Мереке

Шуақты сәттер есте қалады

Автомобиль жолдары комитеті Ақтөбе облыстық департаментінің бұрынғы басшысы, бүгінде құрметті демалыстағы зейнеткер Бағлан Баймағамбетов өзінің Елбасымен кездескенін күні бүгінгі оқиғадай ерекше ықыласпен  әңгімелеп берді.

— 1998 жылдың қазан айында еліміздің бірқатар облыстарындағы ірі кәсіпорындардың басшылары сол кездегі Ақтөбе облысының әкімі Аслан Мусинге Ақтөбе қаласында Қазақстан Азаматтық партиясының құрылтай съезін өткізу туралы ұсыныс жасап, бұл ұсыныс қабылданған болатын. Сол жылдың 17 қарашасы күні «Қоныс» спорт сарайында өткен құрылтай съезіне еңбек ұжымдары мен қоғамдық ұйымдардан сайланған 2826 делегаттың 2786-сы қатысты. Президенттік сайлауға түскен Нұрсұлтан Әбішұлы осы басқосуда сөз сөйлеп, съезд жұмысына оң баға беріп,  ризашылығын білдірді. Бұл біздің еңбегімізге берілген ең жоғары баға еді. Бұл саяси шара туралы кезінде еліміздің ақпарат құралдары түгелдей жазып, хабарлаған болатын. Уақыт талабына сай кейінгі жылдары Nur Otan партиясына қосылған Азаматтық партия ел саясатына өзінің салмақты үлесін қосты.

Кейінгі жылдары да Ақтөбе өңіріне іссапарлары кезінде Елбасымен әлденеше рет кездестім. Сондай кездесулердің бірінде мен Елбасына оның Теміртауда бір бөлмеде бірге тұрған, қара нанды бөліп жеген, жастық шағын бірге өткізген Темірболат Құбашевтың менің бокстан бапкер ұстазым екенін, ал өзім ұлттық ат спортын өңірімізде барынша дамытуға үлесімді қосып келе жатқанымды жеткіздім. Елбасымыз да атқұмар жан екен, жанары жайнап қоя берді, өзінің жақсы көретін көк жорғасы бар екенін де айтып, менің бұл істі тоқтатпай, жалғастыра беруім керектігін де ескертті. Нұрсұлтан Әбішұлының жылқы малына деген көзқарасы, атбегілігі бөлек әңгіме. Президенттің ер үстінде қазықтай қадалып отырғанына сүйсініп, бала күнінен ат жалында ойнап өскен шопан ұлына тән қасиеті мол екен деп тұжырымдадым ішімнен.

Нұрсұлтан Әбішұлының  сәйгүлікті  бір қарағаннан байқайтын, мал танитын қасиеті де бар екен. Мұны 2001 жылдың 2 маусымындағы кездесу кезінде байқадым. 2000 жылы салынған ипподромға баруын өтінгенімізде, Елбасы өзінің уақытының тығыздығына қарамастан, бірден келісті. «Уақыттың тығыздығына байланысты Елбасы ипподромға соқпауы да мүмкін», — деген сөзімізге атбегілер сенген де жоқ: «Жүйрік аттың жолында жанын беретін қазақтың баласы тұлпар тұяғының дүбірін естіп тұрып мойын бұрмауы мүмкін емес, қалай да уақыт табады» деген-ді олар. Сейістердің сенімі алдаған жоқ. Есет батыр атындағы полиция мектебінен шыққан Президенттің көлігі ипподромға тұмсық тіреді. Ширақ қимылдап, трибунаға көтерілген ол біз: «Қазір ұшқыр аттар жарысы болады» дей бергенде: «Әй, мынау тайпалған жорға ғой», —  деп, алаңда сар желіп бара жатқан топ аттың ішінен бір сәйгүлікті нұсқады: «Әттең, бірақ ұзақ шабысқа шыдамайды екен», — деді. Қырағы көздің қапы кетпегенін кейін атбегілер де мойындады.

Ипподром тек жарыс алаңы ғана емес, аттарды баптайтын да орын. Президенттің келу салтанатына 70 ат әзірленіпті. 5 минут шамасында ұйымдастырушылар желіс және ұшқыр аттар жарысын көрсетіп қана үлгерді. Соңғысында «Владимир» серіктестігінің «Файзи» атты сәйгүлігіне мінген бозбала «ақтангерлеп» ұран салып, мәре сызығын кесіп өте бергенде Елбасы да орнынан атып тұрды.

Ипподромды көріп, ризашылығын білдірген Елбасы ат спортын әрі қарай дамыту жөнінде маған тапсырмалар берді.

