Тарих

Тайлақ батырдың тегі қандай?

Қазақ елінің Көшбасшысы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан  Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында былай деп жазған болатын: «Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті». Тура айтылған сөз. Айна-қатесіз тарихи шындық. Қазақ еліне «сұқтанған жат жұрттың» бірі жоңғарлар еді. Тарихшылардың жазуына қарағанда, XVIII ғасырдың басында, ең алдымен көз алартқан жоңғар қонтайшысы Цевен Рабдан көрінеді. Ол өз өкімін жүргізу үшін әлденеше рет әрекет жасап баққан. Ақырында оның ұлдары Галдан Церен мен Шона Доба жүз мыңнан аса қол жинап, 1723 жылдың көктемінде қазақ жеріне тұтқиылдан басып кіреді. Ақтөбелік қаламгер Сұлтан Қойшыбаев өзінің «Тұлпар» атты тарихи-этнографиялық зерттеуінде: «Қамсыз халық жүрген жерінде, тұрған орнында, ұйықтаған төсегінде, жатқан бесігінде жоңғар басқыншыларының қанды қолынан шыбындай қырылып жатты. Мұндай қырғын, мұндай сұмдық қазақ жерінде бұрын-соңды болып көрген жоқ еді», — деп тебіренеді. Қазақ халқы тарихында «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» аталған қасіретті кезең еді бұл. Қазақ халқы жоқ болып кетудің сәл-ақ алдында тұрды. Қару көтере алатын жастан бастап, алпыстан асқан ел ағаларына дейін жасақ-жасақ болып топтасып, ұйымдасып, алапат күшпен тіресуіне тура келді. Қанды қанмен жуып, кек қайтаруға бүкіл ел болып жұмылды. Сол 1723 жылдың күзінен бастап-ақ Тайлақ батыр бастаған Кіші жүздің намысқой жігіттері Шона Добаның қалың қолына қырғидай тиісе бастайды. Жоңғар сарбаздарына тұтқиылдан тиісіп, тұтасымен қырып салып, кең далаға сағымдай сіңіп, жоқ болып кетіп отырған. Осындай партизандық арпалыс үш жылға жуық созылып, ақыры ұлы шайқасқа ұласады. Бұл туралы көрнекті жазушы Ілияс Есенберлин «Көшпенділер» трилогиясының «Жанталас» кітабында былайша суреттейді: «Жоңғар қырғынынан Қазақ елі тек екі жыл өткен соң барып есін жиып, басқыншыларға қарсы тұруға жарады. Ең алғашқы жеңісті Кіші жүздің Тайлақ батыры мен оның жиені Ұлы жүздің Ошақты руынан шыққан Саңырақ батыры әкелді. Бұлар Бұланты мен Бөленті өзенінің ортасындағы «Қара сыйыр» деген жерде жоңғардың қолын бетпе-бет айқаста ойсырата жеңді. Көп жоңғар осы арада қаза тапты. Жоңғар мен қалмақты бір санайтын қазақ «Қарасыйырды» енді «Қалмақ қырылған» деп атады. Бұл жеңіс қазақ елінің рухын көтерді, қанды кекке шақырды» (91-бет). Бұл жер қазіргі Торғай даласының   оңтүстік-шығыс жағында. Бүкіл қазақ халқының намысын қорғаған, есімі кең даламызға аңыз боп тараған, жоңғарлармен соғыста ең алғашқы жеңісті алып берген Тайлақ батыр кім еді, қай ұрпақтың түлегі еді? «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген аталы сөзді ұстанған данышпан, замандасы Салқам Жәңгір қалың қалмақтың қоршауына түскенде, бір өзі тиісіп, ханды құтқарып барып, тұтқынға түскен, бірақ қызыл тілінің арқасында құтылып кеткен көзсіз батыр Мәті бидің бел баласы. «Тектіден текті туады, Тектілік тұқым қуады» деген осы. «Досыңның кім екенін айт, мен сенің кім екеніңді айтып берейін» деген нақыл да бар. Тарихшылардың бірауызды пікірі бойынша, Тайлақ батыр – Әбілқайыр ханның бірге өскен құрдасы, үзеңгілес жолдасы, досы әрі ақылшысы, кеңесшісі. 