Әдебиет

Рабиға СЫЗДЫҚ: Әуезов өлең оқығанда, Абайдың өзі оқып тұрғандай болды

Мерей

Қазақ тіл біліміне ұшан-теңіз еңбек сіңірген көрнекті ғалым, Ұлттық Ғылым академиясының академигі, профессор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Ақтөбе өңірінде туып-өскен жерлес апамыз Рабиға Сыздық биыл мерейлі 95 жасқа толды, І дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды. «Бұған дейін де қаншама сый-сияпатқа, талай марапатқа ие болдым, мына жасымда анау-мынауға елпілдеп, елең ете қоюым да қиын, дегенмен еңбегінің еленгені кім-кімге де қуаныш, кім-кімге де зор мәртебе екені рас!», — дейді мерейтой иесі.

Ғылым дүниесінде есімі зор құрметпен аталатын осы бір абыройлы алып тұлғаның ғасырға жуық жасап келе жатқан ғұмырында көргені де, көкейге түйгені де көп екеніне дау жоқ. Қазақтың көркем әдеби тілін, оның ішінде Абай тілін зерттеуде тындырған ісі бір төбе. Тіл тарихына қатысты жазған еңбектері де маңызды әрі құнды. Көзі қарақты оқырман қауымға тіл мәдениеті жөніндегі ой-толғамдары да жақсы таныс. Қазақ тілі орфографиясы мен пунктуациясы, лексикология, лексикография мәселелері де ғалым назарынан тыс қалған емес. Түрлі сөздіктерді құрастыруға, баспаға әзірлеуге де белсене атсалысты.

Дегенмен, бұл кісі тек ғалым ғана емес қой. Ол да бала болды, оның да оңашада тамсана талмайтын тәтті қиялы болды, оның да қуанышы мен мұңы болды…

Апамыздан тілге қатысты түйткілді мәселелерді сұрап, «тыныштық бермейтіндер» онсыз да аз емес шығар. Сондықтан бұл сұхбаттың бағытын біз ғұмырбандық сипатқа бұрғанды жөн көрдік.  

Әкем жан-жақты сауатты кісі болған

— Бұ күнде қарға адым жер басу мұң, шырағым, ешқайда шыға алмаймын, Ақтөбеге бармағалы да не заман? — деп, Рабиға апамыз алғашқы сауалды күтпестен сөзді де өзі сабақтады. – 1994 жылы сол кездегі Ақтөбе пединститутының ректоры Мұхтар Арын бауырым арнайы шақырғаны есімде. Өзі ауыл-аудандарды аралап жүріп, дарынды деген отыз шақты баланы іріктеп, филология факультетіне қабылдаған екен, соларға дәріс оқытты. Мен А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтындамын, екі жерде бірдей жұмыс істеуге болмайды, сондықтан бір айдай ғана сабақ бергенмін. Бірнеше жыл өткен соң: «Сол балаларыңыз шашауы шықпай, түгел институт бітіргелі отыр, мемлекеттік емтиханды да өзіңіз алыңыз», – деп тағы шақырды. Бардым. Ақтөбеден бөлек, Қарағандыда, Семейде, Алматының жоғары оқу орындарында дәріс оқып тұратынмын.

Мұхтар шақырғанда бірден ескерттім: «Мен шапан жиып, қамзол киіп қайту үшін бармаймын. Туған жерімді аралап, сағынышымды басу үшін барамын және жалғыз бармаймын. Бұрын Ақтөбе өңіріне аяғы тимеген, жолы түспеген бірнеше әріптесімді ала барамын» дедім. Сөйтіп, академик Әбдуәли Қайдарды, үздік шәкірттерімнің бірі Нұргелді Уәлиұлын, бүгінде белгілі баспагер болған талантты ғалым Ғарифолла Әнес бауырымды және тағы басқаларды ертіп, ұзын саны жеті адам болып бардық. Мен өзі Ойылда туғаныммен, үш жасымда көшіп кетіп, ол жерді қайтып көрмеген адаммын. Темір, Табын деген жерлерде де тұрғанбыз, сол жақтарды да аралағым келді. Әке-шешемнің табаны тиген, ізі қалған, қиыншылыққа толы балалық шағымның қимас естелігіне айналған жерлерді көргім келді. Көрдім. Көкейімде көп жайт сайрап қоя берді…

