Гүлдер, гүлдер…
Қол бос уақытта әркім әртүрлі іспен айналысады. Ол адамның көңілінің күйіне байланысты болса керек. Біреулер кесте тіксе, біреулер ағаш жонады, енді біреулер құс өсіреді, балық асырайды, кейбіреу ескі тарихи заттарды жинау арқылы жанын тыныштандырса, екіншілері ою өрнектеу арқылы көңілін жайландырады. Қазақта «көз — көңілдің айнасы» деген сөз бар, бұл — адам көңілін көзден жазбай тануға болады деген сөз. Осы сөзді керісінше де айтуға болар еді, өйткені ештеңеге бағынбайтын көңілді кейде көзбен-ақ алдай салуға болады. Мысалы, қалай дейсіз ғой? Үйіңізді, аулаңызды әдемі гүлдерге толтырып қойыңызшы. Көз қуанбай, көңіл сүйсінбей тұра алмайды.
«Гүл,…, бірінші кезекте, әуен» «…гүл — бәрібір, азаттық пен жалғыздықтың жалауы. Азаттықты іздеген жалғыздықтан жеңіледі…» «Кiтап ой ретiнде жалғыздықтың аясында дүниеге келетiн жұмбақ құбылыс, ал гүлдi серiк iздеген жаны нәзiк адам өсiредi. Гүл сезiмдi ой тудырады, кiтап ойдың сезiмiн дамытады», — деп жазады Дидар Амантай «Гүлдер мен кітаптар» романында.
Психологтардың айтуынша, гүлді, әдетте жаны нәзік, көбіне ой шығармашылығымен айналысатын, әдемілікке, сұлулыққа құштар, сырын сыртқа шашпайтын адамдар жақсы көреді екен. Сондай-ақ, психологтар гүлдің адам өмірінің алға басуына септігін тигізетінін сендіріп айтады.
Бір жақсы араласатын досым бар, сол таңғы бесте тұрып гүл суармаған, гүлдеріне қарамаған күні «күнді дұрыс бастамадым» дейді. Белгілі суретші Таймас Телеуішовтің «менің шеберханамдағы раушан гүлдеді» деп балаша қуанғанын көріп таңғалдым. Сол сұлулықтың өзі суретшіге шабыт беретінін аңғардым. Темірден түйін түйіп, ағаш жонып түрлі бұйымдар жасайтын талай шебердің гүл өсіруге деген ерекше ықыластарын да көргенім бар. Шын ниеттенсең темір мен гүлді де үйлестіре беруге болады екен…
Кейбіреулер: «Менің гүл өсіруге уақытым жоқ», — деп жатады. Ол себеп емес. Себеп — ниеттің жоқтығы. …
Тіл басқармасы — «гүл басқармасы»…
Облыстық тілдерді дамыту басқармасы бастығының орынбасары Гүлайым Төлебаева былай дейді:
— Мен гүлдерді, әсіресе, бөлме өсімдіктерін ерекше жақсы көремін. Қайда барсам да, әдемі гүлдерді көріп қалсам, содан бір өскін алмай кетпеймін. Біздегі қызметкерлерге де ылғи жүрген жерлеріңде әдемі гүл болса, өскін ала келіңдерші деп айтып отырамын. Маған, әсіресе, гүлдейтін, гүл шығатын өсімдіктер ұнайды. Рас, мен биолог, ботаник емеспін, гүл өсірумен ғылыми тұрғыда айналыспаймын. Тіпті, кейбір гүлдерімнің атын да білмеймін. Бірақ, солар үшін арнайы әдемі құтылар сатып аламын, топырақ сатып аламын. Барымша күтіп-баптаймын. Гүлдің адамның көңілін сүйсіндіретін, жаныңды жадырататын ерекше қасиеті бар. Үйде де, кеңседе де гүлдерім баршылық. Гүл нәзіктіктің, сұлулықтың, тіпті тазалықтың символы десе де болады. Кейде бір ғимараттарға барасың. Жап-жас, әп-әдемі қыздар сұп-сұр кеңседе сұп-сұр боп отыра береді. Ал сол жерге екі-үш құты гүл қойсаң, кеңсе қалай жарқырап кетер еді, — дейді.
