған. Аталған батальон барлық әскери-саяси дайындық түрлерінен алда келген және саперлық ротада да, байланыс батальонында да, миномет батареясында да  нәтиже жоғары болған.

1941 жылдың желтоқсан айынан бастап жауынгерлермен саяси жұмыс та  жүргізілген. Бригадада 114 саяси даярлау тобы және олардың жетекшілері ұйымдастырылды. Бөлімшелердің комиссарлары мен саяси жетекшілері топ жетекшілерімен  әр тақырыпты түсіндірер алдында әңгімелесіп, конспектілерін тексеріп барып топқа дәріс  беруге рұқсат еткен.

1942 жылдың 1 қаңтарында саяси дәрістің екі тақырыпта болғаны белгілі. Оның бірі — «Кеңес халқының германдық фашизмге қарсы Ұлы Отан соғысы» (4 сағат), екіншісі — «Тәртіп, ұйымшылдық, тұрақтылық — фашизімді жеңудің бірден-бір дұрыс жолы» (2 сағат).

Ұлттық бригада: таратылу, талқандау

Архивте сақталған деректер бойынша бригадаға 16 жүк машина, 6 жеңіл машина, 460-тан астам жылқы, 52 ат-арба, 89 ер-тұрман, 1089 тон, 1428 құлақшын, т.б. керек-жарақтар берілген.

Майданға аттану алдында жолда тамақтану үшін әр колхоз, совхоз, мекемелер  сыйлықтар ұйымдастырған. Жұртшылық ет, май, тары тапсырған. Облыс аудандары бойынша 2000 келі ет, 500 келі май, 2000 келі тары  жиналған.

КСРО Жоғарғы Кеңесінің төрағасы, маршал К.Ворошиловтың Жарлығы бойынша 101-жеке  ұлттық атқыштар бригадасы майданға аттанды. 1942 жылы қарашаның аяғында бұл бригада алғаш рет Калинин облысының Оленино қаласының маңайында болған  ұрысқа қатысқан. Бұл шайқаста, ардагерлердің айтуы бойынша, 2,5 мыңнан астам жау жойылған. Х.Бекишев, У.Ахметзянов, А.Алпысбаев, Ш.Қарамергенов тәрізді жауынгерлердің ұрыс даласындағы ерлігі мен батылдығы өзгелерге үлгі болған.

Кейін 101-жеке атқыштар бригадасы Витебск, Смоленск облыстарын, Белоруссия, Балтық жағалауы елдерін жаудан азат ету шайқастарына қатысқан. Соғыста ерлік көрсеткен жауынгерлер аз емес. Солардың қатарында Б.Иржанов, Г.Житинков, Р.Нұртазин, И.Нуркин, В.Вострокнутов, П.Хасанов, А.Аязбаев сияқты көптеген жауынгерлер бар.

1944 жылы  Қызыл әскерді қайта ұйымдастыруға байланысты 101-жеке ұлттық бригада таратылды. Бригада жауынгерлері мен командирлерін 47-ші және 90-атқыштар дивизиясының құрамына қосты.

Калининск майданындағы Ржев бағытындағы ұрыстың бірінші күнінен бастап бригаданың қандай қиян-кескі шайқасқа түскенін қаза тапқандардың, белгісіз кеткендердің тізімінен-ақ байқауға болады. 1942 жылдың 26 қарашасы мен 29 желтоқсан аралығында 744 жауынгер қаза тапқан, 313-і — белгісіз кеткендер, 2544-і — жарақаттанғандар. Жалпы 4918 жауынгердің 3601-і жапа шеккен.

Ардақ ҚҰЛНИЯЗОВА,

облыстық архив қызметкері.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button