Мереке

Балаларға тарту

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» Ақтөбе облыстық филиалы  Қазақстанның Тұңғыш Президенті күніне арналған «Zhilstroy & Happylon BabyParty» шарасын өткізді. Өз салымшыларының 300-ге жуық балаларына арналған шара барысында кішкентайлар мен олардың ата-аналарына Елбасының өмірі мен еңбегі, ел тарихына қатысты викториналық сұрақтар қойылып, сыйлықтар үлестірілді. 

«Keruen City» ойын-сауық орталығындағы «Happylon» ойын паркінде банктің Ақтөбе облыстық филиалының  300-ге жуық кішкентай салымшыларының әрқайсысына аттракциондарда ойнау үшін бір сағатқа тайм-карта ұсынылды. Аниматорлар шоу-бағдарлама дайындады.

Балаларға арналған ерекше сыйлықтың бірі —  банктің Ақтөбе облыстық филиалы директорының орынбасары Эльмира Ескендірованың қолынан шыққан аквагрим болды.

— Көңілді әрі ең қауіпсіз макияж – аквагрим! Балалар өздерінің сүйікті мультфильмдерінің кейіпкерлері болғысы келетіні түсінікті ғой! — дейді ол.

Эльмира Ескендірова тұрғын үй құрылысы саласындағы мемлекеттік бағдарламалар туралы да ақпарат берді:

— Ақтөбеде күн сайын банктің 40 клиенті несие рәсімдеп, қоныстойын тойлап жатса, күн сайын 120-ға жуық адам депозит ашып, банк салымшысы атанады.  Тұңғыш Президент күні қарсаңында өткізілген бұл шара — біздің салымшыларымыздың балаларына арналған ерекше сыйымыз, — деді ол.

Биылғы жылдың өзінде Ақтөбе өңірі бойынша аталған банктен 23 541 адам депозит ашқан, 3 784 ақтөбелік несие алып, баспаналы болған.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button