Басты жаңалықтар

«Жұмысшыларды жалақыдан  қыспау керек»

Облыс әкімдігінде Мемлекет басшысының жалақыны көтеру туралы тапсырмасын орындауға қатысты жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың жай-күйі талқыланды. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, ірі кәсіпорындардың және басқармалардың басшылары, Ақтөбе қаласының және видеобайланыс арқылы аудандардың әкімдері қатысты.

Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекеновтің айтуынша, ағымдағы жылы 2176  кәсіпорындағы 75 мыңнан астам жұмыскердің еңбекақысы жоғарылаған. Алдағы мерекелердің қарсаңында өнеркәсіптің барлық салаларында 33 мың адам орта есеппен 80 мың теңгеден сыйақы алады. Жалпы сыйақы қоры 5 миллиард теңгені құрайды.

«Президенттің тапсырмасы орындалуы тиіс. Ақтөбе облысы айтарлықтай өнеркәсіптік әлеуеті бар серпінді дамып келе жатқан өңір. Дегенмен орташа жалақы республикалық деңгейден төмен. Маңғыстау, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында айлық мөлшері біздің аймақпен салыстырғанда жоғары. Нәтижесінде бюджетке салық түспей, ал бизнес дамымай отыр. Айналып келгенде бұл жағдайдың барлығы әлеуметтік жағдайға әсер етеді. Сіздер еңбек өнімділігін арттырасыздар, жаңа технологияларды енгізіп, пайда табасыздар», — деген облыс әкімі Оңдасын Оразалин ірі компаниялардың басшыларына жұмысшылардан ештеңені үнемдемеу керектігін ескертті.

Айта кету керек, аймақта 8787 ұжымдық шарт жасалса, олардың 1482-сі, мемлекеттік мекемелерді, 37-сі ірі кәсіпорындарды, 148-і орта және ірі кәсіпорындарды және 7120-сы шағын кәсіпкерлікті қамтыған.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button