Рухани жаңғыру

Батыр бабадан қалған із

Самарқандағы Регистан алаңы «Тіллә-Қари», «Шердор» және Әмір Темірдің немересі — Ұлықбек мырза салдырған медреселермен әйгілі. Бұл медреселер 2001 жылы ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұрасы тізіміне енген.

Әйгілі алаш қайраткері, дәрігер, тарихшы Халел Досмұхамедұлы өзінің «Самарқанд шаһарының билеушісі Жалаңтөс баһадүр және оның салдырған медреселері» атты мақаласында Жалаңтөс баһадүр салдырған медреселерді «Самарқан шаһарының көптеген көрнекті орындарының ішінде ерекше көз тартатыны — қалалық Регистан алаңы, оның үш бетінде архитектурасы мен әрлеуі ғажайып көркем үш медресе — «Тіллә-Қари», «Ширдар» және «Ұлықбек мырза» сән түзеген.

Тіллә-Қарим едресесі

«Тіллә-қари», яки «Алтынмен апталған» медресесі іш жағында ауласы бар, тік бұрышты көлемді ғимарат, оның биік, шаршы шатыр жиегі (фронтон), сыртқы қабырғасы мен мұнаралары әсем нақышты өрнекті жазу түзеген түрлі түсті, алтын жалатқан жұқа кірпіштермен қапталған. Ал аулада шәкірттерге арналған 25-ке жуық құжыра бар, мешіттің ішкі қабырғасы да түрлі түсті, алтын жалатқан өрнекті жазу, суреттермен безендірілген.

«Ширдар», яки «Арыстанды медресе» медресесі айбынды да сәулетті ғимарат, оның сыртқы жағы адам таңғаларлық өрнекті жазу түзген түрлі түсті жұқа кірпіштермен қапталған. «Ширдардың» шатыр жиегі айбынды аспалы дарбаза іспетті, оның жоғары жағына аузын арандай ашып тұрған қос арыстанның бейнесі салынған. Аула ішінде мешіт пен шәкірттерге арналған құжыра бар. Мешіттің ішкі жағы да өрнекті жазулармен безендірілген», — деп сипаттайды.

Шердор медресесі

Сондай-ақ, «Шердор» медресесінің ішкі жағындағы парсы тіліндегі жазуда ғимараттың іргесі «Жалаңтөс баһадүр» жылында қаланғанын айта келіп, «Егер «Жалаңтөс баһадүр» сөзін құрайтын (араб) қаріптерінің сандық мәнін тізсек, онда ғимаратты салу жылы хижра бойынша 1028, ал қазіргі жыл санаумен 1619 жыл болып шығады» — дейді. Бұл мешіттің құрылысы 1636 жылы аяқталған. Сәулетшісінің есімі — Әбдіжаппар, ал өрнектерін салған шебер — Мұхаммед Аббас деген деректер қалған.

Жалаңтөс баһадүр 1646  жылы басталған «Тіллә-Қари», яғни екінші медресенің құрылысын бітіре алмай, 1656 жылдың күзінде көз жұмды. «Тіллә-Қаридың» құрылысы 1660 жылы біткен. Осы медреседен шығысқа қарай Шайбанидтер қорымы тұр. Мұнда 1428 жылы Дешті Қыпшақ тағына отырған Әбілқайыр ханның ұрпақтары жерленген.

Орбұлақ шайқасының 375 жылдығына орай Салқам Жәңгір мен Жалаңтөс батырға қойылған ескерткіш

Жалаңтөс баһадүрдің ізі қалған жерлердің бірі — Орбұлақ шайқасы өткен жер. Қазіргі Алматы облысының Панфилов ауданы аумағындағы Орбұлақ шайқасы өткен жерге арнайы белгітас қойылған.

Халел Досмұхамедұлының жоғарыда айтылған мақаласында: «Левшин өзінің «Описание казачьих орд и степей» атты белгілі еңбегінде Ер Есім ханның ұлы, қазақ ханы Жәңгір 1643 жылы 600 сарбазымен қалмақ ханы Қонтайшы Батырдың 50 000 қолын жеңгенде оған (Жәңгірге) көмекке «20 000 атты әскері бар бір татар князі Ялантуш келді» дейді, бірақ оның кім екендігін тәптіштеп айтпайды» — дейді. Сонымен бірге ол: «Жалаңтөс батырдың ұрпақтары қазіргі кезде Сырдария губерниясының Қазалы уезі, Сарытоғай болысында мекен етеді. Олардың арасында Жалаңтөс батырдың Самарқанда әмір болғандығы туралы аңыз-әңгімелер бүгінге дейін сақталған», — деп нақтылайды.