1726 жылы Ордабасыда өткен Үш жүздің игі жақсылары бас қосқан алқалы жиында Тайлақ батыр Кіші жүз жасақтарының қолбасшысы болып сайланады. Ұлы жүз қолының бас сардары болып Саурық батыр, Орта жүз қолының бас сардары болып Қанжығалы Бөгенбай батыр бекітіледі. Осы жиында бүкіл қазақ әскеріне бас қолбасшылыққа Кіші жүз ханы Әбілқайыр сайланады. Демек, Тайлақ батыр – 1729 жылы қазақ халқына ұлы жеңіс әкелген «Аңырақай» шайқасында қазақ әскерін басқарған үш бас сарбаздың бірі, тарихи ұлы тұлға. Бұл айтылғанның барлығы жалпы әлеумет түгіл, ересек мектеп оқушыларына белгілі. Біз мақалада Тайлақ батырды дәріптейін деп отырғанымыз жоқ, онсыз да ол аты аңызға айналған адам. Мәселе шежіре тарқатуда болып отыр. Қазақ ұлттық энциклопедиясының 8-томының 177-бетінде: «Тайлақ Мәтіұлы. …Кіші жүздің жетіруынан шыққан» деп жазылған. Аты айтып тұрғандай, жетіру: телеу, кердері, керейіт, табын, тама, жағалбайлы, рамадан руларына бөлінеді. Тайлақ батыр жетірудан шықса, түптеп келгенде, қай аталыққа жатады? Талас осы жерден туады. Даңқы жер жарған, абырой-беделі аса жоғары, теңдесі жоқ ерліктер көрсетіп, аты аңызға айналған, бүкіл қазаққа белгілі әулие адамды кім өз бабасы санағысы келмейді? Осы себепті жағалбайлы руы Тайлақ батыр біздің рудан шыққан деп иемденсе, керейіт руы «Сыр елі» аталатын Қызылорда облыстық энциклопедиясына «Тайлақ батыр керейіт руынан шыққан» деп қасқайтып жазып қойыпты. Телеу руы болса, төрт тармақ атаға бөлінеді: Ажыахмет, Керейлі, Ноғайлы, Самат болып. Тайлақ батырдың қазір көзі тірі ұрпақтары көп. Олар өздерін Самат телеуміз деп атайды. Сонда Тайлақ батыр қай руға тиесілі? Атап айтқанда, кімнің әкесі? Ғылыми тұрғыдан талдап көрейік. Ақтөбе қаласының азаматы (сірә, жағалбайлы болса керек. Б.С). Баянғали Құлтаев «Ақтөбе» облыстық газетіне (19 қараша 2009 жыл) «Тайлақ батыр» деген тақырыппен мақала жариялапты. Ол Мырзабай Жақсылықов құрастырған «Жағалбайлы шежіресіне» арқа сүйейді. М.Жақсылықов: «Тайлақ батырдың әкесінің азан шақырып қойған аты – Мамыр» депті. Б.Құлтаев: «Мамыр бабамыздың билік құрып, Мәті би атануына шәк келтіруге болмайды» дейді. Біріншіден, Қазақстандағы барлық шежіре өзара салыстырылып, сұрыпталып, тарихшы ғалымдардың парасат елегінен өткізген жоқ. Екіншіден, өз пайдасы үшін яки қиялдан алып, яки тәжірибесі жоқ, сауаты аз біреулердің сөзіне сеніп құрастырған шежірелер жетіп артылады. Баласын әкесі етіп, керісінше, әкесін баласы етіп қоятындар аз емес. Үшіншіден, адам сенетіндей деректері жоқ. Халық жазушысы, абыз жазушымыз Әбіш Кекілбаев өзінің «Үркер» атты кітабында (256 б.) былайша толғайды: «Билікке алған дүние дәулетті тап сол арада ғаріп-қасерге пышақ үстінен таратып беріп кететін сақи Мәтіні кім білмесін! Биліктен әлдеқашан қалған кезінде бір замандасының артынан бата оқи барғанда: «Көктегі жарылқаушы жалғыз Тәңір, жердегі жарылқаушы