Жақында туған жердің, облыс басшылығы сәлемін алып, Ақтөбе қаласының әкімі Мавр балам (Абдуллин – ред.) келіп кетті. Жасыммен, орденіммен құттықтады. Сөз арасында Ақтөбеге барған әлгі сапарымды айтып едім: «Апа, сол 1994 жылы мен студент болатынмын», — деп күлдірді. Көрдің бе, содан бері қанша уақыт өткен…

«Туған жерімді көріп, сағынышымды бастым» дедіңіз. «Көп жайт жадыма оралды» дедіңіз. Ендеше, сол естеліктерден айта отырсаңызшы…

— Аталарымыздың түпкі мекені Жайық өзенінің шығыс жағындағы дала болса керек, қазіргі Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданына қарайды ғой деймін. Құтқожа атамыз асып бара жатқан бай да емес, жерге қарап отырған кедей де емес, орта шаруа болған екен, алты ұлы, бір қызы болыпты. Мен Жұбановтар әулеті туралы тұңғыш кітап жазған адаммын. Әкелері Қуан деген кісі «қалайда балаларым сауатты болуы керек, орысша болса да білім алуға тиіс» деп шешіп, Құдайбергенді, Ахметті қоймай жүріп оқуға берген ғой. Біздің атамыз да ертеңін ойлап, сондай шешімге келген, ұлдарын оқытуға тырысқан. Екі кластық қазақ-орыс мектебі деген болған, мұндағы «екі кластық» – «екі жыл оқиды» мағынасында емес, «екі деңгейлі» деген сөз. Бірінші деңгейі – 1-4 класс, бастауыш білім беру, екінші деңгейі – 5-7 кластар (ол кезде «сынып» дегенді білмейміз, «класс» деп сөйлейміз). Кейін әкем осы мектепті аяқтап, жұмысқа тұрған уақытта анкетаны өзі әдемілеп толтырған ғой. Сөйтсе, одан құжат қабылдап отырған адам: «Всего лишь с двухкласным образованием, но пишет и говорит на русском очень грамотно», — деп таңғалыпты. «Двухкласная школа» дегенді «екі-ақ жыл оқитын мектеп» деп ойлап қалған ғой, байғұс.

«Қазақ-орыс мектебі» дегені — «қазақ балаларын орысша оқытатын мектеп» дегені ғой. Сабақ тек қана орысша жүрген. Оған бүгінгідей 6-7 жастан ала салмайды, ең кемі 8-9, тіпті 10 жастан бастап қабылдаған, баланың мұсылманша болса да аздап сауаты бар ма, жоқ па — оған да қараған. Жатып оқитын интернаты болған. Негізінен, мұғалім немесе кеңсе қызметкерлерін дайындап шығаруды мақсат еткен.

— Сіздің әкеңізді өз заманының ең сауатты, көзі ашық адамдарының бірі болған деседі?

— Ол рас. Әкем Сәтіғали Құтқожаұлы — мұсылманша да, орысша да білім алған кісі. Қазақша-орысша таза сөйлейтін, қатесіз жазатын аса сауатты адам болған. Әлгі мектепті тәмамдаған соң Орынбордағы мұғалімдер семинариясын бітірген. Морзе әліппесін біліп шыққан. Ол уақытта оқу бітірген жас маманды қай жерде қандай мұғалім жетіспей жатыр, сол жаққа жіберетін. Әкем ХХ ғасырдың 20-жылдары Ақтөбе облысының біраз аудандарының мектептерінде жұмыс істеген. Екінші мамандығы — байланыс қызметкері. Ол заманда қазіргідей «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызатын» мүмкіндік жоқ, ұшақ кем, пойыздың өзі кібіртіктеп, баяу жүреді. Хабар алу үшін поштаның, телеграфтың маңызы аса зор кез. Қай жерде байланыс қызметінің жұмысын күшейту керек, әкемді сонда жіберетін. Бала кезімізде біздің бір жерге тұрақтауымыздан көшіп-қонуымыз көбірек болды, бәрі сол әкемнің жұмысының ауысуына байланысты еді.

