Абай — 175

Ақтөбеде абай туралы фильм әзірленіп жатыр

С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында Ұлы Абайдың 175 жылдығына байланысты жарық көрген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақаласын түсіндіру мақсатында дөңгелек үстел  өтті.

Шараға жоғары оқу орындарының оқытушыларымен қатар, мектеп мұғалімдері, абайтанушылар, мәдениет саласының мамандары шақырылды.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің «Абайтану және ұлттық руханият» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Абат Пангереев:

Еліміздің рухани өмірінде үлкен серпіліс, өзгеріс болып жатыр. Біз Абайды бұрын айтпадық емес, айттық, оқыттық. Бірақ біздің оқытқанымыз сол аудиториямызда, айтқан жерімізде қалды. Ол алысқа жеткен жоқ, жетпейді де. Абай тек пән ретінде ғана оқытылды. Мемлекет басшысының Абай туралы мақала жазуы — еліміздің үлкен жетістігі. Осы мақала шыққаннан кейін шын мәнінде елдің бәрі абайтанушы болып барады. Абайға мемлекеттік маңыз беретін уақыт жетіп еді. Менің ойымша, бұл мақалаға Президент былтырдан бастап дайындалды. Абайды айту үшін, бірінші, оны тану керек, одан кейін таныту керек. Естеріңізде болса, былтыр Абайдың өлеңдерінен үзінді оқу эстафетасы болды. Яғни «челлендж» деп аталды. Әуелі өлеңді мектептің қаршадай бір оқушысы оқып, Президентке жолдады, ол кісі Ғылым және білім министріне жолдады, сөйтіп бүкіл ел болып, Абайды тани бастадық. Сол эстафета Абайдың 175 жылдығына дайындық  шарасы сияқты болды, — деді.

Оның айтуынша, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде Абайдың 175 жылдығына арналған шара былтырдан бастау алған.  «Жұбановтан Абайға дейін» деген ғылыми-танымдық экспедиция осы мақсатта ұйымдастырылыпты. Ақтөбеден бастау алған экспедиция Павлодар, Семей, Жидебай өңіріне дейін жалғасқан. Экспедиция мүшелері Жидебайдағы Абай, Шәкәрім кесенесіне тағзым етіп, тұрған үйін өз көздерімен көрген, осы шарадан фото, бейнежазбалар жасақталыпты. Енді осы сапардан шағын фильм жасау жұмыстары қолға алыныпты. Бүгінгі таңда фильмнің сөзі дайындалып, енді техникалық әрлеу жұмыстары ғана қалыпты. Абат Пангереевтің айтуынша, жақын аралықта бұл фильмнің тұсаукесері өткізілмек.

Дөңгелек үстел басында өзгелері де тақырыпқа байланысты өз ойларын ортаға салып, пікір алысты.

Шараға жиналғандар кітапхана ұжымы ұйымдастырған «Абай мұрасы — халық ұлағаты» тақырыбындағы кітап көрмесін тамашалады.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button