Мереке

«Анаға тағзым» орталығы ашылды

Шалқар қаласындағы Әйтеке би көшесінің бойынан «Анаға тағзым» орталығы ашылды. Жаңа ғимараттың ішінде аталған орталықтың дәстүр залы, жастар ресурстық орталығы, жұмыспен қамту орталығы, Шалқар ауданының қоғамдық даму қоры, салтанатты неке қию залы, азаматтық хал актілерін тіркеу қызметі, «Құралай» қыз жасауы тігін шеберханасы, «Озат» оқу орталығы, сұлулық салоны, фотостудия орналасты.

Салтанатты сәтке қатысқан облыс әкімінің орынбасары Аманғали Бердалин жаңадан ашылған ғимараттың аналарға деген құрметіміздің, сүйіспеншілігіміздің белгісі екенін әңгімеледі және болашақ ұрпаққа үлкен тәрбие көрсететін орталық болатынына тоқталды. Биылғы жылы Шалқардың «Үздік ауыл шаруашылығы ауданы» атанғанын еске салды. Осы салаға көптеген азаматтар қаражаттарын салып, бизнестерін дамытып жатқанын айтты. Мәселен, осы сапарында «Шалқар кір сабыны» және «Ақтөбе саумалы» ЖШС Шалқар қаласындағы шұбат өңдеу цехтарында болып, игі жұмыстарының куәсі болғанын әңгімеледі.

«Nur Otan партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ербол Данағұлов «Баршамызға Тәуелсіздік мерекесі құтты болсын! Қазақ елі мәңгілік елге айналды, ол — ақиқат», — дей келе атқарушы орган мен партияның қай уақытта да бір екенін, Nur Otan партиясының халықтың партиясы екенін айтты. «Аналар үшін ашылып жатқан ғимарат құтты болсын, барлығымыз анадан тудық, ақ жаулықты әжелеріміз бен аталарымыз аман болсын, еліміз дами берсін!» — деді.

Орталықтың ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі Бауыржан Қаниев еліміздің ұлық мерекесі Тәуелсіздік күні қарсаңында барлық аналарға құрмет көрсету мақсатында игі бастаманың жүзеге асып отырғанын айтты.

Аудан әкімі үш жыл қатарынан ауданның жылды жарты миллиард теңге пайдамен аяқтағалы отырғанын айтты. «Соның арқасында осындай елге қызмет істейтін ғимараттар пайдалануға берілуде. «Анаға тағзым» орталығында орын тепкен кәсіпкерлер халыққа 15-20 пайыз жеңілдікпен қызмет істейтін болады. Бұл орталығымыз елдің бірлігін насихаттайтын, жастарымызға тәрбие беретін орын болсын», — деді.

Бұдан соң тыл ардагері, көпті көрген ақсақал Оразбай Әділбаев көпшілікке ақ батасын берді. Ғимарат лентасын қию құрметіне ардагер-ұстаз Бөпей Көрпебаева мен аудандық сот төрағасы Оралбек Бақтыгереев ие болды.

Және осы орталық ғимаратын күрделі жөндеуден өткізіп, аналарға тарту еткен мердігер «Алихан Ойл 3» ЖШС директоры Зұлқожа Қожаевқа Алғыс хат тапсырылып, сый-сияпаттар тарту етілді.

Шашу шашылып, қонақтар «Анаға тағзым» орталығының ішін аралап, онда орын тепкен мекемелердің тыныс-тіршілігімен танысты. Аудандық аналар кеңесінің төрайымы Маржангүл Бекетова қонақтарды аналардың дәстүр залымен таныстырып, осындай орталықтың ашылуына үлкен қолдау көрсеткен аудан басшылығына алғысын білдірді. Сонымен қатар осы дәстүр залында сәбилердің тұсаулары кесіліп, оларға қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Аманкелді Қалыбаев батасын берді.

Қонақтар шаңырақ көтеріп жатқан жас отау иелері Нұрдәулет Жалғасбай мен Аймерей Сәмиғұлланың неке қию рәсімінің куәсі болды. Жас жұбайларға игі тілектер айтылып, көпшілік ақ жол тіледі.

 Қыдыралы ӘЛИН,

Шалқар ауданы.

БІЛІМ БИІГІ

Тәуелсіздік күні қарсаңында «Анаға тағзым» орталығында Ақтөбе облысының білім саласындағы бақылау департаментінің ұйымдастыруымен «Білім саласындағы Тәуелсіздік жетістіктері» тақырыбында әдемі кеш өтті.  

Мерекелік кешке білім саласында ұзақ жылдар еңбек еткен ардагер ұстаздар мен жас мамандар шақырылды.

Ақтөбе облысының білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы Бұлбұл Күзембаеваның айтуынша, шара мақсаты — екі тараптың әңгімесі арқылы өткенге көз жүгіртіп, болашақты бағдарлап, Тәуелсіздік жетістіктерін көрсету.

Одан әрі ардагер ұстаздар мен жас мамандар бірінен соң бірі сөз сөйледі. Саналы ғұмырын мұғалімдікке арнаған, ҚР Білім беру ісінің үздігі Марта Малайдарова еліміз Тәуелсіздік алған тұста еліміздегі тұңғыш ұлттық гимназия біздің Ақтөбеде ашылғанын, оның тұсаукесер рәсіміне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қатысқанын, бұл білім ордасы — қазіргі №32 мектеп-гимназиясы екенін әңгімеледі.

Шарада сөз сөйлеген жас мамандардың бірі — Қобда ауданы Талдысай орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айбек Қосмағамбетов.

— Біздер Тәуелсіздік алғаннан кейін туған балалармыз. 1991 жылдан бері елімізде білім саласында көптеген жаңалықтар болды. Айталық, біздің Қобда ауданының өзінде қаншама жаңа үлгідегі заманауи мектептер ашылды. Мектептерде білім беру үшін де, ынталы оқушылар үшін де барлық жағдай жасалған. Талдысайлық оқушылар да жаңа мектепте оқып жатыр. Бұның өзі Тәуелсіздік жемісі деп ойлаймын. Еліміз тыныш болсын, — деді жас маман.

Бұлардан басқа бірқатар ардагер ұстаз, тағы біраз жас мамандар тақырып аясында әңгіме өрбітті.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button