7 сыныптық мектепті 5 жылда бітірдім

— Сіз туған жылдар, қай тұрғыдан болсын, елдің басына ерекше ауыртпалық түсірген ең қиын кезең еді ғой…

— Өте қиын жылдар еді… Ақ пен қызылдың шарпысуы әлі бітпеген, әлеуметтік әл-ауқат жағынан да елдің әбден титықтаған шағы болатын. Нан тауып жеудің өзі оңай емес. Мұның бәрі адамдардың денсаулығына да кері әсерін тигізбей қоймайды. Әке-шешемнің тұла бойы тұңғышы 1915 жылы туған қыз бала екен, шетінеп кетіпті. Бір жылдан кейін дүниеге келген Шафхат аман-сау өсіп жетілген (кейін Мәскеуде білім алды), ал одан кейінгі Зияда, Шәміл есімді перзенттерінің ғұмыры ұзақ болмаған. 1922 жылы екінші ағам Хамит туған (90-жылдары қайтыс болды), 1924 жылы дүние есігін мен ашыппын. Менен екі жас кіші Роза деген сіңлім бар, қазір жасы 92-ден асып, 93-ке кетті.

Мен өте әлжуаз, аурушаң бала болдым. Ауыз жаппай жөтелетін көкжөтел дертіне шалдығып, біраз жаттым. Орыстар «коклюш» дейді ғой. Осы «коклюшті» олар біздің «көкжөтелден» туындатты ма, әлде біз орысша атаудан алдық па — анықтау керек… Бірнеше перзентінен көз алдында айырылып, әбден жүректері күйген әке-шешем байғұс: «Әй, мына баламыз да бұ дүниелік емес-ау…» — деп мұңаяды екен. Әйтеуір кейін бетім бері қарап, адам болып кеттім ғой.

1930 жылы ғой деймін, Хамит ағам мектепке барды. Ойылдан үш жасымда кетсем, жаңадан ашылған Табын ауданында (қазіргі Байғанин) бір жыл тұрдық дедім ғой, бұл — сол кездер. Ат арбамен көшіп, жүз неше шақырым жол жүріп, төрт-бес күнде әрең жеткеніміз есімде… Хамит мектептен келген соң, оның шайын ішіп болғанын тағатсыздана күтемін. Ол дастарқаннан тұра бере, сұрақты қарша боратамын: «Мынау не әріп? Мынау нені білдіреді? Анау немене?»… Хамит ерінбей-жалықпай үйретеді. Мен сондай болдым ба, әлде бұл жалпы сол кездегі бала атаулыға тән қызығушылық па, әйтеуір өзім күркілдеп көкжөтел болып отырып та оқу десе елеңдеп барамын-ай… Бәрін білгім келеді, түсінгім келеді, сұрай бергім келеді. Сөйтіп, Хамиттің арқасында мектепке бармай жатып-ақ әріп танып, азды-көпті сауатым ашылып қалды.

Келесі жылы әкемді Арал аудандық байланыс бөлімшесіне басшы етіп жіберді. Тағы көштік. Бұ жолы пойызбен бардық. Табында әбден аурулы болып, үйден қадам басып шыға алмай, мүлде дала көрмеп едім, мұнда кәдімгідей сыртқа шығып, адам боп қалдым. Үйде отырып хат танып алғаным бар, мектептің 2-сыныбына қабылдандым. «Бірінші сыныпты үйде оқыған» мен алғаш рет мектеп көріп, мұғалім, парта, тақта, бор дегеннің не екенін біліп, өзімді кәдімгідей оқушы сезіндім. Хамит екеуіміз үйден бірге шығамыз. Ол менің қолымнан тас қып ұстап алады да, екеуіміз мектепке жүгіріп барамыз. Қайтарда да осылай жүгіріп қайтамыз…

— Неге?

