Білім

Жаңа заң: педагог мәртебесі — ел мерейі  

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында берілген тапсырма жүзеге асты. Өткен жылдың аяғында, 30 желтоқсанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Педагог мәртебесі туралы» Заңға қол қойды.

Жалпы 21 баптан тұратын құжат еліміздегі жарты миллионнан астам педагогтің құқығын қорғап, абыройын арттыра түспек. Бұл құжат еліміздің тарихында педагогтерге арналған тұңғыш заң болуымен де ерекшеленеді. 

Заңға сәйкес, елімізде мемлекеттік награданың  жаңа түрі —  «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атты мемлекеттік наградасы бекітілді. Марапат иесіне 1000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде сыйақы (2,5 миллион теңге) беріледі.

Қаңтардың 1-інен бастап барлық білім беру ұйымдарының педагогтерінің жалақысы 25 пайызға артты. Мұғалімдер өз функциясынан тыс жұмысқа тартылмайды. Талап орындалмаған жағдайда құқық бұзушы әкімшілік жауапқа тартылып, айыппұл төлейді. Сондай-ақ педагогтің ар-намысына тиген қоғамның әрбір мүшесі де заң алдында жауапты.  

Заң нормаларын жүзеге асыру үшін 2024 жылға дейін бюджеттен 5 триллион 3 миллард теңге бөлінеді.  

Жаңа заң туралы біз облыстық  білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Бұлбұл Күзембаевамен сөйлескен едік.

 Төрт бағыт

— Заң қабылданды. Бұл — еліміздегі 500 мыңнан астам педагогтің қуанышы. Расында, бұл құжат педагогтердің мерейін үстем етіп, мәртебесін асқақтатып тастады.

Заң төрт бағыттан тұрады. Біріншісі, педагогтердің құқығын қорғап, артық жүктемеден босатады. Екіншісі, мұғалімнің қызметіне қойылатын талаптар да күшейтіледі. Үшіншісі, материалдық емес ынталандыру тетіктері. Ал төртінші бағытта материалдық тұрғыдан көтермелеу шаралары қарастырылған, — дейді Бұлбұл Күзембаева.

Заңды жүзеге асыру үшін 2024 жылға дейін бюджеттен 5 триллион 3 миллард теңге бөлінеді екен.

Ұстаздарға мемлекеттік награда беріледі

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес 4 жыл ішінде мұғалімдердің еңбекақысы екі есеге артады.  Жаңартылған білім беру мазмұнына сәйкес, бұған дейін тек мектептердегі мұғалімдерге ғана қосымша ақы төленетін еді, енді балабақшалар мен колледждердегі педагогтер үшін де біліктілік санаты үшін лауазымдық жалақыдан 30 пайыздан 50 пайыз аралығында қосымша ақы төленетін болады. Бұл — әрбір педагогтің шеберлігіне, біліктілігіне байланысты берілетін қаржы.

Заңда материалдық емес ынталандыру тетіктері туралы да жазылған. Соған сәйкес, педагогтердің балаларына балабақшаға бірінші кезекте орын беру нормасы қарастырылыпты. Сондай-ақ, жоғары оқу орындарынан басқа білім беру мекемелеріндегі мұғалімдерді әскерге шақыруды кейінге қалдыру көзделген.

— «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» мемлекеттік марапаты тағайындалатын болды. Бұл құрметке ие болған ұстазға 1000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде бір жолғы сыйақы төленеді.

Жаңа құжаттың арқасында тәлімгерлік үшін мектеп мұғалімдеріне ай сайын қосымша 17 мың теңгеден төленетін болды. Тәлімгерлік бұрыннан бар. Әр мектепте білікті педагог жас мамандарға бағыт-бағдар береді. Бірақ бұған бұрын ақы төленген жоқ. Биылғы 1 қаңтардан бастап ғылыми педагогикалық бағыттағы магистр дәрежесі үшін ай сайын мектеп мұғалімдеріне 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (25 500 теңге) үстемеақы төленеді. Бұған дейін магистрлерге мұндай қолдау болған жоқ. Сынып жетекшілігі, дәптер тексергендігі үшін төленетін ақы екі есеге артып отыр.

Тағы бір жаңалық, біліктілік санаты үшін мектеп директорлары мен олардың орынбасарларының жалақыларына 30-дан 100 пайызға дейін қосымша ақы төленеді. Жалпы, мектеп басшыларының, орынбасарларының жалақылары қарапайым мұғалімдерге, жоғары санатты қатардағы мұғалімге қарағанда аз.

