Мереке

Астықты өлкені аралағанда…

— Қызмет барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен бірнеше рет кездесудің, жүздесудің сәті түсті. Бұл, әрине, мен үшін үлкен мәртебе.

Тұңғыш Президентімізбен ең алғаш рет 1992 жылы кездестім (Ол кезде қазіргі Әйтеке би ауданын  басқарамын). Бұл Елбасының еліміздің Мемлекет басшысы болғаннан кейінгі біздің облысқа алғашқы іссапары болатын. Егін жиналып жатқан кезде, қателеспесем, тамыз айының 22-23-терінде Ақтөбеге келді. Іссапар аясында шалғайдағы Комсомол ауданына да барды. Сол жылы астық бітік шықты. Гектарына 35-40 центнерден өнім алынды. Елбасы астықты өлке —  «Ярославь» кеңшарына барып, соның 6-бригадасындағы егістікті аралады. Бұл — Ресеймен шекаралас ауыл болатын. Нұрсұлтан Әбішұлына халықтың ықыласы ерекше болды. Халық Елбасын көру үшін Ресейден де ағылып келді. Қазақ, орысы бар, бәрі шекараға көліктерін тастап, 6-бригадаға жаяу барған еді. Президент те халықтың құрметіне риза болды. Емен-жарқын кездесу өтті. Тәуелсіздік алған бастапқы жылдары еліміздің жағдайы қиын болғаны белгілі. Елбасы халыққа сабырлылық пен шыдамдылық керектігін айтып, еліміздің әлеуеті артып, болашағы жарқын болатынына сендірген еді. Шүкір, қазір Елбасының сарабдал саясатының арқасында еліміз көптеген қиындықтарды еңсеріп, әлем таныған мемлекет атанды.

…Бригаданың басында құдық болған-ды. Айналасындағы кісілер құдықтан су ішкенін қаламаса да, Мемлекет басшысы сол кездегі Премьер-Министр Сергей Терещенкоға айтып, ыдысқа су құйғызып, демде ішіп, тауысты. Мұны көрген жиылған жұртшылық Елбасыға ризашылықтарын білдіріп, қарапайымдылығына тәнті болды.

Мұндағы шаруаға, жасалып жатқан игі іске Елбасының көңілі толды. Одан кейін Ел Президентіне түсте қонақасы берілді. Ол кез мейрамхана бизнесінің дами қоймаған уақыты. Мәртебелі мейманды күту де үлкен жауапкершілік жүктейді. Зайыбым Дәметкен дәмі тіл үйіретін небір түрлі тағам әзірлеп, барын салды. Сол далалықта, бригаданың маңында бір-біріне жалғаса тігілген екі киіз үйде қонақтарды күттік. Ас мәзірі де, қызмет көрсету сапасы да Елбасы көңілінен шықты. Әсіресе, Дәметкеннің борщы қатты ұнапты. Сол кезде Елбасы Дәметкен екеумізге «Сіздер бір-біріңізге ұқсайды екенсіздер» деп әзіл айтқан болатын. Сол бір шуақты сәттер әлі күнге дейін көңілге қуаныш ұялатады…

Егістікті аралап көргеннен кейін Елбасы жолда «Ярославь» кеңшарының маңындағы астық құятын орталыққа барды. Онда бару бағдарламада жоқ болатын. Бұл жерге де халық көп жиналды. Ел-жұрт Елбасына сенетінін айтты. Елбасымен бірге естелік суретке түсті.

Бұдан кейін аудан орталығы Комсомолға барды. Аудандық Мәдениет үйінің алдында 4 киіз үй тігілді. Мұнда да халық көп болды. Елбасы бірлігіміз мықты болса, ел іргесі берік болатынын айтты. Ауыл ақсақалы бата берді.

Кешкілік аудандағы әуежайға жол тарттық. Комсомол мен әуежайдың арасы қашық емес, көлікпен барғанда 5 минуттық жер. Бір қызығы, Елбасы халықпен қоштасып, әуежайды бетке алғаны сол еді, жаңбыр жауды, аспаннан нұр жауғандай әсер етті. Тікұшақ ұшар кезде жауын да басыла қойды.

Халықтың Елбасына деген ыстық ықыласының зор болғаны соншалық — мұнда да бір қауым ел жиналып қалыпты. Солардың арасынан 5 жасар балам Ақылбекті де көзім шалып қалды. Мүмкіндікті қалт жібермейін деп, Елбасыға «Нұрсұлтан Әбішұлы, мұнда менің балам да тұр екен. Бата беріңізші» деп өтіндім. Сөйтіп, Тұңғыш Президентіміз кішкентай Ақылбекке бата берді («Елбасыны жолынан бөгеп» деп  мына жақта басшыларым сөйлеп жатыр). Елбасы батасын алған Ақылбек қазір үлкен азамат болды. Елбасының «Болашақ» бағдарламасы бойынша Қытайда білім алып келіп, Астанада «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясында жемісті еңбек етіп жатыр.

2005 жылы Ақордада Елбасының қолынан «Құрмет» орденін алдым. 2011 жылы «Парасат» орденінің иегері болдым.

Елбасымен 2014 жылы Ақтөбеге сапары барысында кездесіп: «Кезінде «Өсе бер, өркендей бер, құтты мекен Ақтөбе!» деп едіңіз. Осы тілекті сіз болашақты болжай айттыңыз», — дедім. Елбасының көрегендігінің арқасында еліміздің саяси және   экономикалық жағдайы тұрақты.

Есімхан ЕСЕНБАЕВ, еңбек ардагері, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері.

Басқа жаңалықтар

Back to top button