— Өйткені, сұрапыл аштық басталған еді… Көшеде аш адамдар қаптап кетті. Әлсіреп құлап жатқаны бар, өліп жатқаны бар, көзі қарауытып жүргені бар… Неше түрлі әңгіме естиміз. «Көшеде келе жатқан біреудің баласын ұстап алып, жеп қойыпты…» деген сұмдықтар да құлаққа жеткен. Анамыздың айтуымен үнемі қол ұстасып, бір-бірімізден ажырамай жүреміз… Әкеміз қызметкер адам болған соң шығар, азды-көпті тұрақты жалақысы бар, біз әйтеуір аштыққа ұрына қоймадық, ілдалдалап күнімізді көрдік…

1934 жылы аштық тоқтады. Жағдай сәл де болсын дұрыстала бастады. Осы кезде «Темір ауданындағы пошта жұмысын жандандыру керек, сол жерге қызметке барасыз» деген тапсырмамен әкемді тағы қоныс аудартты. Қайта көштік. Темірге барған соң мені «сен 2-сыныпты жақсы бітіріпсің» деп, бірден 4-сыныпқа қабылдады. Ол уақытта «аттатып оқыту» деген болатын. Сөйтіп, 7 сыныптық мектепті бес жылда бітіріп шыққанмын.

Менің алғашқы атағым — «стахановшы»

— Әкеңізді қызыл өкімет «халық жауы» ретінде ұстап, жазаға тартқан екен. Сонда ол кісіге қандай айып таққан?

— «Алашорда басшыларымен бірге жүрген, соларға қызмет еткен, идеялық тұрғыдан мұраттас болған» деп айыптаған. Әкем Орынбор семинариясында Халел және Жаһанша Досмұхаммедовтармен қатар оқыған ғой. Халел кейін әскери хирург болған, Жаһанша заңгер болып істеген, тағы бір зиялы азамат бар еді… кейін дәрігер болған… ұмытып отырғанымды қарашы. «90 жас деген түк емес екен» деп, қайбір жылы бәрін есіме түсіріп, сайрап отырушы ем, көрдің бе, 95 деген қиын екен…

— Шынтас Қаратаев емес пе? Бұрын бір жазғаныңыз бар еді ғой…

— Иә, иә, сол! Анам Жемістің айтуынша, әкем бұл азаматтармен қатар оқып қана қоймаған, кейін де жақсы араласқан… Соның бәрін біреулер жоғарыға жеткізген ғой. 1937 жылдың басында бір күні шешем бізге: «Заттарыңды жинастырыңдар, көшеміз!» — деді. Себебін сұрап едік, «әкелеріңді қызметтен алды, ал мынау — поштаның бізге берген үйі, енді соны босатуға тиіспіз» деді. Амал жоқ, Темірдің шетіндегі жер үйге — құрқылтайдың ұясындай қоржын тамға көштік. Әкеміз қызметкер болған соң, біз көз ашқалы жерге жатып, жерге отырып ас ішіп, жерге отырып сабақ оқыған емеспіз. Кереуетке жататынбыз, үстелге отырып тамақтанатынбыз. Жер үйге көшкен соң, бәріне көндігуге тура келді. Кереуетіміз де, әкем өзі арнайы жасатқан ағаш үстел де, киім ілетін шкаф та үйге сыймай, сыртта, қорада тұрды. Жұмыстан шығып қалса да, әкемізді сирек көреміз, біз ұйықтап жатқанда бір жаққа кетіп қалады, түннің бір уағында бір-ақ келеді. Үнемі түнеріп, қабағын жиырып жүреді.

Бір күні шешем Роза екеуімізді дүкенге жұмсады. Нан алып келе жатсақ, ат жеккен үлкен арба біздің қорадан шығып келеді. Екі жағында екі кісі бар әкеміз арба үстінде отыр. Бізді көріп, басын изеді де, үн-түнсіз кете барды. Түк түсінбейміз. Үйге кірсек, шешем бүк түсіп, солқылдап жылап жатыр. Хамит терезеге қарап, сазарып отыр. Үй іші астан-кестен, бүкіл сандық ашылған, заттар шашылған, тіпті аяқ-табаққа дейін ыбырсып жатыр. Зәреміз ұшып, шешемізді құшақтап алып біз де боздап қоя бердік.

