Білім

Мектеп — ауыл тірегі

Шалғайдағы ауылды ұстап тұрған — мектеп. Бүгінде білім ордасы жабылса, ауыл тұрғындарының үдере көшетіні белгілі жайт. Алайда балаларының болашағын ойлаған Байғанин ауданындағы Жаңатаң ауылы тұрғындары орнынан қозғалмай отырған елді мекеннің бірі. 90 жылдық тарихы бар мектептен талай білікті мамандар шаруашылық басшылары оқып, тәрбиеленіп шыққан. Кеңестік заманда Чкалов атындағы бастауыш, арасында жеті жылдық мектеп болып ашылып, одан соң Жаңатаң 8 жылдық, орталау мектебі, 2015 жылы «Даңқ» орденінің толық иегері Сәрсенғали Ешбаев атындағы мектеп болуы ол да шежірелі сыр. Заман талаптарына сай ұстаз беделі, білім сапасы, мектеп пен ата-ана арасындағы қатынас туралы мәселе көп айтылып жүргендіктен осы мектепте 41 жыл жұмыс жасап, оның 35 жылында мектеп директоры, директордың оқу- тәрбие жөніндегі орынбасары болған ұстаз Нәдірбай Нұрсұлтановпен сұхбаттасуды жөн көрдік.

— Нәдірбай, алдымен ұстаз болуды армандаған жылдарды еске алсақ.

— Мен 1966 жылы Жаңажол орта мектебін бітірдім. Сол жылы түлектер 10-11 сыныпты қатар бітіргендіктен талапкерлер өте көп болды. Конкурстан өте алмадым. Бір жыл Матайқұм жұмысшылар кооперациясында бухгалтер болып жұмыс жасадым. Келер жылы Гурьев педагогикалық институтына оқуға түстім. Диплом алып, жолдамамен Жаңатаңда жаңадан ашылып жатқан 8 жылдық мектепке жіберді. Химия, биология пәнінің мұғалімі және мектеп директорының оқу-тәрбие жөніндегі орынбасары болып орналастым.

— Жас маманға бірден оқу ісінің меңгерушісі болу оңай шаруа емес. Тәжірибе жинақтау, ортамен тіл табыса жұмыс жасау, іскерлікпен ұйымдастыру қабілеттілігін жетілдіре білуі қажет. Сіздің сол кездегі ұстанымыңыз қандай болды?

— Мұның бәрі жылдармен қалыптасады. Сол бір уақытта ауданда ұстаздар мәслихаты тамыз және қаңтар айында өтетін-ді. Сонда мен болашақ басшы ретінде назар аударған бір жайт болды. Аудан орталығындағы Комсомолдың 30 жылдығы атындағы орта мектеп директоры Нұрман Қорбин өз іс-тәжірибесімен бөліскен-ді. Ол кісі білім бұлағынан сусындатар жас ұстаздардың сабағына жиі кіріп, мұғалімнің кемшілігі мен ізденісіне ерекше көңіл бөлу керек екендігін ортаға салған-ды. Осыны ұғынған мен де өз қызметімді содан бастадым. Әрі өз ортамыздағы ұзақ жылдар қызмет атқарған, өмір көрген ұстаздар Тельман Отаров, Қаламқас Қалиева, Жақсылық Сағынова, Зоя Елтезерова тағы басқалардан үйренгенім көп болды. Оқу, іздену, озат тәжірибелерді зерттеуді насихаттауды мақсат еттім. 1972 жылы жаңатаңдықтар үшін 8 жылдық мектеп ашылды. 190 оқушы мектепке тартылды. Мұны айтып отырған себебім, соған дейін 100-ден астам оқушы совхоз орталығындағы интернатта не басқа жерлерде ата-анасынан тыс жерде білім алуға мәжбүр болатын. Менімен бірге Жиенғазин Бақыт, Нұржанов Мырзаш, Нұрсұлтанов Сәдірбай, Нұрмашев Бауыржан, Сәрсенова Ақшекер, Көшкінбай Өтеш, Талдықов Сүйеубай бірлесе жұмыс атқардық.

— Қашанда ауыл мектебінің көрер қиындығы шаш етектен болатыны анық.

