Тарих

Құдайберген Жұбанов  және  тіл философиясы

Құдайберген Жұбанов — 120

Құдайберген Жұбанов мұраларының ұлттық рухани жаңғыруымыздағы орны оның тіл саласындағы ерен еңбегімен ғана емес, музыка, жалпы өнер, рухани әлемімізді дамытуға зор үлес қосқан тарихи тұлғалар туралы, ұлттың рухани — әлеуметтік салалары бойынша жазған еңбектері мен ғалымдық, ұстаздық ұлағаттарынан, қоғам қайраткері ретінде атқарған істерінен де жан-жақты көрінеді. Әрине, ол — ең алдымен тіл маманы ретінде, қазақ тілі жөніндегі зерттеулері арқылы ғылыми ортаға танылған тұлға. Олардың ішінде қазақ тілі грамматикасы, алфавит, орфография, терминология мәселелері бойынша іргелі зерттеулерін ерекше атағанымыз жөн.

Бұлар жалпы алғанда айтылатын жайттар, ал егер мәселеге тереңдей дүниетанымдық тұрғыдан келетін болсақ, тіл білімі саласын бүгінгі жаңғыру талабына сай түсінуге ұмтылыс жасасақ, Құдайберген Жұбанов мұраларынан тілдік зерттеулер үшін аса қажетті қоғам, мәдениет және этнос факторларын; қазақ этнолингвистикасының нышандарын; әлеуметтік лингвистика бойынша пайымдауларын; тіл мен мәдениет тұтасымын; тіл мен таным сабақтастықтарын; лингвомәдени танымның кейбір мәселелерін; психолингвистика мен когнитивтік лингвистика мәселелерін; сондай-ақ гендерлік жіктелімнің тілдік қағидаларын кездестіретінімізді тіл мамандары, басқа да зерттеушілер айтып та, жазып та жүр.

Бір ескеретін жай, профессор Құдайберген Жұбанов тіл-әдебиет мәселелерін де, халқымыздың этномәдени тарихын да, халық әдебиетінің таным-тәлімдік маңызын да тіл философиясын негізге алып, тілдік дүниетаным тұрғысынан зерделейді. Сондықтан да оның дана Абай мен Хожа Ахмет Яссауиді танып, танытуы да бұрынғы зерттеулерден өзгеше болып келеді. Себебі, олардағы ой топшылау, ой түю астарларды тілдік таным философиясына негізделген және ұлтымыздың өз заманына сай ұлттық рухани өзгеру барысындағы танымы мен тану мүмкіндіктері де ескерілген.

Адамзаттың ең ілкі дүниетаным негіздері оның тілінде бейнеленген. Ендеше, философия адамзаттың дүниетанымын зерттеу үшін, әуелі оның тілдік танымының табиғатын түсінуі қажет. Осы тілдік танымның негізінде ойлау процесінің ең ежелгі принциптері тұр. Логиканың басты категориясы деп есептелетін ойлау — дүниетанымымыздың басты құралы. Ол — дәстүрлі философияның да негізгі объектісі. Ал ойдың материалдық көрінісі — тіл.

«Тіл — дүниетаным құралы» дегенде, біз ең әуелі осы тілдік дүниетаным негізінде тұрған ойлау әрекетін ескеруіміз керек. Профессор Құдайберген Жұбановтың пайымдауынша, тіл мен ойлаудың арасы, болмыс пен атаудың байланысы туралы мәселелер ертеден-ақ ғалымдардың назарын аударған. Ежелгі философтар еңбегінде тілге көп көңіл бөлінген. Сократ, Платон, Аристотель, Әл-Фараби трактаттарында сөз жүйесі жайында жазылған толғамды ой-тұжырымдар молынан кездеседі. Халқымыз: «Жүйелі сөз жүйесін табады» десе, дана Абай: «Кісіге қарап сөз алма, сөзіне қарап кісіні ал» — дейді.

Осы жағдайлардан мол хабары бар профессор Құдайберген Жұбанов та тілсіз рухани мәдениет те биікке жете алмайтынын, халықтың рухани күші де, ұлт болып ұйысуы да тілінде екенін ескертеді. Оның ойынша, тілі дамымаған халықтың рухы да дамымақ емес, бірлігі де болмайды. Ғалым өз еңбектерінде қазақ тілінен басқа тілдерде болмайтын, болса да өте сирек ұшырасатын бірөңкейлікті, бірқалыптылықты ұшыратуға болатынын, онда ешбір диалект жоқтығын, бұл сияқты тіл бірлігі маңайындағы тілдердің ешқайсысында кездеспейтінін, қазақ халқынан саны бес-алты есе аз, жері шағын елдердің ішкі айырмашылығы сонша күшті екенін жазады. Осылайша, тіл тұтастығының халықтың бірегейленуі мен рухани дамуындағы орнын айта келіп: «Тілдердегі мұндай тұтастық, бірөңділік, тұрмыста ұзаққа созылған тығыз қатынас болғандығын көрсетеді. Ондай тығыз қатынас болмаса, өзі көп, неше түрлі рудан құралған бір халықтың тілі мұншама бірікпеген болар еді» деп тілдік танымды негізге ала отырып, үлкен әлеуметтік-философиялық тұжырым жасайды.

