Мәселе

Билетсіз тасымалдау қылмысқа соқтырады

Теміржолдың бойы қауырыт тірлік. Бұл жерде жазатайым оқиға, ұрлық-қарлық өзге де келеңсіз жайттар көп болады. Осы орайда  Қазақстан теміржолы ұлттық компаниясына қарасты Ақтөбе жол бөлімшесінде жиын өтті. Жиынға теміржол мекемелерінің өкілдері қатысты.

Шарада көліктегі полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Сарықұл Жоланов теміржол аумағындағы мәселерді ортаға салды. Ал Ақтөбе станциясындағы желілік полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Сарыбай Сәрсенов Ақтөбе жүк тасымалдау бөлімшесінің және облысқа  қарасты теміржол ұйымдарының басшылары мен қызметкерлері арасында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті арттыру бойынша қабылданып жатқан шараларды айтты. Теміржол аумағында жазатайым оқиғаларды болдырмау, жылжымалы құрамдағы жүктерді ұрлықтан сақтау, вагон, тепловоздардың заттары қолды болмау үшін сақтық шараларына қатаң мән беру керектігін ескертті. Бұл үшін теміржол мекемелері жұмыла жұмыс жасауы керек. Оның айтуынша, облыста көліктегі полицияның қызмет ету аймағында 38 станция, 46 разъезд орналасқан, соның ішінде 13 вокзал және 1 халықаралық әуежай бар. Өткен жылы Мемлекет басшысының ұсақ құқықбұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік туралы талаптарын орындау барысында атқарылған шаралар кезінде барлығы  6355  азамат әкімшілік жазаға тартылған.

Жазатайым оқиғалар, пойыздардың жедел тежелуі, сондай-ақ теміржол көлігі объектілеріндегі травматизм фактілері азаяр емес. Теміржол көлігінде қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қағидаларды бұзғаны үшін 1514 адам әкімшілік жазаға тартылған, — деді Сарыбай Сәрсенов.

Сондай-ақ ол заңбұзушылықтарды дәлелдеу үшін барлық тепловоздарда бейне тіркеу құралын /видеорегистратор/ орнату қажет екенін айтты.  Бұл — техногенді процесс, жедел тежеу кезінде машинист көмекшісінің дер кезінде қабылдаған шешімінің дұрыстығын анықтау үшін өте  маңызды роль атқарады.

Жұмысқа кері әсерін тигізіп отырған тағы бір мәселе —  билетсіз  жолаушыларды тасымалдау. Қазір осы бағытта құзырлы мекемелермен байланыс жасап жатырмыз. Себебі жол жүру құжатынсыз пойызға мінген кейбір азаматтар қылмыс жасап, кез келген станцияда ізін суытады. Қылмыстық қадағалау органдарынан бой тасалап жүрген, іздеудегі азаматтар да  кедергісіз жүреді. Осы мәселені шешу үшін жазда және мереке күндері жолаушылар пойыздарына қосымша вагондар тіркеу керек, — деді Сарыбай  Сәрсенов.

Жиында осы және өзге де мәселелер айтылды.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button