— Иә, солай. Базаны нығайту қай кездеде күрделі мәселе. 1972 жылы Волгоградтан келген студенттік құрылыс отряды 8 жылдық мектеп ғимаратын салып берді. Бірақ, көп уақыт өтпей 80-шы жылдардың аяғынан талай қиындықты бастан өткердік. Тез әрі сапасыз салынған мектеп үйінің қиюы қашып, жіктері ашыла бастады. Жыл сайын жөңдеуден өткіздік. Тиісті орындардан көмек сұрадық. Жақпай қалған кездеріміз де болды. Амалсыз күн кештік. Содан 1992 жылы шаруашылық әдісімен мектеп құрылысын бастадық. Тастан қаладық. Себебі кірпіш жоқ. Төбесі жабылды да тоқтап қалды. Одан кейін мұғалімдердің күшімен қолға алып, араға 6 жыл салып, пайдалануға бердік. Осыдан 7 жыл бұрын мектеп жанындағы орталық апатты жағдайда болып, сол кездегі аудан әкімі М.Аққағазовтың ұйымдастыруымен облыс орталығындағы ауыл түлектері қаржы жинап, салып берді. Оған рақмет. 2015 жылы мектепке батыр барлаушы «Даңқ» орденінің иегері Сәрсенғали Ешбаев есімі берілді. Мектептің аты затына сай емес. Соңғы 3-4 жылдан бері екі қабатты жаңа мектептің құрылысын салу сөз жүзінде қалып келеді. Ауылда оқушы контингенті жетеді. Жаңатаңдықтар жаңа мектепті асыға күтуде. Өйткені мәселесі бірге қозғалған, Қаражар, Бұлақтыкөл елді мекендерінде мектеп құрылысы жүрді. Ал біздің ауылда уәдемен шектелді.

— Енді күрмеуі қиын тағы бір мәселеге орай ой бөлсек. Ол ата-ана, ұстаз, шәкіртке байланысты. Кешегі заманда біз ұстаз алыстан көрінсе, көзіне түспеуге тырысатын едік. Мұғалім әкеңе айтам десе, қорқушы едік, бүгінде басқаша ғой.

— Иә, заман солай. Сабақ оқымай, айта алмасаң, ата-анаңның келіп кетуін күнделікке жазып жібереді, көрсетуге ұялып, қысылатын едік. Оңаша әке-шешеңді шақырып алып, кемшілігіңді бетіңе басып, талабыңды ұштайтын бірауыз жылы сөз естігенде менікі дұрыс емес екен-ау деп ойланушы едік. Қазір балаға дауысың сәл шықса оны әке-шешесіне жеткізеді. Ата-ана балаларынікі жөн деп жатады. Мәселе қайда. Сабақ білмегендіктен төмен баға қойсаң, мұғалім дұрыс оқыта алмайды деген сөз артынан ереді. Жалпы білім саласына үлкен өзгеріс керек. Жаңадан келген министрліктегі басшылар шетелдердің эксперименттерін білім саласына әкеледі. Ол тиімді ме, тиімсіз бе, ол жағы толғанта бермейді. Екіншіден, мектеп бағдарламасы тым күрделі. Оқулықтар жайы көңіл көншітпейді. Бүгінде баламен ата-анасы бірге оқып, әлегі шығып жатады. Жалпы біздің ұлттық менталитетімізге қазіргі білім саласындағы өзгерістер сай ма? Ол да ойланатын жайт.

— Отбасы — алтын ұя. Жақсы азамат, ұстаз болу ол отбасыңда көрген тәрбиеге байланысты. Өзіңіз 6 ұл тәрбиелеп, олар түрлі салада қызмет жасауда.

— 6 жасымда әкем о дүниелік болды. Жетімдікті де көрдік. Бірақ, ақ сүт берген анам асырап, тәрбиеледі, ерте есейдік. Мен шешемді әже деп өттім. Арқа сүйер басқа адам болған жоқ. Ол кісі ақылды, парасатты, инабаттылығы бөлек адам болатын. Кім-кімге де болсын деген ниетпен жақсы әңгімесін айтып отыратын. Сондай тәрбиені көріп өстім. Ал әкем Есқұлов Нұрсұлтан бар болғаны 49 жыл өмір сүрген. Тасқабақ мешітінде сауат ашып, білім алған. 1930 жылы салық агенті, пансионат меңгерушісі, Калинин колхозының басқармасы болған. Кейінгі жылдары шаруашылық жұмыстарын атқарған.

— Ұстаз — тұлға. Әр шәкірт көз алдындағы мұғалімге еліктеп өседі.  Осы ретте оқытушының сабақ беру әдісі, біліктілігі жөнінде не айтар едіңіз. Бүгінгі білім сапасына көңіліңіз тола ма?

— Бұл — күрделі мәселе. Екі жақты, бір-біріне байланысты. Қазір жоғарғы оқу орны көп. Мектепті үшке бітіргендер де оқуға түсіп, диплом алып жатады. Бұрын үлкен конкурс болатын. Ұстаздық мамандықты алғандардың бәрінің білімі, өз-өзін ұстауы лайықты ма?

