Мәдениет

«Бақыт деген…»

Өнер

Ақтөбе қаласындағы Өнер орталығы ғимаратында ҚР Мәдениет қайраткері, ұстаз әрі композитор, жерлесіміз Бақтығали Жұмалиннің осындай атаудағы концерті өтті. 

Мақсат — «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» арнайы жобасын жүзеге асыруда қазақтың ән өнерін, композитордың шығармашылығын халық арасында кеңінен насихаттау, жастардың мәдениетке деген қызығушылығын арттыру. Сондай-ақ, кеш иесі өнердегі 40 жылдық мерейтойын елмен бірге атап өтуді және көздеген.

Облыстық халық шығармашылығы орталығының қолдауымен ұйымдастырылған кеште өнер иесінің өмірі мен шығар­машылығын арқау еткен де­ректі фильм көрсетіліп, кө­рер­менге композитор жайын­да жан-жақты мағлұмат бе­рілді. Сосын, әрине, Мұқағали Мақатаев, Фариза Оңғарсынова, Ертай Ашықбаев, Гүлнәр Шәмшиева, Орал Байсеңгір, Сағадат Мұсағалиева, Бақтыгүл Тілепова сынды ақындардың сөзіне жазылған «Бақыт деген…», «Аққулар, қош болыңдар», «Ақтөбем», «Көзіңнен айналайын», «Күзгі әуен», «Шашу», «Туған елге», т.б. әндері әуеледі. Автордың әртүрлі бағытта жазылған композицияларын өз кезегінде ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Айжан Нұрмағамбетова, Марат Әйтімов, ҚР Мәдениет қайраткері Гүлсім Юсупова бастаған, сондай-ақ халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары Есет Сәдуақасов, Айбат Мақашев, Дулат-Рита Айтжановтар, Жадыра Арыстанова, Салтанат Меңдіғалиева, Сәния Жұмабекова, Жұлдыз Нұрқасымова, Бағдат Балмағамбетова, т.б. орындады.  Өнер мерекесінде А.Жұбанов атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің бас дирижері, ҚР Мәдениет саласының үздігі Мәдина Қабижанова және Сәкен Еркеғұлов жетекшілік ететін Ақтөбе қалалық Мәдениет үйінің эстрадалық-үрлемелі аспаптар оркестрі де төбе көрсетті.

Шығармашылық кеш сахна саңлағы Айжан Нұрмағамбетованың орындауындағы ақын Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған композитордың ең танымал «Бақыт деген…» әнімен аяқталды.

Айта кетейік, кеш барысында облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің Алғыс хатын Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық хатшылығының меңгерушісі Маржан Қорғанбаева, ал Қазақстан Композиторлар одағының атынан марапатты әнші, халықаралық байқаулардың лауреаты Қуат Бағысбек табыс етті.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button