Әдебиет

Қос қаламгердің есімін ұлықтады

Сенбі күні Сағи Жиенбаев пен Тобық Жармағамбетовтің туғанына 85 жыл толуына арналған мерекелік шаралар қос қаламгердің кіндік қаны тамған Байғанин ауданында жалғасты. Байғаниндегі шараларға Сағи Жиенбаевтың жары мен қызы Уәзипа, Қарлығаш Жиенбаевалар, осы өңірден шыққан белгілі қаламгерлер Мәди Айымбетов пен Тынымбай Төлепбайұлы, ғалым Салтанат Айбергенова, ғалым, ізтайтанушы Тілектес Тоқсанбаева, «Қостанай таңы» облыстық газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы Қостанай облыстық филиалының директоры  Жанұзақ Аязбеков, ақын, Батыс Қазақстан облысы «Жайық-Пресс» ЖШС директорының орынбасары Ғайсағали Сейтақ, «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин, облыстық мәдениет басқармасының басшысы Нұрхан Кәдірбаевтар қатысты.

Байғанин ауданы аумағына кірер тұста қонақтарды аудан әкімі Қайрат Отаров бастаған топ күтіп алды. Меймандар әуелі №4 Қарауылкелді мектеп-гимназиясындағы Сағи Жиенбаевтың 85 жылдығына арналған «О, туған жер, барымның сәттілері сенікі» атты кешті тамашалады. Оқушылар Сағаңның өлеңдерін нәшіне келтіріп оқып, оның өмірінен қойылымдар қойды. Ақынның жары Уәзипа мен қызы Қарлығаш қаламгер туралы жылы естеліктерімен бөлісті.

Бұдан кейін кеш Тобық Жармағамбетов атындағы мектепте жалғасты. «Талантты тұлғаға тағзым» атты кеште небары 39 жасында өмірден өткен ерекше дарын иесі туралы естеліктер айтылды. Оқушылар жазушының шығармаларынан үзінділер оқыды. Келген қонақтар мектептің материалдық базасына көңілдері толып, жасалып жатқан шаруаларға ризашылықтарын білдірді.

Содан соң аудандық музейді аралаған олар өңірдің бай тарихымен танысты.

Осы арада бір көңілді көтеретін жайт болды. Жиналғандардың бәрі алпысыншы жылдарда қолданыста болған автобусқа мінді. Сол баяғы кездегі «кондуктор»  «жолаушыларға» билет таратты. Билетке  байғаниндік ақын-жазушылардың  бейнелері таңбаланыпты. Жол бойы жергілікті өнерпаздар ретро әндерді шырқады. Өздері сол заманның киімдерін киіп алыпты. Кең костюм, кала-кала шалбар. №4 Қарауылкелді мектеп-гимназиясы музыка пәнінің мұғалімі Елдос Қожабаевтың үстінде Бәкір Тәжібаевтың костюм-шалбары. Басындағы кепкасы да сол кісінікі. Құдды уақыттың көші кері айналып, алпысыншы-жетпісінші жылдарға  еніп кеткендей болдық.

Аудан орталығындағы Мәдениет үйінде өткен «Қаламы жүйрік жерлестер» атты кешті ақын Бауыржан Бабажанұлы жүргізді. Мәди Айымбетов пен Тынымбай Төлепбайұлы Сағи Жиенбаев пен Тобық Жармағамбетов туралы естелік, жылы лебіздер айтты. Салтанат Айбергенова атажұрты Байғанин өңірі туралы ерекше ықыласпен әңгімелеп, әкесінің «Атамекен» атты өлеңін оқып берді. Жанұзақ Аязбеков Ақтөбе өңірінде қолға алынып жатқан әдебиетке қатысты жобаларға күллі республика жұртшылығы сүйсініп отырғанын жеткізсе, Ғайсағали Сейтақ Ақтөбе туралы сиясы кеппеген өлеңін оқыды.

Сағидың сөзіне жазылған әндер орындалып, Тобықтың шығармаларынан үзінді оқылған кеш соңында Уәзипа Жиенбаева жүрекжарды пікірін айтып, облыс, аудан басшылығына алғысын жеткізді.

Бұдан кейін сахнаға көтерілген аудан әкімі Қайрат Отаров  келген қонақтарға ілтипатын білдіріп,  Уәзипа Әсембайқызы мен Қарлығаш Сағиқызының иығына камзол жапты. Қаламгер ағаларымыздың атын ұлықтайтын шаралардың әлі жалғаса беретіндігін айтты.

Кеш әдеттегідей ауданның бейресми гимніне айналған  Орал Байсеңгірдің «Байғанин маршы» атты әнімен аяқталды.

                                                                                                               Өз тілшіміз.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button