Жаңалықтар

Құтқарушыларға арналған ескерткіш ашылды

Кеше Ақтөбеде «Халық қауіпсіздігі және бизнес» атты республикалық форум аясында төтенше жағдай құтқарушыларына арналған ескерткіш бой көтерді.

Құтқарушылар саябағының ортасына орналастырылған ескерткіш монументтің жалпы биіктігі — 4,7 метр. Мұндағы өрттен құтқарылған баланы ұстаған құтқарушы бейнеленген мүсін қоладан құйылыпты. Ескерткіш тақтада «Тәуелсіз қазақ елінің құтқарушыларына тағзым» деген жазу бар. Құтқарушыларға арналған бұл ескерткіш Ақтөбе облысының азаматтық қорғау органдарының ардагерлер кеңесінің бастамасымен, демеушілік жасаған меценаттардың қаржысымен бой көтеріп отыр.

Жиналған топтың алдына қаламыздағы №6655 әскери бөлімінің үрлемелі аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен әуелі Ту әкелініп, сосын Әнұран ойнатылды.

Ескерткіштің ашылу салтанатына облыс әкімі Оңдасын Оразалин мен ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті төрағасының орынбасары Талғат Нұрмағамбетов қатысты. Әуелі облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Бауыржан Сыздықов аймақ басшысына жыл басынан бері атқарылған жұмыстар туралы баяндап, кезекші бөліміндегі соңғы үлгіде жабдықталған құрал-жабдықтар жұмысымен таныстырып өтті.

Ашылу салтанатында сөз сөйлеген облыс әкімі Оңдасын Оразалин:

  • Өмір болғасын түрлі қиын жағдайлар болады. Адам өміріне қауіп төнген сәтте оларға алғаш болып көмек қолын созатын — құтқарушылар. Олар — бейбіт күнде өз өмірлеріне төнген қауіп-қатерге қарамастан, әуелі қызметіне адалдық танытып, қиындыққа қарсы тұра білетін жандар. Өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың қызметі қиын да қатерлі. Жауапкершілігі мол әрі мәртебелі іс. Осындай мамандық иелеріне құрмет көрсетіп, ескерткіш қою — біздің елге үлкен абырой. Бұл алаң алдағы уақытта жас ұрпақты батылдыққа, батырлыққа, отансүйгіштікке тәрбиелейтін орын болары сөзсіз. Бұл ескерткіш — өз қызметтерін адал атқаратын құтқарушы азаматтарға арналған елдігіміздің белгісі, — деді.

Одан соң ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті төрағасының орынбасары Талғат Нұрмағамбетов құттықтау сөзін айтып, «Маяк-Broadcast» ЖШС директоры Руслан Іргебаевқа Министрлік атынан Алғыс хат тапсырды. Сондай-ақ, республикалық бюджет есебінен сатып алынған бес құтқару техникасының кілтін өрт сөндіру бөлімдерінің бастықтарына табыстады. Одан әрі Ақтөбе облысы төтенше жағдайлар департаментінің Ардагерлер кеңесінің төрағасы Бегіндік Айтқұлов құтқарушыларды ардагерлер атынан кәсіби мерекесімен, қуанышты жаңалықтарымен құттықтады.

Жиынға қатысушылар Төтенше жағдайлар кезінде қаза болған құтқарушылардың рухына тағзым етіп, бір минут үнсіздікпен еске алды. Қаламыздағы №6655 әскери бөлімінің сарбаздары аспанға оқ жаудырды. Жиналғандар жаңадан ашылған ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Шара қатысушылардың Құтқарушылар саябағына көшеттер отырғызу рәсімімен түйінделді.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button