2008 жылдың 22 қыркүйегінде Ақтөбеде Қазақстан мен Ресей шекаралас аймақтарының V форумы өтті. Оған Ресей Президенті Д.Медведев бастаған көршілес елдің бір топ губернаторы да қатысқан-ды. Облыс басшылығының сыйлы қонаққа ат мінгізіп, шапан жабу ата салты ғой, Д.Медведевке  асылтұқымды арғымақ тарту етейік деп шешіп, осы  шаруаны реттеу маған жүктелді. Осылайша, көптің көмегімен сонау Венгриядан бір ауқатты жанның ат сарайынан генефонды (ататегі) жылдар бойы жазылып келе жатқан араб арғымағын алдыруға қолымыз жетті. Бұл енді Абайдың «Аттың сынында» айтқан

«Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ,

Қой мойынды, қоян жақ, бөкен қабақ.

Ауыз омыртқа шығыңқы, майда жалды,

Ой желке, үңірейген болса сағақ», — дейтіндей, сұлулығына көз тоймайтын нағыз сәйгүлік еді. Осы «арабымыз» Президент Д.Медведевке табыс ету сәтінде мінез көрсетіп, асаулығын көрсеткені…  Сол кезде Нұрсұлтан Әбішұлы «асауға» жақындап, оқыс үнмен бір жекіргені бар. Қызығы сол — арғымақ әп-сәтте жас баладай жуаси қалды. Елбасы оны еркелетіп кекілінен, жалынан, иілген мойынынан сипап өзіне көндіріп алды да, тізгінінен ұстап, Д.Медведевке табыс етті. «Вот это красавец!» – деп сүйсінді көрші елдің президенті, бірақ ол біздің Елбасындай жылқының кекілінен сипай қойған жоқ…» — деп аяқтады әңгімесін Бағлан Баймағамбетов.

Назарбаевпен сапарлас болған шопан

Әкесі туралы деректерді және жоғарыдағы суретті Айтуар Жанғазиннің тума-туыстары 54 жыл іздеген екен. Жарты ғасырдан астам уақыт бойғы ізденіс текке кеткен жоқ. Сурет табылды. Бүгінде бұл суреттің Жанғазиндер үшін бағасы алтыннан да жоғары. Себебі кішкентай ғана сурет Жанғазиндер әулетінің тарихы үшін аса құнды құжат болып отыр.

Бүгінде Жұмабай Жанғазиннің немерелері аталарының Нұрсұлтан Назарбаевпен сапарлас  болғанын қуанышпен айтады.

Жұмабай Жанғазин дүниеден өткенде Н.Назарбаевтың өзі көңіл айтқан. Бұл туралы Рымғали Нұрғалиев жазған. Ол «Лениншіл жас» газетінде қызметте болған Жұмабай Жанғазин туралы новелла жазып, оны 1990 жылы жарық көрген «Айқанатты арғымақ» кітабына енгізген. Сол новелладан үзінді келтіріп отырмыз:

«Үйдің іші адам аузы-мұрнынан шығып, толды да кетті. Осы маңдағы шопан атаулы тайлы-таяғы қалмай келген: тіпті пенсиядағы қария да отыр. Бәрінің құлағы түрік, назарлары Жұмабайға ауған….

  • 24 июль күні кешке Хельсинкиге барғанымызда күзде сілбір, сабалақ жауын болушы еді ғой, дәл сондай шақ екен. Жауыннан ба, алғашқыда қала маған сұр, суық көрінді. Онша биік, зәулім де емес үйлері. Бізді орналастырған жері мектеп болды. Ертеңіне әдейі бізге деп әзірлеген машинамен Турку дейтін қалаға апарды. Бұрын астана болыпты. Мен терезеге қараумен отырдым. Хельсинкиде оншама қарақұрым дейтін сеңдей соғылысқан көп халық жоқ, машиналар да жөнсу, содан Турку тарттық. Төңірек орман – тоғай, шалғын. Дөңгелек су. Жайылған сиыр.

…Көп кездесулер, көп таныстықтар болды. Аудармашылар бар. Мен бір жапон жігітімен таныстым. Сірә, білікті біреудің баласы болса керек. «Қойшымын, зоовет институтта сырттай оқимын» деген сөзіме әлгі сенбей: «Мүмкін емес, саясат үшін әдейі айтып тұрсың», —  деп бет бақтырмай қойды.

— Ауыздан қонжитпадың ба өзін! – деп тракторшы Амантай жұртты бір күлдірді.

Аздап мақтануды теріс көрмейтін Қаллем:

— Айтты-айтпады не керек, біздің совхоздың шопаны Хельсинки барды. Осының өзі неге тұрады, —  деп шалқая берді. —  Ертең көкең одан зорғысына барады.

— Жігіттер-ау, бұларың не. Мені қажыдан қайтқан Құнанбай еткендерің бе? Жалғыз мен дейсің бе? Анау Алматы облысындағы атақты сауыншы, комсомол съезінің делегаты, СССР Жоғарғы Советінің депутаты Шайбала Тергеуова, Теміртаудың даңқты горновойы Нұрсұлтан Назарбаев —  баршасы фестивальда болды емес пе? — деп Жұмабай қызараңдап қалды. Мақтау сияқты сөз шеті шыққанға қысылып, тыйып тастады…»

Бұл шағын ғана новелла Жұмабай Жанғазин өмірінің кішкентай бір бөлшегі ретінде оның өмір тарихына жазылары сөзсіз. Айта кету керек, бұл оқиғаны суреттегі Закаш Камаледенов те өзінің «Дорогами судьбы» кітабында айна-қатесіз, дәлме-дәл осылай сипаттайды.

