Жаңалықтар

Радикализмге қарсы бірлесе әрекет ету — заман талабы

24 қазанда Ақтөбедегі Жастар сарайында қазақстандық, сондай-ақ Түркия, Ресей, Мысыр елдерінен келген теолог, дінтанушы, психолог мамандар, дін саласының қызметкерлері бас қосып, бүгінде әлемнің көптеген аймақтарында тамыр жайған радикализмге қарсы күрес мәселелерін талқылады.

«Дерадикалдандырудың заманауи тәжірибелері» тақырыбында халықаралық сараптамалық алаң ретінде ұйымдастырылған бұл жиынға облыс әкімі Оңдасын Оразалин, сондай-ақ дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыратын жергілікті атқарушы органдар қызметкерлері қатысты.

— Өздеріңіз білетіндей, әсіресе, жастар арасында экстремистік діни идеологияның таралуы — әлемде алаңдаушылық тудырып отырған мәселелердің бірі. Біздің өңірде бұл мәселені шешу мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мүдделі тараптардың әлеуетін топтастыра отырып, алдын алу және оңалту бағытындағы кешенді шаралар қолға алынды. Біздің руханиятымызға сырттан түзету жасағысы келетіндерге тосқауыл қою, олардың түпкі ниетін әшкерелеу — маңызды іс. Қазаққа ислам дінін үйретудің қажеті жоқ. Исламды біздің бабаларымыз ерікті түрде қабылдаған. Бұл дін ұлтымыздың салт-дәстүрімен оңтайласа араласып, санамызға сіңген. Сондықтан біз исламды қайтадан түсіндіруге мұқтаж емеспіз. Керісінше, бабаларымыз ұстанған жолды жаңғыртып, дінімізді қазақтың дүниетанымы, салт-дәстүрлерімен жарасым тапқан қалпында дамыту қажеттігі  бөлек әңгіме, — деп атап өтті облыс әкімі Оңдасын Оразалин жиынды аша отырып сөйлеген сөзінде.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитеті төрағасының орынбасары Бауыржан Бәкіров теріс ағымдар өкілдерін оңалту бағытында жұмыс істейтін мамандардың деңгейін, олардың біліктілігін арттырудың маңыздылығына ерекше тоқталды.

— Теріс ағымдарды насихаттап жүрген адамдар дін жағынан сауатты болатынын ескеру керек, өйткені оларды шетелдерде оқытады, арнайы даярлайды. Сондықтан оларды алған беттерінен айныту, пікірталастар кезінде тойтарыс беру оңай болмайды. Бұл үшін біздің мамандарға үлкен дайындық, жан-жақты білім керек, — деді Бауыржан Бәкіров.

Ал ресейлік ғалым, педагогика ғылымдарының кандидаты, Мәскеу мемлекеттік психологиялық-педагогикалық университетінің доценті Ольга Павлова діни экстремизмнің психологиялық астарлары, дерадикалдандыру жұмыстары барысында ескерілуі тиіс маңызды тұстарға тоқталды. Маман бұл бағыттағы жұмыстар әртүрлі топтардың ерекшеліктеріне қарай жүргізілу керек деп есептейді. — Мысалы, жасөспірімдер, жастар және басқа да топтармен тіл табысу үшін олардың ерекшеліктерін ескеру өте маңызды. Сондай-ақ бұл жұмыстар үшін, мүмкіндігінше, ақпарат таратудың қазіргі заманғы әдістерін қолдану қажет. Бір сарынмен жүргізілген жұмыстардан нәтиже күту қиын, — деді ол.

Тағы бір ресейлік маман, Дағыстан мемлекеттік халық шаруашылығы университетінің экстремизм және терроризм идеологиясына қарсы іс-қимыл жөніндегі ғылыми-тәжірибелік зертханасының басшысы Хабиб Могомедов дерадикалдандыру саласында Дағыстанда жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде әңгімеледі.

Хабиб Магомедов түсіндіру жұмыстары кезінде «Ислам мемлекеті» идеологиясының әлсіз, жалған тұстарын айқын көрсету арқылы оны жоққа шығару керектігіне тоқталды. Мысалы, «жиһад» ұғымын теріс ағымдар идеологтары барынша бұрмалайды, негізі, пайғамбар өсиеті бойынша ең үлкен жиһад — өз нәпсіңмен күрес, т.б.

Сондай-ақ ол жастарға ата-бабалар бірлігін үлгі-өнеге ретінде дәріптеудің де игі әсері бар деген пікірде екенін жеткізді:

— Мысалы, біз жастармен Ұлы Отан соғысы ардагерлері жерленген орындарды араладық. «Қане, кімнің туысы осы соғысқа қатысты?» дегенде, жастардың біразы қол көтерді. Олардың арасында теріс ағымдар ықпалында жүргендер де, былайғы жастар да бар. Туыстарына қатысты ортақ тарих, естеліктер теріс ағымдар ықпалындағы жастарға ой салады, тамырының, аталары жүріп өткен жолдың бір екендігін сезініп, басқаларға жақындауға ұмтылады, — дейді ол.

Жиында «Нұр Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің проректоры Қайрат Құрманбаев өте мазмұнды баяндама жасады. Ол теріс ағымдар ықпалына қарсы күресте қарапайым тәсілдерді, Құран мен хадистерді тиімді пайдалануды жолға қою керектігін алға тартты.

— Радикалды ағымдардың ең басты кемшілігі — біздің өткенімізді мансұқтайды. Бірақ Мұхаммед пайғамбар арабтың өзіне дейінгі салт-дәстүрлерін түбегейлі жойып жіберген жоқ, тіпті кейбір құлшылықтарын, діни мерекелерін де сақтап қалды. Сонымен бірге, дінді насихаттауды, дінді таратуды шынайы түрде мақсат еткен кез келген ұйым, ең алдымен, қоғамда тұрақтылықты сақтауға мүдделі болуы керек. Құранда да, хадисте де осы тұрақтылыққа басымдық берілген, — деді ол.

Жиынның қорытындысы бойынша осы бағытта жұмыс жасап жүрген мамандарға арналған әдістемелік құралдар мен сөздіктер басып шығарылатын болды. Жиын облыс әкімдігі мен облыстық дін істері басқармасының ұйымдастыруымен өтті.

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button