Басты жаңалықтарМәдениет

Қазыналы қара шаңырақ

Өңірдегі өнердің ұйытқысы, атадан балаға мирас болып келе жатқан ұлттық ән-күйдің қазыналы қара шаңырағы — Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының құрылғанына 75 жыл толуына арналған шаралар өтті. Бұл шараға филармония қабырғасындағы барлық өнер ұжымдары қатысты.  Мереке аясында Ахмет Жұбанов пен Ғазиза Жұбановалардың ескерткіштеріне гүл шоқтары қойылып, рухына тәу етілді. Одан соң Өнер орталығында «Қазыналы қара шаңырақ» атты әдемі концерт өтті. Өнер орталығы концерт залы лық толды — облысқа ғана емес, республикаға белгілі жұлдыздар мен ұжымдарының өнерін тамашалауға облысымыздың зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, ақын- жазушылар, мәдениет майталмандары, өнерді сүйетін қауым түгел жиналды.

Шара басталарда филармонияның өткені мен бүгіні туралы деректі фильм көрсетілді. Онда 1944 жылы ашылған өнер ордасының негізін қалаушы қазақ музыкасының корифейі Ахмет Жұбанов бастаған аға буын өкілдерінің атқарған еңбектері, өткен жылдары құрылған өнер ұжымдарының жетістіктері — мәдениет ошағының тарихы айтылды.

Филармония ұжымын облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов аймақ басшысы Оңдасын Оразалиннің атынан құттықтады:

— Филармонияның негізі сонау Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде құрылған, сондай жағдайда ештеңеге қарамастан, ұлттық өнердің дамуына үлес қосқан біздің ағаларымыздың еңбегі таңғаларлық. Алдыңғы толқынның ізін қуған кейінгі буынның да атқарған еңбегі орасан. Бүгінде әлем таныған Димаш бауырымыздың өзі кшкентайынан осы сахнада ән салған. Оның өзі біз үшін үлкен мақтаныш. Ұлтты сақтап қалатын — оның мәдениеті, оның рухани құндылықтары, — деді М.Тоқжанов. Ол мәдениет саласын дамытуға қосқан зор үлесі мен ұлттық өнерді насихаттаудағы шығармашылық жетістіктері үшін филармония артистері мен қызметкерлеріне облыс әкімі атынан Алғыс хат пен мерекелік төсбелгілер тапсырды.

Сондай-ақ М.Тоқжанов аймақ басшысы атынан филармония ұжымына Алғыс хат тапсырып, автобустың кілтін ұстатты.

Мереке иелерін ҚР мәдениет және спорт министрлігінің өкілі  Жалғас Егізбаев министр  Ақтоты Райымқұлованың атынан құттықтап, бірқатар өнер иесіне Құрмет грамотасын, «ҚР Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін тапсырды. Атап айтсақ, Талап Хамзин,  Бақтыгүл Тулешева,  Лилия Аралбаева,

Бекбол Тәтебаев, Дулат Дәрібайға  «ҚР мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі табысталса, Манзура Сапарова, Гүлназира Сағынғанова, Айбек Қарағұлов, Төребек Мұстафин, Ирина Подкуровалар Құрмет грамотасымен марапатталды.

Мерекелік кештің өзі ерекше ұйымдастырылған: сахнаға ең алдымен періште кейпіндегі биші шығып, басқалдақпен жоғары көтерілгенде биіктен ақын Абайдың сұлбасы көрінеді. Сол сәтте оркестрдің орындауында ақырын «Көзімнің қарасы» басталып, Абайдың өлеңі оқылады. Одан соң тыңдарман А.Жұбанов атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі, «Арайлы Ақтөбе», «Достық сазы»  фольклорлық ансамбльдері мен камералық оркестрінің орындауында Ахмет Жұбановтың, Ғазиза Жұбанованың шығармаларын орындайды. Бұл күнгі кеште филармония ұжымы музыка жанрының барлық түрінде өнер көрсетті: халық әндері де, қазақ, шетел композиторларының әндері де орындалды, би де, күй де болды, дәстүрлі әншілер мен тенорлар шеруі, оркестрлер мен ансамбльдердің үндестігі — барлығы да мерекелік көңіл күйді одан әрі асқақтатты. Кеш барысында мерекелік думанның арнайы қонағы —  Ақтөбеден шыққан ресейлік опера әншісі Светлана Касьян да өнер көрсетті.  Кеш соңында облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің атынан ықылас гүлі ұсынылды.

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button