Ес жиған соң, «әкемізді қайда әкетті, неге әкетті?» деп сұраймыз ғой. «Түрмеге» дейді шешеміз. «Түрме» дегеннің не екенін білмейміз. Шешем ертесіне қалаға кетті. Сұрастырып іздеп тауыпты. «Күніне бір рет ыстық тамақ алып келуге болады» депті. Бірақ өзімен жүздестірмейді екен. Содан күнде бір кәстрөлге тамақ құйып, алып кетеді шешем байғұс. Қабылдап алады екен де, «күт» дейді екен. Бірер сағаттан соң «мә, алып кет» деп, босаған ыдысты беретін көрінеді. Бір күні: «Болды, енді ертеңнен бастап тамақ әкелмей-ақ қойыңдар. Тұтқындарды басқа жаққа алып кетеді», — депті. Қайда? Білмейді. Ешкім айтпайды.

— Асыраушысы ұсталып кеткен отбасының күнкөрісі тіптен қиындаған шығар?

Айтпа… Бұл уақытта Хамит педтехникумның 3-курсында оқитын. Шешем екеуі нәпақа іздеуге шықты. Ақша жоқ, ағайын жоқ. Екеуі таңертең кетіп, кешке келеді. Алғашында шошып кеттік: екеуінің де қолдары қан-қан. Сөйтсек, өткен ғасырда салынған бір шіркеу бар екен, соны кірпішін сындырмай бұзып жатыр екен. Әр кірпіш үшін 1 тиын беретін көрінеді. Екеуінің кешке дейін қолын жырып, қанатып жүріп тапқан тиындарына бір бөлке әрең келеді. Май жоқ, сүт жоқ, ет түске де кірмейді. Шайдың өзі қат, кейде нанның күйген қабығын шай қып ішеміз. Орыстардың бау-бақшасының түкпір-түкпірінде қалып қойған қалдық картобын қазып аламыз. Бірде әлдекімнің үйінен тұтас аппақ бөлке нанды көріп, аузымның суы құрығаны-ай… «Осындай нанды тоя жеген адамда арман жоқ шығар» деп ойлайтынмын. Ал көп уақыттан бері алғаш түйір еті бар тамақ жеп, сорпа ішкен күн естен шығар ма?! Әкемнің Еркінғали деген тете інісі бар еді. Сол кісі біреудің малын сойып беріп, қолақысына аз ғана ет алып келді. Соны пісіріп, тамсана-тамсана жегенбіз… Әйтеуір күнімізді көрдік.

Хамит оқуын бітірген соң, оны Алға ауданына бастауыш мектептің мұғалімі етіп жіберді. Менің де білімге құштарлығым керемет болды. 4-7 сынып аралығында бірде-бір «төрт» алмастан, кіл «беске» оқыдым. Ол уақытта өндіріс озаттарын «стахановшы» деп әспеттейтін. Сол әдетпен үздік оқушыларды да «стахановшы» дейтінді шығарды. 5-сыныпта мен де екі-үш айдай «стахановшы» атандым. Сосын басы істейтін біреу озат кеншілерді немесе үздік механизаторларды болмаса, мектеп баласын «стахановшы» деуге болмайтынын түсіндірсе керек, қайтып алып тастады. Кейде «менің ең алғаш алған атағым — стахановшы» деп қалжыңдайтынымның себебі — сол…

Сексен жылдан бері «апаймын»

— Еңбек жолыңыздың да ерте басталғанынан хабардармыз. «Оқу бітірмей жатып, мектепте мұғалім болғанмын» депсіз бірде…

— Рас, 15 жасымда мектеп бітірдім. Жасым 16-ға толмағанына қарамастан, жанашырлық танытып, мені педучилищеге оқуға қабылдады. Жағдайды түсінгіш еді ғой ол кездің адамдары… 2-курста оқып жүргенімде, 1940 жылдың наурыз айы болатын, Хамиттен хат алдым. «Мектепте үздік оқығаныңды дәлелдейтін, қазіргі сабағыңның да жақсы екенін көрсететін қағаздарыңды алып, Алға ауданына кел» депті. Бардым. Мектепке мұғалім етіп орналастырды. Азын-аулақ жалақысы бар. Күн көруіміз керек қой енді…

