Жаңалықтар

Фермерлер қолдау күтеді

Бейсенбі күні Ақтөбе, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарының фермерлері — «Ақтөбе фермерлер орталығы» қоғамдық қозғалысының мүшелері өздерін мазалаған проблемалар жөнінде Қазақстан Республикасы Президентінің экономикалық мәселелер жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Олжас Құдайбергеновпен кездесу барысында ортаға салды.

«Атамекен» өңірлік кәсіпкерлік палатасы конференц-залында өткен басқосуда жиналғандар жуық арада рақымшылық қабылдануы қажеттігіне және агроөнеркәсіп кешенін басқарудың қолдай режиміне көшіру туралы мәселеге назар аударды.

Осы айтылған жайлар республикалық деңгейдегі тиісті басшылықтарға да ұсынылмақшы.

Фермерлердің жанайқайын тыңдауға облыс әкімінің орынбасары Аманғали Бердалин мен «Ақтөбе» ӘКК» басқармасы төрағасы Ермек Имантаев та келді.

— Біздің облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына ешқандай талабымыз жоқ. Облыс әкімдігі біздің проблемаларымызды бірлесіп шешуге әрқашан да дайын. Барлық мәселе салалық министрлікке тіреліп тұр. Біз әзірге проблеманың шешілу ыңғайын көре алмай отырмыз, сондықтан да саланы басқарудың қолдай режиміне ауыстыруды сұраймыз, — деді қоғамдық қозғалыстың жауапты хатшысы Александр Мандрыкин.

Күн тәртібіндегі мәселеге қатысты өздерінің ойларын  Алға ауданындағы «Меңдібай Қарағаш», Қарғалы ауданындағы «Жаңа тұрмыс» және «Ардағым» шаруа қожалықтарының жетекшілері Марлен Баймағамбетов, Марат Құбиев және Қали Исмайылов ортаға салды. Көршілес Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарынан келген өкілдер Серік Жарылғапов, Шолпан Мұқатова да өздеріндегі қалыптасқан жағдай туралы баяндады.

Алғалық кәсіпкер Евгения Макаревич, «Эко Ферма 2015» жылыжай кешенінің жетекшісі Азамат Жексенбиев және басқалары шешуін күткен проблемаларды қозғады.

Ауыл шаруашылығындағы балық, сүт және құс өсіру салалары өкілдері Олжас Құдайбергеновтен фермерлердің проблемаларын шешуге көмектесуді сұрады. Бұл проблемалар ауқымында ауыл шаруашылығына шетелдік жұмысшы күшін тартуға квотаны ұлғайту, жергілікті өзін-өзі басқару жолымен жерге құқықты ішінара алуға рұқсат беру, онлайн режимінде жұмыс істейтін кассалық аппараттарды мәжбүрлі енгізуді тоқтату сияқты жайлар бар.

— Саладағы жағдай күрделі, біздің қозғалысымыздың негізгі мақсаты — бұл ахуалды тұрақтандыру. Ал әзірге билік аталған мәселені шешкенше, бізге фермерлік рақымшылық керек және ұлттық тауар өндірушілерді қорғау туралы заң қажет, — деді Александр Мандрыкин.

Олжас Құдайбергенов шаруаларды тыңдап, олардың бұл мәселеге алаңдаушылық білдіргеніне ризашылығын айтты.

— Мен штаттан тыс кеңесшімін, сондықтан менен нақты, толық ақпарат алуларыңызға болады. Бізде, қаржыгерлерде: «Ақша жоғалтқың келсе, оны ауыл шаруашылығына сал», — деген сөз бар. Бұл сөз іске сенбегендіктен емес, оның болжап болмайтын және көбіне зиянмен жұмыс істейтін сала екендігіне қаратып айтылған. Сондықтан талдап қарасақ, кейбір дүниелерді өзгертуге болады. Сіздерді сендірейін, бүгінгі күні министрлікте үлкен жұмыстар атқарылып жатыр, нәтижелер болады, — деді ол.

«Ақтөбе» ӘКК» басқармасы төрағасы Ермек Имантаев фермерлерді жақсы жаңалықпен қуантты.

— Бізде облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің тікелей тапсырмасы бойынша әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация базасында Өңірді дамыту орталығы құрылатын болады. Біздің корпорацияның мекенжайын бәріңіз де білесіздер, келіңіздер, бірігіп жұмыс істейтін боламыз, — деп сендірді ол жиналғандарды.

      Ләззат ЕГІБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button