Ғалым-зерттеуші «осы тығыз қатынас кейін әлсіреп, қазақ елінің бірлігі ыдырап, қоғам организмдері ұсақталып, осыған сәйкес қазақтың бұрынғы тұтас мәдениетінің тігістері сөгіліп, жарықшақталып, бытырауға айналғанына» өкініш білдіреді. Айта кету керек, бұндай келеңсіз құбылыстар патшалы Ресей дәуірінде басталып, халқымыздың қоғамдық-шаруашылық құрылысындағы, сана-сезімінде бар іріліктерді ұсақтауға,  бар бүтіндіктерді ыдыратуға жүйелі қызмет жасалды. Қазақ халқының бойында, жалпы мәдениетінде бар кемшіліктер мен қалыс қалған жақтары жойылудың орнына үдетіле түсті. Осы істер Қазан төңкерісінен кейін де өз шешімін тауып кете қойған жоқ. Сөз жүзінде көп жайлар істелген болып, іс жүзінде халықтың салты мен дәстүрі, әдеті мен ғұрпы, тілі мен мәдениеті шет қақпай қалып отырды. Сондықтан бүгінгі таңда осыны терең сезінген халқымыздың зиялы бөлігінің жоғалтқандарын іздеп, кенжелеп қалған тұстарын жетістіру мақсатына құлшыныспен кірісуі табиғи-диалектикалық қажеттіліктен туған іс.

Бұл тұрғыда да біз профессор Құдайберген Жұбанов тағылымынан үлгі аламыз. Баршаға белгілі егемен республикамызға аса қажетті жағдайлардың бірі — ел тыныштығы мен бірлігі. Белгілі тіл маманы бұл мәселені де тілдік философия тұрғысынан қарастырып, ғылыми-танымдық пайымдаулар жасайды. Бұған Құдайберген Қуанұлының қазақ елінің басын біріктіріп, ыдыратпай ұстауына объективті себептер болған жайлар туралы пайымдаулары дәлел. Оларды ғалым төмендегіше бағамдайды:

  1. Шаруашылығы бірыңғай (мал шаруасы) жерлес елдің шеттегі даудан мал мен басын бірігіп қорғауы. Елдің ат арқасына мінері тегісінен әскер болуы. Сондықтан әрбір жеке адамның бас пайдасы мен қоғам пайдасы бірге ұштасып отырады да, әрбір жеке адамның азаматтық санасы, қоғамның жалпы мұңы, саяси белсенділігі күшейе түседі;
  2. Көшпелі мал шаруашылығы және жер-мүлкінің ортақтығы адамды бір орынға арқандамай, бір-бірімен араласуына, Ертістен көшіп, Сыр құлауына, Шудан көшіп Жайық келуіне толық мүмкіндік беретін еді. Бір ру мен екінші ру ғана емес, сол кезде бір жүз бен екінші жүздің от-суы, әр малдың сезон-сезондағы жайылымы, қазақ елін қыдыртып, бірінің үстіне бірін құлата беруші еді;
  3. Бір ру мен екінші рудың қонысқа, тағы басқаға таласып үздіксіз жауласып, әр жауласудың нәтижесінде үздіксіз араласып, жарасып тұратындығы. Міне, бұл да араластырмай, қатынастырмай қоймаушы еді;
  4. Әр рудың ішкі қатынасы. Бұл да бірде татулық, бірде жаулық түрінде үзілмей отырды;
  5. Осылардың нәтижесінде қазақ мәдениетінің, соның ішінде қазақ тілінің бірігуі, тұтасуы, өзінше өркендеуі пайда болды.

Мемлекет машинасы берік емес, тұрақты армиясы болмаған, көпшілікті дегеніне жеткізу, бітімге, қоныс меңгеруге көндіру үшін қазақ қауымы қолданған мықты құрал — тілі болатын. Ғалым-профессор «топ жарған шешен, тоқпақ ақын, ескі әдетті көп білетін кәрі құлақ адамдар, қысқасы тіл өнершілері елдің тізгінін ұстап, даудың билігін айтқанын» оқушы зердесіне салады. Сөйтіп, ғалым тілдің заман ағымы негізінде түзілген таным, халықтың өмір сүру тәсілінің, әдет-ғұрпының, дәстүрінің, мінезінің, жалпы болмысының көрінісі екенін нақтылай түседі.

Жалпы тілдің дамуы адам баласының ішкі рухани қажеттілігін қанағаттандырудан туындайды. Осы негізде, профессор Құдайберген Жұбанов «Тіл ұзақ заман жасалады, бірден өзгермейді, оның өзгерісі тұрмысқа байланысты» деген ой-қорытынды жасайды. Оның пайымдауынша, «Тіл адам баласының әр кездердегі барлық табыстарын, ұғым-түсініктерін білдіреді. Онда саясат пен идеологияның да әсері болуы әбден мүмкін».

