Ауыл

Бекзаттың белесі

Аудан тарихында алғаш рет Ұлан Мұқашев әлем чемпионы атанған болатын. Облыс орталығынан шалғай жатқан шағын ауданнан тағы да әлем чемпионатының жүлдегері шықты. 48 келі салмақ дәрежесінде 18 жастағы Бекзат Мұхамбетов Өзбекстанның астанасы Ташкент қаласында өткен самбодан жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдесіне ие болды.

Бұған дейін де облыстық, республикалық жарыстарда топ жарып, жеңімпаз атанып жүрген палуан болашағынан көп үміт күттірді. Бекзат Мұхамбетовті күрес өнеріне марқұм атасы Мұхамбет алып келген. Ата-анасының айтуынша, бастапқыда бала палуан қолын жиі сындырып алатын болған. Алайда атасының жігерлі сөздері оған күш берген. Палуанның жаттықтырушысы Тимур Қалниязовтың айтуынша, Бекзатқа әлем чемпионатының жүлдегері болу  оңайға түскен жоқ, қарсыластарының бәрі де мықты бәсекелес. Тартысты бәйге қорытындысында Бекзат тәжік палуанын жеңді.

Жақында аудан жұртшылығы Қазақстан Республикасының самбо, дзюдо, қазақ күресінен спорт шебері, Өзбекстанда өткен самбодан жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Бекзат Мұхамбетовті қарсы алды. Ойыл балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде спортшыға құрмет көрсетіліп, аудан әкімі және спорт жанашырлары атынан қаржылай сертификаттар табысталды. Сондай-ақ, Бекзат білім алған тоқсан жылға таяу тарихы бар білім ордасы — Ж.Жүсібалиев атындағы Ойыл қазақ орта мектебінде кездесу ұйымдастырылды.

«ЕРКІН ҚАЗАҚ» ГАЗЕТІНЕ — 100 ЖЫЛ

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақала аясында Ш.Берсиев атындағы өнер және өлке тарихы музейінде «Түнгі музей» атты тарихи-танымдық кеш өтті.

Аталған шараға аудан жастары мен мекеме қызметкерлері, мектеп оқушылары қатысты.

Кеште алдымен аумалы-төкпелі заманның қасіреті болған Ащысай қырғынына 100 жыл толуына орай «Ащысай қырғыны» тақырыбында көрме ұйымдастырылып, «Тіл маманы, түркітанушы – Құдайберген Жұбанов» атты бейнеролик көрсетілді.

Бұдан кейін шарада Ойыл уездік «Еркін қазақ» газетіне 100 жыл толуына орай музей директоры Балқия Рысбаева Ойылдың баспасөз қызметі 1919 жылдан бастау алғанын айтып, көпшілік біле бермейтін мәліметтерді айтып берді. Бізге беймәлім мәліметтерді үлкен дәлелмен жеткізген музей директорының сөзін үлкендер жағы салмақты ойларымен жалғап, өткен күндерден сыр шертті. Бір қызығы, «Еркін қазақ» газетінің сол кездегі редакторы қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметованың әкесі Ахмет Мәметов болған.

Ал «Еркін қазақ» газетінің редакциясы одан кейін Күнбатыс Алашорданың астанасы болған Жымпитыға көшірілген. Осы орайда қазіргі таңда ауданда қызмет етіп келе жатқан «Ойыл» газеті қызметкерлерінің жасап жатқан қызметтері ұлықталды. Айтулы шара үстінде сөз алған аудандық «Ойыл» газетінің редакторы Серікбай Қойбағаров газеттің тыныс-тіршілігінен сыр бөлісіп, қазіргі ақпараттық технология өрістеген заманның мол мүмкіндіктерін мейлінше кеңінен түсіндіріп өтті.

АНАЛАР ҮЛГІСІ

Аудандық Мәдениет үйінде ұйымдастырылған аналармен кездесу кеші ұлттық нақыштағы қолөнер көрмесінің ашылуымен басталды. Көрмеге небір түрлі тоқыма бұйымдары қойылды. Ақ жаулықты аналар келіндер мен қыз-келіншектерге қойдың жүнін қалай өңдеу, түту керектігін көрсетті.

Жиын барысында «Анаға тағзым» фотогалереясы ұсынылып, шеберлік сағаттары ұйымдастырылды.

Шара ауданның өсіп-өркендеу жолында әр салада жемісті еңбек етіп келе жатқан ардақты аналарымызбен сыр-сұхбатпен жалғасты.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,

Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button