Жаңалықтар

Тоғыз айдағы толымды істер

Жыл басынан бері Мәртөк ауданы ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 19,7 млрд теңгені құрап, 100,1 пайызға өсім көрсеткен. Бұл туралы аудан әкімі Ермек Кенжеханұлы көшпелі баспасөз мәслихаты барысында хабарлады.

Мәртөк ауданы экономикасының дамуына үлес қосып отырған негізгі бағыт — ауыл шаруашылығы саласы. Жыл басынан бері бұл салаға 2157,9 млн теңге көлемінде инвестиция тартылып, 260,6 млн теңге мөлшерінде субсидия алынған. Субсидияның 1 теңгесіне 93 теңге инвестициядан келеді.

— Бүгінгі таңда аудандағы төрт түлік түрінің барлығы 7,2 пайызға көбейді. Мемлекеттік бағдарламаларды қолдау мен іске асыру нәтижесінде мүйізді ірі қара мал саны 2 жарым мың басқа, қой мен ешкі 1800-ге, жылқы саны 565 басқа артты. Ал аудандағы құс саны 6100-ге көбейді, — деген аудан әкімі күзгі жиын-теріннің де жағдайына тоқталды.

Есепті кезеңде аудан бойынша 62 060 гектар егіс алқабы жиналып, 56 475 тонна астық алынған. Орташа өнімділігі гектарына 9,1 центнерді құрайды.

Ауданның ауыл шаруашылығы саласында «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 348,6 миллион теңгеге, жоспар бойынша 388,4 миллион теңгеге 75 жоба мақұлданған.

Ауыл шаруашылығы саласындағы толымды істер туралы айтып болған соң Ермек Кенжеханұлы ауданның өзге салаларында атқарылып жатқан жұмыстарға жіті тоқталып, алдағы жоспарларымен бөлісті.

Мәртөк тұрғындарының 94,4 пайызы орталық ауызсумен қамтамасыз етілген. Ал халықтың 77,1 пайызы көгілдір отынның рахатын көріп отыр. Аудан әкімі қазіргі уақытта ауданның тағы 4 ауылына газ жүргізу бойынша құжаттар дайын тұрғанын, егер республикалық деңгейде қаржылай қолдау табылса, бұл жұмыстардың да жалғасатынын тілге тиек етті.

Бүгінгі таңда 30 мыңға жуық халқы бар аудан тұрғындарының орташа айлық жалақысы 116 097 мың теңгені құрайды. Жыл басынан бері 754 жаңа жұмыс орны ашылған.  Жұмыссыздық деңгейі 3 пайызды құрайды.

— Ауданда 11 өнеркәсіп кәсіпорны жұмыс жасайды.Есепті кезеңде өнеркәсіп өнімін өндіру көлемі 3548,7 миллион теңгені құраса, бизнес тауар айналымының көлемі 2549,3 миллион теңге болып отыр. Яғни өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6 пайызға өсім бар. Биыл «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында 18 жоба іске асырылды. Ал «Бастау бизнес» жобасы бойынша 155 адам оқуға жолданып, 75-не сертификат табысталды. Оның ішінде 10 адам 32 миллион теңге көлемінде шағын несие алып, өз істерін бастады, — деді аудан әкімі.

Ауданда құрылыс жұмыстары да қарқынды жүріп жатыр. 9 айдың құрылыс жұмыстарының жалпы сомасы 3634 миллион теңгені құрайды. Бүгінгі күнге дейін 18,5 шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілген. Жыл соңына дейін тағы 8 екі пәтерлі тұрғын үйді қолданысқа беру жоспарланған.

— Бүгінгі таңда аудан бойынша 32 көпбалалы отбасы тұрғын үй кезегінде тұр. Республикалық бюджеттен бөлінген қаражатқа 3 отбасына үй алып бердік. Жыл соңына дейін тағы 4-5 отбасына пәтер кілттері табысталады. Жалпы алдағы 5 жыл ішінде аудандағы барлық көпбалалы отбасы тұрғын үймен қамтылатын болады. Жаңа жылға дейін 19 отбасына пәтер кілттерін табыстайтын боламыз. Олардың ішінде көпбалалы аналармен қатар, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар бар, — деді Ермек Кенжеханұлы.  

Көшпелі баспасөз мәслихаты барысында журналистер құрылысы жүріп жатқан коммуналды-арендалық тұрғын үйлердің, денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыс барысында болды. Сондай-ақ «Milker» ЖШС-ында болып, құрама жем зауытының жұмысымен танысты. Жалпы құны 2,5 млрд теңге болатын кешенді 2019 жылдың желтоқсан айында толықтай іске қосу жоспарланған.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Мәртөк ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button