Спорт

Самат Смақов рухымызды көтерді.

Біз Еуропаға өзімізді таныттық

26 тамызда сүйікті командамыз «Ақтөбе» футболдың майын ішкен Голландияның «Алкмаар» («АZ») командасын 2:1 есебімен жеңді. Бұл жеңіс бізді Еуропаның үздік командаларының топтық бәсекесіне қоса алмады. Бірақ тұрғындарының кез келгені допты ұршықша айналдыратын еуропалық стандарттағы елдің бас командасымен сырт алаңда 0:2 есебімен ғана ұтылып, өз алаңымызда 2:1 қылып еркін ұтуымыздың өзі таңғаларлық жағдай болды. Егер Самат Смақов бастаған футболшыларымыз «Қасқырдың апанына оңай жем болмай», қазақтардың да доп қуа алатынын дәлелдеп берсе, мұны теледидардан бақылаған еуропалық жанкүйерлердің, әсіресе, мамандардың қатты бағалағанын ескерсек, жарыс жолын жалғастырмасақ та, бөркімізді аспанға ататын уақыт жақындап келе жатқан секілді.

Біз үшін аса жауапты ойынның алдында «Ақтөбе» командасының бас бапкері Владимир Мухановпен бейресми сөйлескенімде, ол кісі бес бірдей негізгі ойыншысыз ойнағанымызға қарамастан, ұтылсақ та Голландиядағы ойынға толық қанағаттанатынын айтқан болатын.

Ақтөбедегі қарымта кездесуде бұрынғы «сары қағаз алғандар» түгел ойнады. Матч алдындағы сұхбатта қарсыластар командасының бас бапкері Гертьян Вербеек өздерінің ел біріншілігінде жеңілістерге тап болғанына, ойыншылардың шаршағанына қарамастан, Ақтөбеде қол қусырып қалмаймыз деген болатын. Ия олар барын салды. Ал біздің жерлестеріміз әлемді айтпасақ та, Еуропа жұртшылығына «біз де осал емеспіз» дегендей әсер қалдырды.

Ойын қалай өтті, соны көз алдымызға тағы бір елестетейік…

Журналистерге арналған шағын орындықтарға голландтық әріптестеріміз, яғни спорт журналистері келе бастады. Амандасуында еркіндік сезіледі, яғни, «біз ұтамыз» деген секілді пиғыл аңғарылып қалды. Қонақ қой, не дейік.

Ойын басталып кетті. Жерлестеріміз үшін кемінде 3:0 есебі қажет еді. Алғашқы минуттарда-ақ ақтөбеліктер стадионды дүр сілкіндірді. Алдына түскен допты аяғымен сыйқырға бөлеген Тити Эссомба қалың қарсыластардың көзін байлап, допты қақпаға асырды. Алайда қонақтардың қорғаушысы Дирк Марселлис баспен қайтарды. Тағы да Тити қақпашы Джой Дидулицаны қапы қалдырмақ болды, голландтықтар айып алаңынан допты алып шықты.

Міне, осылай толассыз шабуыл жасасақ та, қонақтар бір ғана аса қауіпті жағдайды өз пайдасына шеше білді. Ойынның 10-минутында шведтік легионер Понтиус Вернблом айып алаңына еркін кіріп, қақпаға допты оп-оңай сала қойды. Есеп — 0:1.

Қайтеміз, қорғаушылар қателесті. Бірақ жанкүйерлер мұны жеңіліс деп мойындамады. Қақпасына кім гол жібермейді? Сөйте тұрып ұтуға болады ғой. Мұны біздің ойыншылар да жақсы түсінеді. Жанкүйерлердің қолдауы бәсеңдемеді. Стадионды дүрілдетіп-ақ жіберді. Жерлестерінің қолдауына қашан да ие «Ақтөбе» футболшылары шабуылды бір сәт бәсеңдетпеді. Тіпті қорғаушы Самат Смақов біздің қақпа маңынан басталған ойынды өз қолына алып шабуыл шебіне де шығып кетті. Жай ғана шыға қойған жоқ, доппен бірге жүріп қарсыластардың басын шыр айналдырып, шабуылшыларымыздың дәл алдына тастап жатты. «Көрдіңдер ме, Самат осы ойынымен-ақ қазақтардың футбол ойнай алатынын көрсетті» деп журналистер шу етті. Бірінші таймның соңғы он-он бес минутында қонақтар қатты састы. Алаңның «Алкмаар» бөлігіне шабуыл нөсері жауғандай болды. Эссомба гол соға алмады. Андрей Карпович мүлт кетті. 37-минутта Мұрат Тілешев қақпашымен жекпе-жек қалды, доп қақпадан жоғары кетті. Смақовтың алыстан ұрған соққысын гол деп ойлап қалдық. Өкінішті-ақ. Айып добын орындаған Саматтың тепкен добын Ба баспен ұрды. Тағы да сәтсіздік. Осы таймда кемінде екі-үш гол соғылар ма еді, бәлкім. Егер Дидулица мықты болмағанда, егер біздің ойыншылар дәлірек болғанда. Қайтеміз, ойынның бірінші кезеңі қонақтардың пайдасына шешілді.

Екінші тайм тағы да біздің футболшылардың қонақтарды ығыстыруымен басталды. Ойын басында аракідік қателіктерге бой ұрындырған Антон Чичулин бұл таймда еркін көсілді. Шабуыл өтін әп-әдемі ұйымдастырып отырды. Осындай бір сәтте Евгений Аверченко мергендік таныта алмады. Бас бапкер Марат Хайруллиннің орнына Иван Перичті шығарды. Перич осы ойында өзінің ерекше өрнегін көрсете білді.

Алайда «Алкмаар» да қарап қалмады. Біздің қақпа алдындағы қарбалас сәтте Вернблом мен Гудмундссонның аяқтары допқа ілікпей қалды. Біздің ойыншылардың толассыз шабуылы кезінде Иван Перич допты айып алаңына асырды. Допты кеудесімен тоқтатқан сұр мерген Мұрат Тілешев қақпаны дәл көздеді. Есеп — 1:1.

Аверченконы алмастыруға тура келді. Оның орнына шыққан Аслан Дарабаев та еркін көсілді. Қалай да гол керек. Самат тағы да жарқ етті. Өкініштісі сол, Саматтың орындаған айып добы қақпадан сәл биік кетті.

Бізге кемінде тағы да үш гол керек еді. Эссомба аяғына тиген допты қақпаға бағыттады, ал қақпашы қайтарған допты Тілешев қолмен қойғандай гол қылды. Осылаша біз алға шықтық. Қуанышта шек жоқ. Бірақ бұл доп айырмашылығы біз үшін әлі де аз еді. Самат Смақов тағы да қорғаныста жүріп, қарсыластар өтіне еркін шықты. Шығып қана қоймай үрей тудырды. Алайда қажетті екі голды соға алмадық.

Сонымен 2:1 есебімен ұттық. Ұтып тұрып, Еуропа лигасының тобынан орын ала алмадық. Төреші ойынның аяқталғаны туралы ысқырықпен белгі берді. Біздің жанкүйерлер «Жарайсың, «Ақтөбе!» деп ризашылықпен тарасты.

Баспасөз конференциясында Гертьян Вербеек ақтөбеліктердің келесі топтық кезеңге өту үшін барын салғанын, тіпті соңғы 15 минутта 4:1 есебімен ұтуға мүмкіндігі болғанын атап өтті. Ал Владимир Муханов жігіттердің қонақтарды айқын қыспаққа алып, соңғы секундтарға дейін белсене ойнағанына ризашылығын білдірді.

Бердібай КЕМАЛ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button