Басты жаңалықтарСпорт

Әлем чемпионаты жоғары деңгейде өтті

Қазақ күресі

15-16 желтоқсан күндері облысымыздағы Мұз сарайы спорт кешенінде қазақ күресінен әлем чемпионаты өтті. Байрақты бәсекеде жалпы 9 салмақта 40-тан астам мемлекеттің  балуандары бақ сынады. Жарыстың ашылу салтанатына облыс әкімі Оңдасын Оразалин, ҚР Энергетика министрі, Qazaq Kuresi халықаралық федерациясының президенті Қанат Бозымбаев, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Елдос Рамазанов, ҚР Еңбек Ері, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, Азия күрес кеңесінің президенті Дәулет Тұрлыханов, сондай-ақ Оңтүстік Кореядан келген Олимпиада және Әлем чемпионы Ли Вон Хи, ирандық әлем чемпионы Араш Мир Эсмайели, олимпиада жүлдегері Оскар Рене Брайсон Видал және ЮНЕСКО өкілдері қатысты. Құттықтау сөзінде:

Қазақ күресі ғасырлар бойы халқымыздың жауынгерлік, жекпе-жек өнерлерімен біте қайнасып, қанына сіңген сала. Бұл — аты аңызға айналған Балуан Шолақ, Қажымұқан бабаларымыздан мұраға қалған, ұрпақты қайсарлыққа, жігерлілікке тәрбиелейтін белдесу спорты. 1938 жылдан бастап түрлі деңгейде өткізіліп келе жатқан спорт түрі бүгінгі күні әлемдік аренаға шықты. Қазіргі кезде дүниежүзінің таңдаулы спортшыларының ілтипатына ие болған ірі турнирлер көпшіліктің назарын аудара бастады. Спорт достықты нығайтады, ел мен елді жақындастырады. Оған дәлел – осынау ұлттық байлығымызды әлем спортшылары мойындап, қыр-сырын меңгеріп, әлем біріншілігінің жүлделерін сарапқа салуға келуі. Қазақ күресі қазіргі уақытта кеңінен етек жайып, әлемдік спорт қауымдастығына сенімді түрде еніп келеді,деген облыс әкімі Оңдасын Оразалин осынау ауқымды іс-шараның еліміздің ұлық мерекесі Тәуелсіздік күні аясында Ақтөбе қаласында өткізілуіне атсалысып, сенім білдірген ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығына, бүкіләлемдік Qazaq Kuresi федерациясына алғыс білдірді.

— Биыл жарыс Еуропа мен Азияның арасында орналасқан киелі Ақтөбе өңірінде өтуде. Бұл тарихи мәртебесі бар қаланың атын дүниежүзіне танытуға жол ашады. Бүгінгі додаға жер шарының үш құрлығынан балуандар қатысып жатыр. Қазақ күресі бүгінде әлемдік брендке айналды. Соңғы екі жылда 2 рет Азия, Әлем және Еуропа чемпионаттары өткізілді. Халықаралық федерацияның құрамына 30 мемлекет еніп отыр. Онға жуық халықаралық бапкерлер мен төрешілерге арналған семинар, оқу-жаттығу жиындары ұйымдастырылды. Осының барлығы ұлттық спортты әлемдік деңгейде дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстар. Қазақ күресін Олимпиада ойындарының бағдарламасына қосу, ЮНЕСКО-ның тізіміне және мектеп бағдарламасына енгізу — біздің басты мақсатымыз, — деді Қанат Бозымбаев.
Қазақстан құрамасы 5 алтын, 1 күміс, 2 қола иеленді

Алғашқы жарыс күнінде 5 салмақта іріктеу және финалдық белдесулер өтіп, жеңімпаздар мен жүлдегерлердің есімдері белгілі болды. Қазақ спортшыларын қолдауға жиналған көрерменнің қарасы қалың болды. Ел намысы сынға түскен байрақты бәсекеде қазақстандық балуандар белдесулерін сәтті өткізіп, жанкүйер сенімін ақтады.

55 келі салмақ дәрежесінде белдескен Ниетбай Дәулет күрес сүйер көрерменнің жадында қалары сөзсіз. Іріктеу белдесулерінің барлығында жеңіске жеткен ол финалда моңғолиялық Даваниям Букшулумды уақытынан бұрын айқын басымдылықпен ұтып, Қазақстан құрамасына алғашқы алтынды алып берді.
60 келі салмақта күрескен қазақстандық Ержан Еренғайыпов чемпионаттың қола жүлдесін иеленді. Бұл салмақта чемпиондық атақ отандасымыздан айласын асырған моңғол балуаны Батсерен Енебиштің еншісінде кетті. Өзбекстан елінің өкілі Отарбек Хасанов күміспен күптелсе, жапониялық Ошума Такуми үшінші орынға тұрақтады.

