Жаңалықтар

Апаттың алдын алу жайы айтылды

Ақтөбе қаласында «Халық және бизнес қауіпсіздігі» атты республикалық форум өтті. Азаматтық қорғау саласындағы озық тәжірибелермен бөлісіп, кез келген төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында ұйымдастырылған шараға 400-ге жуық делегат қатысты.

ҚР Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитеті төрағасының орынбасары Талғат Нұрмағамбетов, жер-жерден жиналған сала мамандары алдымен көшпелі көрмені тамашалады. Онда төтенше жағдайдың алдын алуға қажетті құрал-жабдықтар, жаңа жобалар таныстырылды. Ал жиында алғаш боп сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Рахат Сыдықов:

—  Бүгінгі таңда технология қарыштап дамыған сайын адамзатқа төнетін түрлі сипаттағы қауіп те күшейіп жатыр. Осы форумда түрлі сипаттағы төтенше жағдайлардың пайда болу тәуекелдерін азайтатын шаралар талқыланады деп сенеміз. Ең басты құндылығымыз — халқымыздың тыныштығына, бейбіт өмір сүруге зор үлес қосылса дейміз. Форумды өткізудегі басты көздегеніміз де сол, — дей келе, бірқатар қатысушыларға облыс әкімінің Алғыс хатын табыс етті.

Одан соң облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Бауыржан Сыздықовтың төрағалығымен спикерлерге сөз берілді. Айталық, Нұр-Сұлтан, Атырау, Көкшетау, т.б. қалалардан келген олар су тасқынының алдын алу, зілзалалардың қауіп-қатерін азайту, тұрғын үй мен автокөлікті өрттен сақтандыру, саланы цифрландыру тақырыптары бойынша баяндама жасап, тәжірибесі мен ұсыныстарын ортаға салды.

Төтенше жағдайлар саласының өкілдері Ақтөбе қаласындағы өртке қарсы қызмет гарнизонының полигонына да барды. Мұндағы 8 жауынгерлік учаскесінде өрт сөндіруді ұйымдастыру бойынша облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі бөлімшелерінің оқу-жаттығу жұмыстары көрсетілді. Өрт сөндірушілердің кәсіби дағдылары мен шеберліктері паш етілген шарада, мысалы, №2 жауынгерлік учаскеде «жүк пойыздары соқтығысып, соның салдарынан жерге хлор төгілді». Мамандар бұл зиянды сұйықтықтың таралуын болдыртпай, түрлі амал-тәсілдерді қолданды. Сол сияқты жігіттердің психологиялық, физикалық дайындығы да сынға салынды.

Екі күнге созылған форум барысында құтқарушылар, осылайша, ең бірінші кезекте өзге өңірлерден келген әріптестеріне көрген-білгенімен бөлісті. Бұл мақсатта қызметтік иттер де жұмылдырылып, іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізілді.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button