Әр ұстаз психолог болуы тиіс. Шәкіртпен сабақ барысында жеке жұмыс жасай білуі қажет. Мысалы, мен оқыған Оймауыт мектебінде Нұрғалиев Төкен, Құрақбаев Әли, Ұзақбаев Төлеген, Сұлтанов Қуандық сияқты мұғалімдердің орын бөлек болатын. Неге? Өйткені біздің Оймауыт және Жарқамыс мектептерінен физик-математиктер көп шықты. Сол жылдардағы ұстаздарымыз өз пәніне қызықтыра білді. Әрқайсымыз сол тұлғадай болсақ екен деп армандайтынбыз. Мысалы, Төкен, Әли ағайлар оқушы бойындағы ерекше қасиетін танып біліп, талаптыларына мектеп бағдарламасынан тыс тапсырмалар беретін. Мен білетін ғылым докторы Кенжеғали Кенжебаев сондай шәкірт болатын. Оның ғылым сырына үңілуіне жетелеп бағыт беріп отырды.

— Сіз жоғарғы санаттағы мұғалімсіз. Ұзақ жылдар еңбектеріңіз үшін ғылым, білім министрлігінің Құрмет грамотасы, Алғыс хаттармен марапатталдыңыз. Республика білім саласының ардагері төс белгісінің иегерісіз. Өз әріптестеріңіз осындай лайықты марапатты көре алды ма?

— Кешегі 80 жылдардың аяғындағы сапырылыстан соң соңғы кезеңде осы мәселе ескеріле бермеді. Озат мұғалімдердің іс-тәжірибесін тарату, насихаттау жеткіліксіз болғандықтан, менімен бірге қызмет атқарған Жиенғазин Бақыт, тағы басқалары қандай да болса атаққа лайықты еді, өкініштісі, еңбегі еленбей қалды. Бүгінде де бар. Мысалы сол Жаңатаң мектебінде тарих пәнінің мұғалімі Медет Ебесов деген азамат ауылдан қазақша күрес секциясын құрып, аудан, облыс чемпиондарын шығарды. 7-8 жыл болды, ол үшін еңбек ақысыз жұмыс істеуде. Ауылда 100 баланың тең жартысына жуығы күреспен шұғылданатын. Еңбек пе, нағыз еңбек.

—  Көп оқисыз ба?

— Дәл солай. Ұстаз өз сабағынан ғана емес, жан-жақты болуы керек. Бойындағы сол қасиетті оқушыларына көрсете білсе, сонда шәкірт бір сәтке болса да, өзінің білмегенін сезініп, ойланады. Қайталау — білім анасы. Менің ауылдағы үйімде бүкіл 40 жылдан астам уақытта алдырған газет-журналдар сарайда толып тұр. Үлкен бір машинаға сыймайды. Лақтырып тастауға қимаймын. Қажетті дүниені өзіме солардан тауып аламын.

— Бүгінде өзіңіз еңбек жолын бастаған Жаңатаңнан Кеңқияққа қоныс аудардыңыз. Ауыл есіңізге жиі түспей ме?

— Мен еңбек еткен Жаңатаң ауылы қаймағы бұзылмаған, сүттей ұйыған іргелі ел тұрағы. Тарихқа жүгінсек, кешегі заманда 30-40 жылдары Имаш Әубәкіров, Қалмырза Байманов, Қайырмағамбет Алданазаров, Әбу Досжанов одан кейін Мұхамбет Молдағазин сияқты басшылар шыққан. Екі Еңбек Ері, бірнеше «Даңқ» орденінің иегері — осы ауыл түлектері. Бүгінгі заманда аудан, шаруашылық басқарған Серік Ботағарин, Бекен Әжімбаев, Рахат Сағындықов, білікті мамандар Мәнібай Елешев, ақ халатты абзал жан Ақкенже Кемешева мектептің мақтан тұтар еңбек тұлғалары. Еңбек озаттары қаншама. Осы орайда бір айтарым бүгінгі уақытта балаларды жас кезінен еңбекке тәрбиелеу жүйелі жүргізілсе деген мәселе толғандырады. Ал — Жеңістің 75 жылдығы. Тағы бір тілегім — орта мектепке құрылыс жүргізіліп, батыр С.Ешбаев мүсіні орнатылса деймін. Ұстаздардың беделі төмендемей, жоғарылай түссе, ол үшін қоғамның даму дәрежесі де биік болуы керек, деп өз ойын білдірген Нәдірбай Нұрсұлтанов  сәл ойланып қалды.  Ортақ әңгімесі үшін рақмет айтып қоштастық.

Жақсылық АЙЖАНОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button