жалғыз Мәті би» деуші еді. Мәті би екенің рас болса, жарылқа!» деп шаужайына жабысқан бір есалаң кемпірге астындағы тақым артар жалғыз көлігі — шудасы жерге түскен қара бурасын түсіп беріп, жаяу кететін мәрт Мәтіні кім білмесін!» Сонда данышпан Әбіш Кекілбаевтың «Тайлақ батырдың әкесінің азан шақырып қойған аты Мамыр» екенін білмегені ме? Мырзабай Жақсылықов пен Баянғали Құлтаев, шамасы, өлі аруақтардың сөйлей алмайтынына, айта алмайтынына арқа сүйеп отыр-ау. 1726 жылы Ордабасыда өткен Үш жүздің игі жақсылары бас қосқан алқалы жиында Тайлақ батыр Кіші жүз жасақтарының қолбасшысы болып сайланады. Ұлы жүз қолының бас сардары болып Саурық батыр, Орта жүз қолының бас сардары болып Қанжығалы Бөгенбай батыр бекітіледі. Осы жиында бүкіл қазақ әскеріне бас қолбасшылыққа Кіші жүз ханы Әбілқайыр сайланады. Енді «Сыр елі» аталатын Қызылорда облыстық энциклопедиясына келелік. Энциклопедияға енген Тайлақ батыр туралы мақаланы Тынышбек Дайрабай жазыпты. Бұл автордың жағалбайлық авторлардан басты айырмашылығы Тайлақ батырдың әкесі Мәті биге бірден «қол салмайды». Тіпті Мәтінің әкесі Дүбірге (бұл кісі заманында Домалақ батыр атаныпты. Б.С) де емес, атасы Тағабердіге жармасады. Себебі, Тағабердінің Самат телеуге дейінгі аталары белгісіз. Шежіресі сақталмаған. Т.Дайрабай Тағабердінің бабаларын керейіттің Қоспамбет (Тілік) аталығынан таратады. Ақырында Дәулет (Дулат) батыр Тағабердінің әкесі болып шығады. Тағаберді қай жылдары өмір сүрген, энциклопедияға енген Дулат батыр қай жылдары өмір сүрген? Оған мән беріп жатпайды. Тайлақ батырдан тұқым бар ма, жоқ па, керейітте өзін Тайлақ батырдың ұрпағымыз деп санайтын қанша әулет бар? Бұл сұрақтардың ешқайсысына жауап қайтарылмайды.   Телеу руына келдік. 2006 жылы Алматы қаласында «Қазақ ру-тайпаларының тарихы» ғылыми-зерттеу жобасының аясында «Телеу» аталатын VI том жарық көрді. Томның авторлары – тарих ғылымдарының докторы Т.Омарбеков, тарих ғылымдарының докторы, профессор Б. Кәрібаев сияқты көрнекті тарихшылар. Бұл еңбекте де Тайлақ батырдың ата-тегі, ұрпағы әңгімеленеді. Мұнда Тайлақ батырдың тегі Самат телеу екені анық айтылған. Оның әкесі Мәті, атасы Дүбір (Домалақ), бабасы Тағаберді екенін де толық көрсеткен. Сондай-ақ кітапта Тайлақ батырдың ұрпағын да санамалап шыққан. Батырдан Жақай атты жалғыз бала қалады. Жақайдың бел баласы Балта да жалғыз. Бірақ Балтадан Бесінбай, Қалманбай атты екі ер бала өмірге келеді. Аталған томның 338-бетінде Бесінбайдан: Жанбатық, Ерғанат, Айғанат, Майдан, Аралбай, Ешім атты ұландар өргендігін хатқа түсірген. Ешімнен ғана тұқым жоқ. Қалған бес атадан өрбіген шөбере, шөпшек, немене өз алдына бір бөлек рулы ел. Бесінбайдың Ерғанат атты баласы аталарына ұқсап би болса, Айғанаты діндарлықпен, Аралбайы палуандықпен аты шыққан. Өз басым Тайлақ батырдың ұрпағы Аманбай Исақабылұлын жақсы білемін. Ол талай жылдан бері Қызылорда облысының партия, әкімдік, өкілдік органдарында басшылық қызметтер атқарып келеді. Кенже баласы Мақсат Исақабылов — дзюдо, самбо, қазақша күрестен халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азия чемпионы. «Халық барысы», «Қазақстан барысы» сайыстарына бірнеше рет қатысып, жүлделі орындарға ие болған. Қысқасы, республикамыздың үлкен үміт күттіретін тәжірибелі спортшысы. Қос мамандық алып, қатарының алды болып жүр. Ал енді осы аталған кісілердің шежіресін тарқатып көрелік, Тайлақ батырдан Жақай, Жақайдан Балта, Балтадан Бесінбай, Бесінбайдан Ерқанат, Ерқанаттан Нұржан, Нұржаннан Исақабыл, Исақабылдан Аманбай, Аманбайдан Мақсат. Бұл шежіреге Тайлақ батырды керейіт, жағалбайлы, т.б. руларға теліген авторлар қалай қарар екен? Әлде Тайлақ батырдың жағалбайлыдан немесе керейіттен тараған ұрпақтарын санап бере алар ма екен? Санап бере алмаса, Тайлақ батырдың руы — телеу. Оның ішінде Самат телеу. Қазақ өз ұрпағына жеті атасын білуді міндеттеген. Қазақтың басым көпшілігі жеті атасын, тіпті он атасын біледі. Ата-бабаны анықтағымыз келсе, ғылыми жолмен төменнен, яғни тірі жүрген адамдардан, жоғары қарай анықтайық. Он атаға дейін ешбір қатесіз, мүлтіксіз, дау-дамайсыз зерделей аламыз. Ғылыми жолмен түзілген соң алып-қашпа әңгімелер болмайды. Аздаған шегініс. Ілгеріде бір аталарымыз «Тебінгісі терме алтын Телеу мырза» атаныпты. Сірә, алтын киімді ханзадалар заманы болса керек. Телеу тайпасының тарихы одан да ары кетеді. Филология ғылымдарының докторы, профессор В.Махпировтің «Ежелгі түркі ономастикасы» атты диссертациясында бес мың жылдық тарихы бар Қытай елінің ең ескі жазбаларында «Теле» деген атаудың бар екені атап көрсетілген. Егер «Теле»-ге көптік мағынаны беретін ут қосымшасын жалғасақ, телеут деген атау шығады. Телеут аталатын шағын халық Алтай өлкелерінде өмір сүреді. Алғашқы бірнеше тайпа бірлестігі деген ұғымды білдіретін бұл атау бірте-бірте  дыбысты жойып алып, телеу формасына енген. Керейіт тайпа бірлестігі де тарихи жағдайларға байланысты керейіт, керей болып екіге бөлінген. Теле атауы Қытайдың кейінгі жазбаларында Динлин атауына көшкен. Соңғы атауының құрамында т қатаңының ұяң сыңары д және л соноры сақталған. Сірә, Теленің екіге бөлінгенін мегзеу үшін те-ле-ні екі буынға бөліп, буынның соңына н сонорын қыстыра салған сияқты. Сонда те+ле «дин+лин» болып шыға келеді. В.Махпиров бұл сөздің қытай тіліне аударғанда «ағаш» деген лексикалық мағынаны беретінін де ескерте кетеді. «Ағаш» сөзінің астарына (прагматикасына) үңілсек, «Орманды алқапты мекендеушілер» деген кең түсінік шығады. Ежелгі Қытайдың орманды алқаппен шекаралас екендігі географиядан белгілі. Орыстың теле+га (ағаштан жасалған арба) деген сөзінің құрамында да теле қайталанады. Яғни теле-ні, «ағаш» деп түсінеміз. Шежіре рушылдықты, жікшілдікті туғызбайды. Керісінше, елді бауырластыққа, туысқандыққа, ағайын-жекжат арасындағы сыйластыққа баулиды. Ел боламыз десек, кез келгеніміз ақиқаттың ақ жолын ұстанайық. Тарихымыз ешқашан бұрмаланбасын.

Берікбай САҒЫНДЫҚҰЛЫ,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры,

филология ғылымдарының докторы.

«Айқын» газеті.

Басқа жаңалықтар

Back to top button