Мәдениет

Қызыққа толы «Музей түні»

Кеше облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Музейлер шеруі» республикалық акциясы аясында «Музейдің түнгі сырлары» атты Ашық есік күні ұйымдастырылды. Шараға облыс әкімі Оңдасын Оразалин қатысты.

Облыс тұрғындарына, қала қонақтарына өңірдің тарихын кеңінен насихаттау, музейге келушілердің қызығушылығын арттыру мақсатында өткізілген шара кешкі сағат 19.30-да басталды.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин бастаған топ музейдің арнайы жабдықталған залдарын аралап, қолөнершілер ұйымдастырған көрмелерді тамашалады. Облыс басшысын, әсіресе, қолөнершілердің киізден оюлап жасаған бұйымдары ерекше қызықтырды. Шеберлер облыс басшысына киіз басу және алаша тоқу үшін жүн, бояу, мақта, т.б. материалдарды өзге өңірлерден сатып алатынын, облыста мұндай өнімдер шығарылмайтынын жеткізді. Сондай-ақ облыс әкімі Алға ауданының Болгарка ауылындағы «Вяра» болгар этномәдени бірлестігі жасақтаған этнографиялық көрмені де тамашалады.

«Музей түнінде» тұрғындарға «Ақтөбе коллекционерлерінің клубы» қоғамдық бірлестігінің «Қазақстан Республикасының алғашқы пошта маркалары» және «Ақтөбенің пошта конверттері» атты көрмелері ұсынылып, «Табиғат» залында «Қызықты текше» викторина ойыны ұйымдастырылды.

Ашық есік күніне келушілер «Археология» залындағы қола дәуірі тұрғындарының баспанасы макетін көріп, керамикалық ыдыстар көрмесін тамашалады. Қолөнер шеберлері керамикалық бұйымдар жасаудан шеберлік сағаттарын өткізіп, келушілерге өздері жасаған жұмыстарын таныстырды.

Шара барысында «Қазақ хандығы» залында Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының актерлері «Қазақ хандығының тарихынан» атты театрландырылған көрініс қойып, «Өлке тарихы» залында қаланың орта мектептерінің алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімдері «АК-74» автоматы қаруын бұзып-жинаудан шеберлік сағаттарын өткізді. Тұрғындар аталған залдағы «Жауынгер қазақ қызы» кейіпкері мен белгілі ақын М.Құрманалиннің бейнесіндегі кейіпкер ақынның мүсінімен естелік суретке түсті.

Этнография залында «Қазақ ауылының көрінісі» тақырыбында жыршы, термешілердің шығармашылығынан үзінділер айтылып, «Ата өнері — ұрпаққа өнеге» қолданбалы өнер шеберлерінің бұйымдары таныстырылды. Тұрғындар өлкенің тарихынан сыр шертетін, сондай-ақ қазақтың ұлттық бұйымдары мен киімдерінен жасақталған көрмелерді тамашалап, ерекше әсер алды.

«Музей түніне» келушілерді ерекше қызықтырған дүниелердің бірі — Алға ауданының Болгарка ауылындағы «Вяра» болгар этномәдени бірлестігінің әкелген бұйымдары. 110 жылдық тарихы бар болгар халқының ұлттық бұйымдары бүгінде Болгарка ауылындағы музейде сақтаулы.

Бірлестік мүшесі, Болгарка мектеп-балабақшасының кітапханашысы Марина Маринованың айтуынша, музейден этнографиялық көрмеге 17 экспонат әкелінген. Олардың қатарында тоқыма станогы (дюзен), қамыр илейтін астау, қызыл бұрыш ұнтатуға арналған келі (дюбек), үйленгенде тағатын болгар халқының ұлттық орамалдары (года-пешкер), чыртма аталатын музыкалық аспап, т.б. бар.

 

Біздің бірлестік жасақтаған музей 2015 жылы ашылды. Алдағы уақытта музей жұмысын жандандыру, оны кеңейту үшін мемлекет тарапынан немесе демеушілердің қаржылай қолдауы керек. Болашақта облыс тұрғындарына, шетелдерден келушілерге арнап көрме ұйымдастыру үшін көптеген жұмыстар атқарылуы керек. Әсіресе, музейдегі көне экспонаттарды күтіп, оларды сақтап қалу, сондай-ақ музейді келушілерге таныстыру үшін арнайы мамандар жұмыс жасаса деген тілегіміз бар, — дейді Марина Маринова.

Ал Сарықобда ауылдық округінің әкімі Қуаныш Тағановтың айтуынша, алдағы уақытта музей жұмысын жандандыру мақсатында бірқатар жобалар жүзеге асырылмақ.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button