Жаңалықтар

«Ва-Банк» фильмі көрерменге жол тартты

«Keruen City»  ойын-сауық орталығындағы кинотеатрда «Ва-Банк» отандық  фильмінің жабық көрсетілімі өтті. Жаңа туындыны көпшілікпен бірге Ақтөбе қаласының әкімі Мавр Абдуллин де тамашалады.

Бұл фильмнің ел аймақтары арасында Ақтөбеде бірінші болып көрсетілуінің де өзіндік себебі бар. Өйткені жаңа туынды Ақтөбе өңірінде туған талантты актриса  Құралай Анарбекованың прдюсерлігімен түсірілген. Режиссері — Әлішер Өтеев. Көпшілікке «Жау жүрек мың бала» фильміндегі қағілез Қорлан рөлімен танылған Құралай бүгінде бірнеше кино түсіріп үлгеріпті. Оның бұған дейін көпшілік назарына ұсынған «Брат или брак» фильмі отандық кинемотографияда кассалық жиын және келушілер саны бойынша рекордтық көрсеткіш орнатқан. Ал «Ва-Банк» фильмінің жанры — экшен. Кинода  комедия да, махаббат та бар.  Көрерменін күлдіре отырып, қоғамдағы өзекті мәселелерді көрсетуге тырысады.

Киноны түсірудегі мақсат — отандық кино саласын дамытуға өз үлесімді қосу. Фильмде банк тонау оқиғасы ғана көрсетіліп қоймайды, сонымен қатар адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасы, арадағы сезім, достық пен сыйластық, оның ішінде адамгершілік қасиеттерді ашып көрсетуге тырыстық. Бұл жерде ұлттық болмысымызға тән басқа да құндылықтарымызға басымдық берілді, — деген Құралай Анарбекова алдағы уақытта туған жерімен байланысты жобаларды жүзеге асыру да жоспарында барын айтты.
Шараға кинокартинаның бас продюсері әрі басты рөлді сомдаушы актриса Құралай Анарбекова және фильмде ойнаған қазақ киносының  жас таланттары —  Нүркен Иманқұлов, Димаш Жұматай, Дариға Бадықова, Ерлан Прімбетов пен  Нышанбек Жұбанаевтар қатысты.

Шарада Ақтөбе қаласының әкімі Мавр Абдуллин:

Елбасымыз отандық киноны дамыту мәселесін қолға алу, оған қаржы бөлу, сол арқылы бұл саланы жетілдіру қажеттігін тапсырған болатын. Бұған дейін отандық кино саласында тарихи тұлғалар туралы фильмдер көптеп түсіріліп, көпшілікті қызықтырып келсе, қазір заманауи, комедиялық жанрдағы қазақ фильмдері өз көрермендерін таңдандырып жүр. Осындай туындылардың жарыққа шығуына кәсіби мамандардың ықпалы зор. Солардың бірі — жерлесіміз Құралай Анарбекова. «Ва-банк» атты жаңа туындының алғашқы тұсаукесер рәсімінің Ақтөбе жерінде жасалып жатқаны әрі шаһарымыздың 150 жылдық мерейтойымен сәйкес өтуі бізді қуантады, — деген ол көрерменге жол тартқан жаңа фильмнің әртістеріне облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің атынан алғыс айтты.

Ақтөбедегі іскер әйелдер қауымдастығының қолдауымен өткізілген бұл шарада М.Абдуллин Құралай Анарбекова мен Әлішер Өтеевті Ақтөбе қаласының 150 жылдығына арналған мерейтойлық медальмен марапаттады.

Отандық жаңа туынды 26 желтоқсаннан бастап еліміздің барлық кинотеатрында көрсетіле бастайды.

Арайлым НҰРБАЕВА.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button