Әкімдер есебі

Биыл Қарасай мен Жармаға ауызсу беріледі

Осы аптада аудан әкімі Аққанат Шахин Аманкөл, Қызылжар, Құмтоғай, Ырғыз, Нұра ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесіп, өткен жылғы атқарылған жұмыстар және алдағы міндеттер жөнінде есеп берді.  

Аталған кездесулерге облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау жөніндегі басқарма басшысы Абдухат Мырзалин, аудандық бөлім басшылары, ауыл тұрғындары мен жастары қатысты.

Ауылдық округтерде өткен аудан әкімінің кезекті есеп беру кездесуінде Аққанат Шахин 2019 жылы атқарылған жұмыстар туралы баяндап, биылғы жылға жоспарланған міндеттермен бөлісті. Олардың қатарында жастарды кәсіпке икемдеу, өнеркәсіпті жандандыру, әлеуметтік және мәдениет салаларын жаңғырту, ауыл шаруашылығын дамыту, жұмыссыздықты азайту, т.б. мәселелер бар.

Кездесулерде аудан әкімі тұрғындар тарапынан қойылған бірқатар сұрақтарға жауап беріп, көтерілген мәселелер мен сауалдардың ескерусіз қалмайтындығын, азаматтардың ұсыныстары мен пікірлері үнемі назарда болатынын жеткізді.

Аудан орталығы Ырғыз ауылындағы «Арай» мәдениет үйінде өткен есеп беру жиынында  сөз сөйлеген аудан әкімі:

Өткен жылы ауданымызда ауыл шаруашылығына қажетті бірқатар техникалар сатып алынды. Ауданға қарасты үш елді мекенде тұрғын үйлердің құрылысы қарқынды жүргізіліп, Жаныс би, Шеңбертал ауылдарында жаңа мектеп ғимараттары бой көтерді. Алдағы уақытта Қарасай, Жарма ауылдарын ауызсумен қамтуды жоспарлап отырмыз, — деді.

Өз сөзінде аудан әкімі былтыр аудандағы халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға,  азаматтардың өтініш-тілектерін оңтайлы шешу мақсатында нәтижелі жұмыстар жүргізілгендігін және кәсіптік саладағы бірқатар жетістіктерді атап өтті. Ол алдағы уақытта аудандағы белсенді жастар мен жұмыссыз жастарды еңбекке баулу, кәсіпкерлікке икемдеу керектігін айтып, ауыл тұрғындарын бірлесіп жаңа бастамалар көтеруге шақырды.

Жиын соңында аудан тұрғындары әкімнің есебіне оң баға берді.

Сондай-ақ кездесулерден кейін облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау жөніндегі басқарма басшысы А.Мырзалин мен аудан әкімі А.Шахин тұрғындарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады.

 Данагүл ҚАЗИХАН,

Ырғыз ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button