ҰРПАҚҚА ҮЛГІ БОЛҒАН ЕРЛІК

Ежелден жауынгер халық ретінде аты шыққан қазақ жұртынан талай даңқты қолбасшылар шықты. Солардың ішінде тарихымыздан ерекше орын алатын тұлға — Жалаңтөс баһадүр Сейітқұлұлы.

«Қазақстан» ұлттық энциклопедиясында: «Жалаңтөс баһадүр (1576 жылы Бұхарада дүниеге келген, 1656 жылы Дахбедте қайтыс болған) — қолбасшы, баһадүр, әмір. Жалаңтөс Сейітқұлұлы ХVII-ХVIII ғасырларда өмір сүрген Әйтеке бидің атасы болып келеді. Жалаңтөс бес жасқа келгенде Төртқара елі қуаңшылыққа, жоқшылыққа, ашаршылыққа тап болады. Әкесі Сейітқұл сол елдің басшысы Шығай ханмен бірге Бұхар шаһарына жақын Нұрата таулы алқабына көшіп барып мекен етеді. Бұл кезде Қызылқұм, Нұрата, Тамды төңірегін жайлаған елді Дінмұхаммед хан билеп тұрған. Сол ханға Жалаңтөс бала 12 жасынан шәкірт болып қызмет етеді. Ол хан сарайындағы шәкірт балаларға, жастарға бас болып, оларға түрлі әскер ойындарын үйретеді. Хандар, билер қасында жүріп, ел басқару ісіне қатысады» — деген дерек келтірілген.

Деректер бойынша, Жалаңтөс баһадүр Ферғананың Қосан деген қыстағында туып-өскен Мақтым-Ағзам атты өте беделді, әулие, білімдар софының немересі Хашим қожамен замандас, пікірлес болады. Содан ислам қағидаларын мол игереді. Әкелі-балалы Сейітқұл мен Жалаңтөс Нұрата маңын билеп тұрған жылдары оған жан-жақтан Қызылқұмда бытырап көшіп жүрген Әлім, Алшын, Шөмекей, тағы басқа рулардың ауыл-аймақтары өздері барып қосылған. Бұл кезде Сейітқұл мен Жалаңтөс хандығының саны 40-50 мың түтінге жеткен. Сол қазақтардың бір хандық төңірегіне шоғырлануы біріншіден, сыртқы шапқыншылардан сақтану болса, екіншіден, ағайын-туысқанды топта, мықты ел болу еді.

1640 жылы Жалаңтөс батыр қазақ және өзбек жерлеріне шабуыл жасаған қалмақ ханы Батурға қарсы қол бастап, оны жеңіліске ұшыратты. 1643 жылы Жетісу жеріне баса-көктеп кірген жоңғар қалмақтарымен соғысып жатқан Жәңгір ханға 20 мың әскермен барып, басқыншыларды талқандауға зор үлес қосты.

Жалаңтөс батыр Самарқанда үлкен құрылыстар, зәулім сарайлар мен медреселер салуға көп күш жұмсады. Тарихи деректерге сүйенсек, Самарқанның бізге белгілі 74 әмірі болған. Олардың қатарында Әмір Темірдің немересі Ұлықбек мырза да бар. Ұлықбек Самарқанды 40 жыл басқарады. Ал көне қаланы ең ұзақ билеген (44 жыл) әрі оның дамуына Мәуереннахр билеушісі Әмір Темір сияқты үлес қосқан Жалаңтөс баһадүр екені көпке дейін айтылмай жүрді. Бұхара хандығын зерттеген өзбек тарихшысы Әбдурауф Фітрәттің жазған дерегіне сүйенсек, Самарқанның Әмір Темір билеген замандағы даму үдерісі Жалаңтөс баһадүр дәуірінде ғана қайта қалыптасады. Оған дейін Темір ұрпағының арасындағы таққа талас қала өркениетін біршама артта қалдырған. «Жалаңтөс баһадүрдің есімі Орта және Кіші Азияға, Үндістан мен Ауғанстанға, Парсы мен Тибетке белгілі болған. Ол әр жорығынан алып қайтқан байлығын әскерін көбейтумен қатар, қаланың өркендеуіне де жұмсаған. Жалаңтөстің арқасында Самарқанда 500 жылдық тарихы бар медреселер мен діни дәрісханалар бар», — деп жазады Фітрәт «Жұрт қайғысы» атты еңбегінде.

Жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беруде бабалар тарихына сүйенудің маңыздылығы баршаға аян. Біз де Жалаңтөс баһадүр туралы деректі және көркем фильмдер түсіру, спорттық ойындар мен сайыстарда Жалаңтөс баһадүр атындағы сыйлықтар беру және басқа шаралар арқылы баба есімін ұлықтау жолдары қарастырылса дейміз.

 Абай ДҮЙСЕНБАЕВ,

С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университеті

Білім берудің жоғары мектебінің деканы,

педогогика ғылымдарының кандидаты, доцент.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button