Елбасының белгісіз суреті

1969 жылдың 1 қаңтарында журналистердің бірі Назарбаев туралы «Индустриялық Қарағанды» газетіне мақала жазған: «Ол XIV-XV комсомол съезіне қатысып, БЛКЖО ОК мүшелігіне кандидат болып сайланды. Алматы түбіндегі Шамалғаннан келген бала Нұрсұлтан Назарбаев… Біз Нұрсұлтанның  пәтерінде отырмыз, ол осында он жыл бұрын келген екен.  Ол кезде қаланың да, Магнитканың да құрылысы енді басталып жатқан кез болатын. Ол бұл құрылысқа шойын пісіру арқылы тікелей араласты. 28-дегі жас жігіт бүгінде домна цехының парторгі».

«Комсомольская правда» газетінде Н.Назарбаевқа 1967 жылдың 28 желтоқсанында БЛКЖО Құрмет белгісін тапсырып жатқан суреті де жарияланған.  Одан кейін бір жылдан соң комсомол Н.Назарбаевқа Октябрь революциясының орденін тапсыру сәті жарық көрген. Мәскеудегі Съезд Сарайында өткен бұл шараға ақтөбеліктер де қатысқан. Сол кездегі Байғанин аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Ауданбай Шахабаев 1968 жылдың 25 қазанында Мәскеуде өткен БЛКЖО XV съезіне Н.Назарбаевпен бірге қатысқанын айтады.

Бұл суреттен Н.Назарбаев, Л.Брежнев, Н.Подгорный, В.Терешков, Ю.Андропов, Н.Косыгин, М.Суслов секілді сол кездегі белгілі адамдарды да көруге болады.

Осыдан соң бес  жылдан кейін Н.Назарбаев сол кездегі «СССР-дың екінші адамы» М.Сусловпен жеке кездесуге барады. Ол өзінің «Без правых и левых» кітабында Сусловпен кездескенін, екеуара әңгіменің қалай өрбігенін жазады:

«Оның кабинетіне кіргенімде Суслов менімен амандасып:

  • Жігітім, алдымен маған Теміртаудың қайда орналасқанын көрсет, — деді.

Мен қабырғада ілулі тұрған Кеңес Одағы картасына жақындап:

  • Мына жерде, Михаил Андреевич, міне, Қарағанды, оның қасында қара металлургияның алыбы орналасқан… — дей беріп едім:
  • Жалғастыра беріңіз, — деді.

Мен комбинаттың орналасқан жерін, оның әзірге еш қоршаусыз тұрғанын, ал мұның адамдарға қауіпті екендігін, тұрғындар үшін жағдай жасалмағанын, тұрғын үйлердің, балабақшалардың жоқтығын, тұрмысқа қажетті тауарлардың жоқтығын, ауыр климаттық жағдай туралы — барлығын айттым… Ол мені мұқият тыңдаған соң:

—        Ертең Секретариатта сөз сөйлеген кезде не айтасыз? — деп сұрады.

  • Менің сөзім дайын тұр, — дедім.
  • Маған айтқаныңыздың барлығын сол жерде айтуға кеңес беремін, — деді.

Сусловпен кездесу маған сенім берді. Себебі ол біздің жағдайымызды түсінгендей еді», — деп жазады Елбасы кітабында.

Болашақ президенттің сол сәтте не ойлағанын тек өзі ғана білетін шығар. Дегенмен, мұндай маңызды шараларға қатысуы, күрделі мәселелерге қатысты өз пікірін білдіріп, президиумда сөз сөйлеуі Н.Назарбаевтың осы алып империяның басшылары алдындағы беделін өсіріп, мерейін асқақтатқаны айқын.

Николай Зеньковичтің «Имя, ставшее эпохой» кітабында жазылғандай, тоқсаныншы жылдардың басында қауіпсіздік кеңесі мүшелері — академик Евгений Примаков пен Вадим Бакатин М.Горбачевқа КСРО премьер-министрі Николай Рыжковтың орнына Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын ұсынды. Екеуі де Қазақстанның болашақ  Президентіне тамаша сипаттама берді. 1990 жылы Федерация кеңесінде Өзбекстан президенті Ислам Каримов КСРО вице-президентіне Н.Назарбаевтың кандидатурасын ұсынды. Бірақ Назарбаев бұл ұсыныстардың барлығынан өзінің отанында қалуды жоғары санады:  «Мен басқа жерде емес, Қазақстанда көбірек маңызды істер тындыра аламын», —  деді ол…

Балнияз ӘЖНИЯЗОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button