Жаңалықтар

Облыста 112  мемлекеттік қызметші жұмыс орнын ауыстырған

Облыс әкімінің аппарат басшысы Нұржауған Қалауовтың төрағалық етуімен аппарат отырысы өтті. Мемлекеттік қызметшілердің этикасы, ақпараттық қауіпсіздік, персоналдың ауысу мәселесі қаралған жиынға  ҚР Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Оразов және аудандық әкімдіктердің  аппарат басшылары видеобайланыс арқылы қатысты. Облыс әкімі аппаратының  ақпараттық қауіпсіздік бойынша бас инспекторы Шыңғыс Нұржігіт ақпараттық қауіпсіздік мәселесіне тоқталды. Персоналды басқару бірыңғай қызметінің басшысы  Мирхан Ермағанбетов бірқатар мәселелерді ортаға салды. Биыл облыста 112  мемлекеттік қызметші жұмыс орнын ауыстырған. Бұл көрсеткіш 2018 жылмен салыстырғанда 0,1%-ға көбейді. Кейбір қала, аудандарда таза ауысымдылық көрсеткіші жыл басында бекітілген шекті мөлшерден айтарлықтай асқан.
Нұржауған Қалауов  Мирхан Ермағанбетовке  мемлекеттік қызметшілердің жұмыстан не себепті кеткендігіне талдау жасау қажеттігін, әсіресе, өз еркімен жұмыстан кеткендер арасында сауалнама жүргізуді тапсырды.
Себепсізден-себепсіз қызметтен кету мәселесіне тоқтау салу қажет. Бос орындар саны 132 болып тұр. Біз осы орындардың орнын толтыра алмай жатқанда, екінші жақтан себепсіз жұмыстан босап жатады, — деді аппарат басшысы.
«Е-Қызмет» ақпараттық жүйесі қолданысының деңгейі де көңіл көншітпейді. Талдау қорытындысы бойынша, мемлекеттік органдардың жүйедегі белсенділігінің  өте төмен екендігі анықталған. Мәселен, электронды цифрлық қолтаңба қою арқылы 26 443 құжаттың небәрі 1293 немесе 4,9% әзірленген. Жыл басынан бері  «Е-Қызмет» ақпараттық жүйесіне 18 776 құжат енгізілген.
Нұржауған Қалауов  мемлекеттік қызметкерлердің қағазбастылықтан әрі  уақытын тиімді пайдалану мақсатында  жасалған ақпараттық жүйені белсенді пайдалану қажеттігін тапсырды.
Сонымен қатар облыс әкімдігінің сайттары мен әлеуметтік желі парақшаларына    тұрғындар тарапынан  келетін арыздар мен хаттарға берілген мемлекеттік орган жауаптарының сапасын қатаң сынға алды. Себебі, сұраққа нақты жауап берудің орнына ұзақ тармақшалардан тұратын заңдарды көрсетіп, қарапайым азаматтарға түсініксіз жауап қайтарылады.
— Бұдан былай азаматтардың хатына берілетін жауап тікелей әкімдік аппаратының тексеруінен соң ғана жарияланатын болады. Хат жауабы қарапайым түсінікті түрде жазылуы қажет, — деді Нұржауған Қалауов.

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button