Халықаралық олимпиада, түрлі байқау және спорт жарыстарының жеңімпазын әзірлеген мұғалімге де үлкен қолдау көрсетілмек. Мұндай жетістіктерге ие болған педагогтерге үш еңбекақы мөлшерінде сыйақы беру қарастырылған.

Бұған дейін балабақшалардың тәрбиешілері, педагогтері 42 күн демалған еді, енді олар да мектептердегі педаогтер секілді 56 күн демалатын болады, — дейді департамент басшысы.

2021 жылдың 1 қыркүйегінен бастап, орта білім беру мекемелеріндегі педагогтердің нормативтік оқу жүктемесін 18 сағаттан 16 сағатқа төмендету жөнінде норма бекітіледі.

Ар-намыс және айыппұл

— Заң педагогтердің жеке дамуына және жалпы оқу процесін жетілдіруге мүмкіндік береді. Олар қағазбастылықтан арылып, тек өз міндеттерімен айналысады.

Мұғалімдер фунционалды қызметіне жатпайтын жұмыстарға тартылса, құқықбұзушы жауапқа тартылады. Педагогтерге заңсыз жүктеме берген тұлғаларға әкімшілік іс қозғалады. Мұндай жағдай анықталған кезде алдымен ескерту беріледі, одан кейін тағы да қайталанса, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекске сәйкес,  20-дан 120-ға дейінгі айлық есептік көрсеткіш көлемінде (53 020 теңгеден 318 120 теңгеге дейін) айыппұл салынады.

Жалпы, педагогтерді өздерінің функциясына кірмейтін жұмыстарға тарту, еліміздің заңнамаларында белгіленбеген тексерулерді жүргізу, бекітілмеген есептерді сұрау, талап ету тәрізді үш пункт бойынша алдымен ескерту беріледі. Қайталанса, 20-дан 120 АЕК көлемінде айыппұл салынады, — дейді департамент басшысы.

Сондай-ақ осы заңның жүзеге асуы үшін ата-аналардың жауапкершілігін арттыру, балалардың құқығын қорғау, ұстаздарға әдепсіз мінез-құлық көрсеткені үшін, заңсыз тексерістер үшін айыппұлдар қарастырылып отыр. Ұстаздың ар-намысына тигендер әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Оқушылар тарапынан өрескел қылық көрсетілсе, ата-анасы жауап береді. Жеке тұлғалар педагогтің ар-намысына тигені үшін бірінші жағдайда 30 АЕК-ден төлейді. Екінші рет қайталанса, 40 АЕК көлемінде айыппұл салынады.

— Бұл жағдайда ескерту мүлде болмайды, бірден айыппұл төлейді. Кәмелетке толмаған балалар педагогтерді балағаттаған жағдайда олардың ата-аналарына немесе заңды тұлғаларына бірінші рет болса, 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Екінші рет қайталанғанда 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді, — дейді Бұлбұл Күзембаева.

Атау өзгертілді. жаңа функция

 Осы өзгерістерге байланысты заңның орындалуын қадағалау, бақылау білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті, аумақтық департаменттерге жүктеліпті.

— Бізге жоғарыдағыдай мазмұнда арыз-шағымдар түскен жағдайда, арыздарды тексереміз, зерттейміз. Нақты дәлелденген жағдайда әкімшілік іс қозғаймыз. Кейбір пункттер бойынша материалдарды жинақтап, сотқа жібереміз. Сот арқылы айыппұл саламыз. Кейбір пункттер бойынша өзіміз әкімшілік іс қозғап, айыппұл саламыз. Заңның толық жұмыс жасауы үшін тек қана министрлік емес, департамент емес, барлық қоғам болып атсалысу керек.

Айта кету керек, қаңтар айынан бастап барлық өңірлердегі департаменттердің атауы өзгертілді. Облыстық білім саласындағы бақылау енді облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті болып қайта құрылды. Біз бақылауды күшейте отырып, сапаны қамтамасыз етуіміз керек. Қазір балалардың құқықтарын қорғау, қауіпсіздіктерін қамтамасыз ету мәселесі өзекті болып отыр.  Бұрын әрбір өңірде балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі департаменттер жұмыс жасаған-ды. Кейіннен департаменттер жабылып, облыстық білім басқармасының жанынан бөлімдер ашылды. Қазір осы мәселені бақылау үшін, жергілікті атқарушы органдардың жұмысын үйлестіру үшін министрлік біздің департаментке осы функцияны жүктеп отыр. 

Жаңа заң бірінші кезекте білім сапасының артуына үлкен үлес қосады. Педагогтер үшін барлық жағдай, мол мүмкіндік жасалып отыр. Сол себепті мұғалімдер кәсіби міндетін сапалы атқаруы тиіс, — дейді Бұлбұл Күзембава.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button