Егер облыстағы басқармалар мен департаменттер арасында бөлме гүлдері сайысын өткізсе, тіл басқармасы сөзсіз жүлде алар еді. Өйткені, тіл дамыту басқармасындағы қыздардың барлығы Гүлайым Тельманқызының кәсібіне қызығып, гүл өсіруге ден қойыпты. Қазір басқарманың қабылдау бөлмесінде тал боп өскен раушанның бірнеше түрі тұр. Гүлайым Тельманқызының бөлмесінде он төрт гүл тұр. «Бұдан да көп болатын еді. Бөлме тар…» дейді ол. Басқа бөлмелерде де түрлі гүлдер өсіп жатыр.
— Біз Ойылда тұрдық. Анам гүлді ерекше жақсы көреді. Күннің аптабында біздің үйге келген адамдар «шөл даланың ортасындағы оазиске тап болғандаймыз» дейтін еді. Өйткені, біздің ауланың есігі ашылғаннан бастап түрлі-түсті гүлдер жайқалып тұратын. Менің гүл өсіруге деген ықыласым сол кезден бастау алды деуге болады. Анам үйдің ішінде өсетін гүлдерден гөрі дала өсімдіктерін жақсы көреді. Қазір жасы 73-ке келді. Ақтөбеде тұрады. Қазір де базарға барса, гүл тұқымдарын сататын жерден міндетті түрде екі-үш гүл алып келеді.
Қалалық әкімдікте жұмыс жасап жүргенімде бірде кеңсеме бір кісі келді. Тереземнің алды, шкафтың үсті түгел гүлге толып тұрған ғой, сәлден кейін: «Мен сіздің бөлмеңізден 26 құты гүл санадым», — дейді.
Көп қабатты үйде тұрған соң көп гүл өсіруге орын жетіңкіремейді. Осыдан Алла бұйыртып саяжай алсам, көкөніс, жеміс емес, тек гүлдер өсірер едім, — дейді Гүлайым Тельманқызы.
Гүлдердің 300-ден астамына қазақша атау берген ақын
Оразақын Асқар,
ақын:
— Ертеректе «Жалын» баспасынан кiтабым шығатын болды. Редакторы – Күләш Ахметова. Сол кiтабымның iшiнде гүлге байланысты 3-4 өлең бар екен. Маған Күләш: «Немене, қызға ұқсап гүлге өлең арнай бергенсiз?» дейдi. Мен, бiрiншiден, екi қызым гүл сияқты нәзiк болсын деп гүлдiң суреттерiн жинадым. Екiншiден, қазақтың тiлiне байланысты гүл атауларын қазақшаладым. Бiзде гүлдiң аты жоқ, әйтеуiр, сары гүл, қызыл гүл, ақ гүл, көк гүл дейтiн ғана гүлдер бар. Ал қазақтың қыздарының есiмiне қарап отырсаңыз, көбiсi гүлге байланысты. Қазақтың даласының бәрi гүлге оранған. Олай болса, «неге қазақ гүлге ат қоймаған?» деп ойладым. Шын мәнiнде, бұрын әр гүлдiң атауы болған, кейiннен ғой ұмытылып кеткенi. Батырлар жырындағы қыздардың есiмдерi — гүлдiң аты. Мысалы, «Алпамыстағы» Гүлбаршын гүлдiң атауы, яғни ел айтып жүрген гладиолус. «Алпамысты» VII ғасырда Қорқыт жазған екен «Әл-памыс» деп. Жетiншi ғасыр — осыдан үш мың жыл бұрынғы уақыт. Үш мың жыл бұрын қазақ қызының атын гүлдiң атауымен атаған. Демек, бiзде әрбiр гүлдiң аты бар деген сөз бұл. Шыңғысханның әйелiнiң аты – Бөрте. Бөрте де — гүл. Ол бәрiмiзге таныс, ерте көктемде тал боп өсетiн – сирень. Көбiне түсi ақшыл сия көк келедi. Қазақта «бөрте лақ» деген де сөз бар. Бөрте лақтың да түсi сондай. Қазақтың гүл атауларын бiзден алып пайдаланып жүргендер де бар. Мәселен, жапырағы екiге айрылып тұратын қанат гүлiн, орыстар «канатик» деп айтып жүр. Қарап отырсақ, орыста «канатик» деген сөздiң мағынасы жоқ. «Бархытцы» деген түктi гүл бар. Ол қазақтың барқыт гүлi, матаның атауынан шыққан. Сондай-ақ, Абай өлеңдерiнен көптеген гүл атауларын кезiктiруге болады.