Дүниетанымдық тұрғыдан келгенде «адамзат баласы алғаш қалай сөйлеген?» деген мәселені түсіндіру үшін ең әуелі «адамзат баласы алғаш қалай ойлаған?» деген сұраққа жауап табу қажет болады. Ал бұл пайымдауды қажет етеді.

Пайымдау, ойлау тәрізді, ұғым пайда болуы да санадағы құбылыс. Ең ежелгі негіз ұғымдардың пайда болуында КӨЗ ҚЫЗМЕТІ ерекше орын алған. Себебі ең ежелгі ұғымдар кеңістікке, ондағы денелердің әртүрлі бейнесіне байланысты туғанын тілдік деректер айқын көрсетеді. Ұғым пайда болуының негізінде объект денотат тұрады. Ол — қозғаушы, сана әрекетін қоздырушы күш. Егер зат (құбылыс) болмаса, оның санадағы сәулесі, яки бейне де жоқ. Яки ұғым — дүниетанымның санадағы бейне суреті. Демек, ең ежелгі адамдар тіл арқылы емес, көз арқылы ойлаған. Санадағы ұғымның мағынасын түсіну үшін осы көз арқылы қабылданған бейненің қандай бейне екенін түсіну қажет.

Осы жоғарыда айтылғандар негізінде профессор Құдайберген Жұбанов жалпы тіл философиясы туралы мынандай тұжырымға келеді: «Бүгіндегі адам баласының тілі — дыбыс тілі. Бүгінде «сөйлеген» деген — «дыбыстаған» дегенмен бір есеп. Бүгінде дыбыстағанның бәрі бірдей сөйлеген болмағанмен, сөйлегеннің бәрі дыбыстаған болып кеткен. Сөйлеген сөздеріміздің қай-қайсысы да түрлі дыбыстардың түрліше құралысуы, орналасуы сияқты көрінеді. Кірпіш үйдің қабырғасы (дуалы) қабырға болмастан бұрын бөлек-бөлек, ұсақ-ұсақ кірпіштен болып, сол кірпіштен құралып, қаланып барып қабырға (дуал) қалпына келгені сияқты, тіл де дыбыстардан құралып барып, буындар, буындардан жиналып келген сөздер, сөздерден топталып алып, сөйлемдер пайда болатын  тәрізді. Тәрізді ғана емес, бүгіндегі қандай жақсы деген грамматика кітабын алып қарасаңыз да дыбыстарды тіл қабырғасын құрастырған кірпіштер қылып көрсетеді.

Осындай түсініктің нәтижесінде үйдің қабырғасы болмас бұрын, оны құрастырғанда кірпіштер болмас бұрын, оны құраған құм топырақтар болғаны сияқты, сөз болмас бұрын дыбыстар, дыбыс болмағанда осы күнгі біз білетін «а», «в», «с» дыбыстары болған сияқты көрінеді. Жеке айырынды дыбыстар тілдің арғы атасы сияқтанады. Тілдердің ілгері басуы, дамуы, өсуі дегеніміз «әлімсақтан» бері келе жатқан өзгермес дыбыстардың құралысу жөніндегі өзгерістер болып қана көрінеді».

Айтулы тіл маманы, профессор Құдайберген Жұбановтың тіл философиясы, оның дүниетанымдық ролі туралы пікірлерінің бір парасы осындай. Біздің филология саласы ғалымдары белгілі деңгейде Құдайберген Жұбанов туралы зерттеулер жүргізгенімен, оның шығармашылығының сан-салалы қырларын жан-жақты қарастыра қойған жоқ. Біз бұл  мәселені бұдан біраз жыл бұрын «Құдайберген Жұбанов дүниетанымы» (Ақтөбе, 1999) деген еңбегімізде көтерген болатынбыз. Онда ғалым шығармашылығын таза тіл мәселесі шеңберінен шығарып, оның әлеуметтік — танымдық жағына назар аудару қажеттігін айтқанбыз. Біз әлі де сол пікірдеміз.

Мемлекетіміздің рухани саламыздағы бағдары «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында: «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс», — делінген. Осы тұрғыдан алғанда өзіне дейінгі және өз заманындағы тіл мәселелерін терең зерттеген  ғұлама тіл маманы Құдайберген Жұбановтың  қазақ тілі жөніндегі зерттеулері еш уақытта да өз мән-маңызын жоймақ емес. Қазіргі уақытта елімізде мемлекетіміздің латын графикасына көшуі мәселесі қойылып, ол сала мамандарымен, сондай-ақ жалпы көпшіліктің араласуымен талқыға түсуде, латын алфавитінің қолданыста болатын алғашқы нұсқасы да бекітілді. Осы алға қойған мақсатымыздың оң шешімін табуына да, ойдағыдай орындалуына да профессор Құдайберген Жұбанов қалдырған мол мұраның үлгілі тұстарының айтарлықтай әсері болары сөзсіз.

Алтай ТАЙЖАНОВ,

философия ғылымдарының

        докторы, профессор.

Басқа жаңалықтар

Back to top button