Маған тұрақты мұғалімі жоқ болғандықтан, балалары бетімен кеткен 4-сыныпты берді. Мектеп басшылары «Мынау — ұстаздарың» деп таныстырды да, кетіп қалды. Ал әлгі «бұзықтар» құтырсын сосын. Ысқырып-қышқырып, жер тепкілеп, жетісті де қалды. Өзім аурушаң адам, өте арықпын, желдің өтінде өскен кәдімгі қап-қара қызбын, бойым да бір тұтам. Шашымды ұлша қысқартып, қиып тастағаны тағы бар. Киімімнің де оңып тұрғаны шамалы — Хамитке сыймай қалған ескі кәстөмді ілдалап киіп алғанмын, жаздық аяқ киім деген жоқ, аяғыма бәтеңке киіп, оны баумен буып тастағам. Мені мұғалім екен деп аяқ тартып, тыңдайтын түрлері жоқ. Біреуі тіпті: «Сізді апай делік пе осы, әлде ағай делік пе?» — деп кекетсін келіп… Сасқанымнан «апай, апай, апай…» дей беріппін. «Ұл емеспін, қыз баламын, мені «апай» деңдер» дегім келген болуы керек. Міне, сол «апай» болғаныма алдағы жылы сексен жыл толмақ…

Келесі оқу жылында маған 2-сыныпты берді. 8-9 жасар балалар ғой, бірден айтқанымды екі етпей тыңдап, «апайлап» тұрады. Мен де сабақты құлшына үйретемін, шабыттана оқытамын, олар да лезде қағып ала қояды. Ақыры мектептің ең үздік сыныбы болып шықтық! Өзімді мұғалім сезініп, еңсем көтеріліп қалды.

Оқу жылы аяқталып қалған кез еді, жаздың басы, көшеде саңқылдап тұратын қалқанқұлақ радио: «Соғыс басталды! Германия әскері Кеңес Одағына Польшамен шекара тұсында басып кірді», — деп қақсап қоя берді. Анам Польшаның қайда екенін білмейді ғой, ал менің зәрем ұшты: Хамит сол батыс шекара маңында әскерде жүр еді. Көп ұзамай одан хат алдық, «шегініп келеміз» депті. Өзі танк айдайтын, жанында тағы үш-төрт сарбаз болады екен. Ара-тұра хабарын алып тұрдық.

1943 жылдың жазы келді. Бірде басшыларымыз: «Жау Волгоградқа тақап қалыпты. Ұшақтарымыздың қонуына ыңғайлы жаңа аэродром жасау жөнінде пәрмен түсті», — деді. Жас мұғалімдер мен ересек оқушыларды жинап алып, Темірден 15-20 шақырым жердегі мидай далаға алып барды. Даланың дөңестеу жерлерін күрекпен қырнап, одан шыққан топырақты, құмды еңістеу, ойпаттау тұстарды биіктетіп, бір тегіс ету үшін, әкеп төгіп, біраз жұмыс істедік. Ең қиыны — жақын маңайда не бұлақ, не ағып жатқан өзен жоқ, судан тарықтық. Аз ғана су беріледі, ол тек ішуге ғана арналған, сонымен беті-қолымызды да жуған боламыз. Бір айға жуық үй көрмей, қосқа түнеп жүрдік. Бір күні: «Біздің әскерлер немістің шабуылын тойтарып, кері қуа бастапты, енді аэродром керек болмайды екен, ауылға қайта беріңдер», — деген бұйрық келді. Сондағы қуанғанымыз-ай! «Сендерді өгіз арба, түйе арба, тіпті болмаса есек арбамен келіп, алып кетеді» деген сөзге қарамастан жаяу-жалпы шұбап ауылға тарттық. Ән салып, әзілдесіп, әуелі көңілді жүрдік. Екі сағаттай жүрген соң, әлгінде ғана «мына тұрған жер ғой, жетіп барамыз» деген желікпе көңіл су сепкендей басылып, «шаршадық, аяғым талды» деушілер көбейді. Бір жатып, бір тұрып, әйтеуір таң ата Темір өзенінің көпіріне жеттік. Бір ай жуынбаған адамбыз, суды көре сала тұра ұмтылдық. Кейбіріміздің қоржынымыздан аз-маз алқынды сабын табылып, шашымызды жудық, шайынып, киімдерімізді тазалап, адам боп қалдық.