66 келіге дейінгі салмақта сынға түскен қазақстандық Қуаныш Ысқақов жарыс жолындағы барлық қарсыластарын тізе бүктіріп, тұғырдың ең биік сатысына көтерілді. Ол ақтық белдесуде моңғолиялық Батзая Ерденебаярдан басым түсті.

74 келі салмақтың финалында қазақстандық Айдос Ғалимов пен грузиялық Елгуджа Барбакадзе арасында тартысты жекпе-жек өтіп, негізгі уақытта жеңімпаз анықталмады. Шешуші сәт белдесуде Айдос қарсыласының қос жауырынын жерге тигізіп, таза жеңіске жетті.
82 келіге дейінгі салмақта құрама намысын қорғаған Сахан Әбдіқасым әлем чемпионатының алтын медаліне сынық сүйем жетпеді. Қазақстандық балуан финалда грузиялық Арам Григорянның мықтылығын мойындап, күміс жүлдеге иелік етті.
90 келі салмақтың алтын медалін грузиялық Пата Гвиниашвили жеңіп алса, жапониялық Саное Юки екінші орыннан көрінді. Бұл салмақта біздің құрама сапынан боз кілемге беттеген Әділжан Ыстыбаев үздік үштікті түйіндеп, қола жүлдені қанжығасына байлады. Қола медаль үшін өткен бәсекеде Әділжан өзбекстандық қарсыласынан мықтылық байқатты.
100 келі салмақ дәрежесінде қазақстандық Нұрым Сәлімгереевке тең келер қарсылас табылмады. Іріктеу белдесулерін жеңіспен аяқтаған қазақ балуаны финалдық белдесуде грузиялық Давити Лориашвилиге жамбасқа салу арқылы айқын жеңіске жетті.
100 келідан асатын алыптардың айқасында құраманың тәжірибелі балуаны Руслан Әбдіразақов бесінші алтын медальді қоржынға салып берді. Іріктеу кезеңінен сүрінбей финалға өткен қазақ балуанын финалда Әлем барысы атанған ресейлік Роман Бобиков күтіп тұрған еді. Залға жиналған көрерменнің қолдауы Русланды жігерлендіріп, ресейлік балуанды чемпиондық атағынан айырды.
Грузиялық, украиналық және ресейлік балуандармен өткізген белдесулер аса қиынға соқты. Кешегі әлеуметтік желілерде тарап жатқан «Бобиковты ұтатын қазақ жоқ па?» деген жазбаға қатты намыстанып, тас-түйін дайын шықтым. Ресейлікті ұтқаныма қатты қуанып тұрмын. Мұндай рухты жарыста қазақ ешқашан жеңісті жауға бермеген. Әлем чемпионатына осалдар келмейді. Жеңісімді ата-анама, қазақ еліне арнаймын, — деді балуан финалдық белдесуден кейін.

Абсолютті салмақта Нұрдәулет Жарылғапов медальға таласуға мүмкіндік беретін белдесуде грузиялық Бека Бердзенишвилиге жол беріп, жарысты ерте аяқтады. Бұл салмақта өзбекстандық Мухсин Хисомиддинов «Түйе палуан» атанды. Күміс жүлде грузин спортшысы Бердзенишвилидің еншісінде. Абсолютті салмақтың жеңімпаздарына жүлдені Qazaq Kuresi федерациясының президенті Қанат Бозымбаев пен өңір басшысы Оңдасын Оразалин табыстады.
Бұдан бөлек, Халықаралық Qazaq Kuresi федерациясы медальдардан бөлек, «Үздік әдіс», «Үздік техника», «Жеңіске деген құштарлығы үшін» номинациялары бойынша үздіктерді марапаттады. 2 күнге жоспарланған әлемдік доданың биылғы басты ерекшелігі балуандардың қауіпсіздігі үшін арнайы ролл боз кілемдері төселді. Қолдануға ыңғайлы, сапасы жоғары және қалың материалдың арқасында күрестің динамикасы артты. Тағы бір айта кететін жайт, Халықаралық Qazaq Kuresi федерациясы ұйымдастырған чемпионаттар тарихында алғаш рет төрешілер құрамында Қырғызстаннан келген әйел төреші қазылық етті. Әлем чемпионатына Корея, Франция, Ауғанстан және Испания секілді мемлекеттер алғаш рет қатысты.

Жарыстың бас төрешісі ретінде халықаралық дәрежедегі Қазақстан Республикасының спорт шебері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген бапкері, PhD докторы Мырзабосынов Ербол Қуантайұлы тағайындалды. Әлем біріншілігінде 20-дан астам елдің төрешілері қызмет атқарды. Олардың арасында Украина, Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан, Грузия, Литва және Армения өкілдері болды.

