Жаңалықтар

Шаруалардың басты мәселесі

Кеше облыс орталығында өңірдегі шаруа қожалықтарының жетекшілері рұқсат етілген митингіге жиналды. Оларды толғандырған мәселе — мемлекеттік бағдарлама бойынша берілетін субсидияның мерзімінен кешіктірілуі. Мұның өзі ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген шаруалардың несиелерін қайтаруға қиындықтар туғызып, мал басын көбейту бағытындағы жұмыстарына кедергілер келтіруде.

— Біз бүгінгі күні экономиканың ең қиын да тәуекелді саласында еңбек етудеміз. Ауыл шаруашылығы арқылы бүгін салған қаржыңды ертеңгі күні қайтарып аламын деу айтуға ғана жеңіл. Халықты азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырған ауыл шаруаларының қазіргі тұстағы жағдайын еңбегі еш, тұзы сор деп бағалауға болады. Бұл ретте біз мемлекеттік бағдарламаларға сенеміз, соның қолдауы арқылы көздеген мақсатымызға жетеміз деп ойлаймыз. Алайда, өкінішке қарай, дәл қазіргі сәтте бұлай болмай отыр. Біздер уәде етілген субсидияны пайдалану арқылы техника, мал азығын сатып алып, бір жағынан несиемізді жауып отыруды жоспарладық. Қазіргі күні субсидия қолымызға тимей отыр. Сондықтан көптеген шаруалар қолындағы асылтұқымды малдарын етке өткізуге мәжбүр, — дейді Алға ауданындағы «РусАрт» шаруа қожалығының жетекшісі, «Ақтөбе фермерлік орталығы» қоғамдық қозғалысының тең төрағасы Руслан Шүйіншалин.

— Бағдарламаға сәйкес Ресейден қызыл сиыр әкеліп өсіріп жатырмыз. Жиырма адамды жұмыспен қамтыдым. Мал өсіру үшін қосалқы жұмыстары болатыны белгілі. Қора салу, мал азығын дайындау, міне, осының бәрі қаржыны талап етеді. Биыл құрғақшылық болуы себепті жем-шөп жетпестігі байқалуда. Субсидия бойынша менің 6 миллион теңге алажағым бар. Егер осы қаржы қолыма тисе, жоспарланған көптеген шаруаларымды жүзеге асырған болар едім, — дейді «Шәулен» ауыл шаруашылығы құрылымының басшысы Батырбек Шәуленов.

«Сыбаға» бағдарламасы аясында асылтұқымды мал шаруашылығын дамыту және экспортты өрістету үшін мүмкіндіктер мол. Алайда субсидиясыз және сыртқы инвестициясыз ілгері жылжи алмаймыз. Бүгінгі күні мемлекет тарапынан нақты қолдау жасалмаса, біздің көптеген шаруа қожалықтарымыз отырып қалары сөзсіз, — дейді Қарғалы ауданындағы «Жаңа тұрмыс» шаруа қожалығының жетекшісі Марат Құбиев.

Фермерлердің қоғамдық бірлестігінің жауапты хатшысы, «Тілеу» шаруа қожалығының басшысы Александр Мандрыкин мемлекеттік бағдарламаларды жасаушыларға ренішін жасырмады. Негізінде бағдарламалар агроөнеркәсіп субъектілеріне көмектесуге, ауыл шаруашылығы салаларын дамытуға бағытталғанымен, іс жүзінде керісінше болып жатқанын айтты. Бұған мысал ретінде «Сыбаға» бағдарламасы аясында асылтұқымды мал шаруашылығын дамытуға белгіленген шаралардың ішінде Ресейдің бірқатар аймақтарынан мал әкелуге тыйым салынғанын алға тартты.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мал шаруашылығы бөлімінің басшысы Панабек Бимұратов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен сұхбатында жергілікті бюджет есебінен берілетін қолдаудың толық өтелгенін, ендігі шаруа Ауыл шаруашылығы министрлігіне тіреліп тұрғанын айтты.

— Біздің субсидия бойынша фермерлерге қарызымыз қазіргі уақытта 3,7 миллиард теңге болып отыр. Әлі де өтінімдер түсіп жатқанын ескерсек, ол жылдың аяғына дейін 4 миллиард теңге шамасы болатын түрі бар.

Министрлікпен бүгін ғана хабарластық, ондағылар белгіленген субсидиялардың Ақтөбе облысына жыл басында берілетінін жеткізді. Біздің есебімізше, шаруа қожалықтарымен алдағы ақпан наурыз айында толық есептесеміз деген ойдамыз, — деді ол.

— Фермерлердің барлық проблемалары маңызды және көкейкесті деуге болады. Мұның барлығын біз жақсы білеміз және олардың шешімін табу жолында жұмыс істеудеміз. Басты мәселе — қаржыландыру мен субсидияның жеткіліксіздігі. Шаруалар өздерінің заңды төлемдерін алғысы келетіндігі түсінікті,— деп бүгінгі жағдайға байланысты Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі мал шаруашылығы өнімдері өндірісі және өңдеу департаменті директорының орынбасары Қайрат Мұтаев түсінік берді. Ол республикалық бюджетті нақтылау жөніндегі бірінші мәжіліске де, екіншісіне де өтінім бергендерін, бірақ қолдау таппағанын айтты.

Қазіргі уақытта Ауыл шаруашылығы министрлігі вице-министрі, сондай-ақ, Қаржы, Ұлттық экономика министрліктері, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы, ҚР Парламент депутаттары өкілдерінен жұмысшы тобы құрылды. Олардың жұмыс қорытындысы бойынша мал шаруашылығын дамытуды субсидиялауға қосымша қаржы бөлу жөнінде ұсыныстар жасалатын болады.

…Митингіге қатысушылар республикалық құзыретті органдар назарына тиісті ұсыныстары мен өтініштерін жеткізуге шешім қабылдады.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button