Гүлдің тілі — тілсіз тіл…
Абай «Ғашықтық тілі — тілсіз тіл, Көзбен көр де, ішпен біл» дейді. Ғашықтардың серігі, ғашықтардың тілсіз тіліне тіл бітіретін әдемі гүлдер де «сөйлейді» екен. Гүлдің де не «айтпағын» «көзбен көріп, ішпен білуге» болады деседі. Гүлдің де сезімі болады екен.
Мысалы…
Гүлдер де адам сияқты оларды жақсы көргенін сезеді. Адамның көңіл-күйіне байланысты өсіп жетіледі екен.
Ғалымдар гүлдердің классикалық баяу әуендерді «тыңдаса» жақсы өсетінін, ал рок, поп секілді даңғаза музыкаларды үнемі қосып қойсаң, олардың бірте-бірте солып қалатынын әлдеқашан дәлелдеген. Адам гүлге қалай қарым-қатынас жасайды, оны өсіруге қаншалықты ықыластанады, гүл де сол адамға дәл солай «жауап беретін» көрінеді. Үй өсімдіктеріне дұрыс қарамасаң, уақытында тыңайтып, суарып тұрмасаң, сөйлеспесең, ол «ренжіп», адам ағзасына зиянды улы химиялық заттарды бөліп шығарады екен. Мәселен, ғалымдар қызанақ көшетін бөлмеде өсіріп, су құюды ұмытып кетсең, түнімен дөңбекшіп, ұйықтай алмайтыныңды айтады.
Ал кактусқа «туу, түрі қандай сүйкімсіз» десең болғаны, ол сол бойда құрамында алкогольдік қоспалар бар улы заттарды бөліп шығара бастайтын көрінеді. Ал бұл улы заттар адамды ішімдікке итермелейді.
Кейбір өсімдіктер қожайынын басқа адамдардан қызғанады екен. Ғалымдардың пайымдауынша, шегіргүл (фиалка) өз қожайынын жақсы көретіні соншалықты, ол басқа жаққа кетсе, қатты сағынады екен. Қазтамақ (герань) өзін басқа өсімдіктерден бірінші суармаса, «ренжіп қалады». Ол осы ренішін көпке дейін гүл ашпай білдіретін көрінеді.
Ертеде адамдар зығырды еккенде жалаңаштанып жұмыс істеп: «Көрдің бе, сен өнім бермесең, мен жалаңаш қаламын», — деп айтады екен.
Зерттеушілердің пікірінше, ең жағымды гүлдердің бірі — қазтамақ(герань). Ол тұрған бөлмеде ұрыс-керіс болмайтын көрінеді. Ұрыс-керіс бола қалса, өсімдік адамның жүйкесін тыныштандыратын зат бөле бастайды да, ренжіскендер тез татуласып кетеді. Қазтамақ гүлінің қасында 15 минуттай отырсаңыз, жаныңыз тынышталып, көңіліңіз бірленеді екен. Өйткені, бұл өсімдік эфир майларын бөліп шығарады. Сіздің ағзаңыздағы зат алмасу процесі ұлғая түседі. Ұсақ жапырақты бұрыштар мен хризантемалар отбасындағы, жұмыс орнындағы адамдардың бір-біріне деген жақсы қарым-қатынасының қалыптасуына әсер етеді.
Егер үй-ішінде ұрыс-керіс, жанжал, келеңсіз жағдайлар жиі болса, гүлдер солып, сарғайып, ауруға шалдығуы мүмкін. Лала гүлі /лилия/, қазтабан гүлі /гусиные лапки/ ауаны формальдегидтен тазартады. Ал, бегония мен фикус гүлдері үйіңізге келген адамдардың жағымсыз пиғылдарын өз бойларына сіңіріп, сіздерге тек оң энергия жібереді екен. Теледидар, компьютер, толқынды пештердің сәулелерінен сақтануға раушан гүлдері, орхидея, өрмелегіш /лиана/ өсімдіктері көмектеседі.
Мамандардың айтуынша, гүлді әркімнің өз қолымен егіп, күтіп-баптағаны дұрыс. Гүлді шын ықыласыңмен күтіп-баптасаң, ол өскен соң денсаулығыңа, отбасыңа оң әсерін тигізетін көрінеді. Ал гүлдердің қасында бір сағаттай отырсаң, көңіл күйің көтеріліп, барлық жаман ойдан арылады екенсің…
Бетті әзірлеген М.САТАЕВА.