Жеңімпазға — 2000, күміс жүлде иегеріне — 1000 және қола жүлдегерлерге — 500 доллардан, абсолютті салмақтағы Түйе палуанға — 5000, екінші орын алған балуанға — 2000, ал үздік үштікке енген спортшыға — 1000 доллардан ақшалай сыйақы берілді.

Әлемдік брендке айналған Қазақ күресі

Осыдан екі жыл бұрын әлем чемпионаты қазіргі Нұр-Сұлтан қаласында өткен болатын. Осы уақыт арасында басқа мемлекеттің спортшылары шеберліктерін шыңдап, қазақ күресінің әдіс-тәсілдерін жетік меңгерген. Әлем чемпионатына қатысуға өтінім білдірген мемлекеттердің саны да айтарлықтай көбейген. 40-тан астам елдің спортшылары мандаттық комиссияның отырысынан өткен.
Халықаралық Qazaq Kuresi федерациясы президентінің кеңесшісі Ұлан Рысқұл қазақ күресінің соңғы өзгерістерге қатысты жаңалықтарын тілге тиек етті.  Мәселен, осы спорт түрінен арнайы кеңес құрылуы, балуандардың жалаңаяқ белдесуі, жарақаттанып қалмас үшін ролл боз кілемінің төселуі сынды өзгерістер енгізілген.

Бүгінде қазақ күресі әлемдік брендке айналып жатқандығын тағы бір статистикалық көрсеткіш арқылы дәлелдеуге болады. Халықаралық Qazaq Kuresi федерациясының арқасында төл спортымыздың даму географиясы қарқынды түрде кеңеюде. Әлем елдері бойынша 29 мемлекетте федерация құрылған. Олардың қатарында Моңғолия, Украина, Латвия, Грузия, Польша, Норвегия, Эстония, Ирландия, Өзбекстан, Германия, Пәкістан, Болгария, Иран, Испания, Қырғызстан, Кипр, Италия, Словения, Үндістан, Ресей және басқа да елдер бар.  Тағы бір қуантарлық жаңалық, қубалық ауыр салмақтағы дзюдошы, Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері Оскар Рене Брайсон Видал өз елінде қазақ күресінің секциясын ашып, командасымен әлем чемпионатына келді. Бұл спортшының есімі қазақ күресінің жанкүйерлеріне жақсы таныс. Бірнеше жыл бұрын ол «Әлем Барысы» турниріне қатысып, чемпион атанған болатын. Бүгінде Оскар Рене өз елінде осы спорт түрін белсенді дамытуда. Оның айтуынша, қазақ күресі — ең тартымды және болашағы жарқын спорт.

— Маған қазақ күресі ұнайды. Техникалары дзюдоға ұқсас келеді. Менің ойымша, қазақ күресінің әлеуеті зор, — деп пікір білдірген.

Әлем чемпионатына Гана елінен командасын баптап әкелген бапкердің де пікірін білген едік.

— Қазақстанға осымен төртінші рет келіп тұрмын. Бұған дейін Нұр-Сұлтан қаласында оқу-жаттығу жиындарын өткіздік, бұл чемпионатқа да бір ай көлемінде сол жердің базасында дайындалдық. Қазақ күресімен грузиялық бапкер досым таныстырған еді, содан кейін қызығушылығым артып ден қоя бастадым. Біздің мемлекетте де қазақ күресінің секциясы ашылды, енді-енді жаңа деңгейге көтеріліп келеміз. Бұған дейін дзюдо, самбо, корей және африка ұлттық күрестерімен айналыстым. Біздің ұлттық  күрестің қазақ күресінен айырмашылығы күртеше кимей күреседі. Бұл чемпионатта медаль иелене алмадық, бірақ алдағы уақытта жаттығу жұмыстарын тоқтатпай нәтижеге жұмыс жасаймыз. Командадағы балуандармен спортта жүріп таныстым, күніне 3 сағат дайындаламыз. Ақтөбенің ауа райы мен жылқы еті тамаша әсер қалдырды, — дейді ганалық Озекэл Дуду.

Иран мен Грузия елдерінде қазақша күрестің клубтары ашылған. Бұл спорт түрі Олимпиада бағдарламасына енгізілуі үшін 60 мемлекетте федерация жұмыс жасауы тиіс және ішкі чемпионаттар жыл сайын өтіп тұруы қажет. Сонымен қатар кезең-кезеңімен Азия ойындары сынды құрлықтық жарыстардың қатарына қосылып, ЮНЕСКО-ның талаптарын орындауы керек.

Біздің мемлекетте де жасөспірімдерді қазақ күресіне баулу жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Ұлан Рысқұл Qazaq Kuresi федерациясын олимпиада, Азия ойындарының қатарына енгізу мен ұлттық спортты мектеп бағдарламасына қосу бойынша жан-жақты жұмыс атқарылып жатқандығын жеткізді.

                                                                                                            Бекет АЙСҰЛТАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button