Үйге келсем, шешем сүдіні қашып, үрпиіп отыр. Мені көріп, жылап жіберді. Соғысқа кеткен ер-азаматтардан «қара қағаз» келіп жатқан заман ғой, бір жаманат хабар жеткен екен деп ойлап, жүрегім зу ете түсті. «Қол, қол» дей береді. Түпкі бөлмеден ер адамның даусы шыққандай болды. Қарасам, Хамит! Қуанғаннан есім шығып, бас салып, құшақтай алдым. Аңғармаппын, сөйтсем, ағамның бір қолы шынтағынан жоқ екен. Снаряд жұлып әкетіпті. Шешемнің «қол, қол» деп, жаны ауырып отырғаны сол боп шықты. Аман оралғанының өзіне шүкіршілік еттік қой сосын…

Арманыма — Алматыма осылай жеттім

— Ал Ақтөбе қаласына қашан ауыстыңыз?

— Соғыс бітетін жылы. Менің анам Жеміс оқымаса да, өмірден көрген-түйгені көп, адамдармен тіл табыса алатын, дәмді ас әзірлеп, қонақтың бабын жасай білетін ашық жарқын кісі еді жарықтық. Не дегенмен, қызметкердің әйелі емес пе? Осы қасиеттерінің арқасында анам мен оқыған педучилищенің директоры Рахила Сәрсенова деген апаймен жақын араласып, құрбыдай болып кетті. Сол кісі кейін облыстық оқу бөлімінің басшысы болып ауысты да, арада көп уақыт өтпей мені де Ақтөбеге алдырып, 6-мектепке «завуч» (оқу ісінің меңгерушісі) етіп орналастырды. Мен сонда 21-ақ жастамын, «завучтың» міндеті не екенін де білмеймін. Ауылдағы «завучымыз» анда-санда мұғалімдерге ұрсып-ұрсып кететін, ал мен кімге ұрса алғандаймын? Мектеп директорынан сұрап едім, «өзің математик екенсің, сабақ кестесін әбден ойластырып жаса, ешқандай мұғалім екі сабақ арасында бос болып қалмасын» деп тапсырды. Кестені түнімен түзіп шығып, ертесіне апарып іліп қойдым. Ұстаздардың бәрі риза болды, әйтеуір.

Педучилищені ақыры бітіріп алдым, оған қоса бір демалыс кезінде Ақтөбедегі мұғалімдер даярлайтын институтқа барып, емтихан тапсырып, оның да дипломына ие болғам. Жұмысым өзіме ұнайды. Рахила апайымның үйінде жатам. Алдыңғы қатарлы мұғаліммін. Мектебімізде Ізтай Мәмбетов, Бәкір Тәжібаевтар оқыды. Үлкен ақындардың жырларын жатқа оқитын, өздері де өлең жазатын. Ақтөбеде күніне бірер сағат хабар тарататын жергілікті радио бар болатын. Бірде сол радиокомитеттен бір кісі хабарласып: «Сіздердің оқушыларыңыздың арасында талантты балалар бар екен, соларды радиоға тартайық, өлең оқысын, хабар жүргізсін», — деген ұсыныс айтты. Қуанып қалдық. Тура сол уақытта «жоғарғы сыныптың балалары арасында вокзал жағалап, ұрлық қылып, төбелес жасап жүргендер бар екен» деген сөз шығып, тәртіп мәселесі күшейе бастап еді, мына ұсыныс дөп келе қалды.

Елді, халықты зорықтырып, зарықтырып барып соғыс та бітті-ау. Соғыстың біткенін де сол радио хабарлады. «Капитуляция» деген сөзді алғаш сол кезде естідім. Мұндай ғажайып қуаныш, ұлан-асыр ұлы дүбірде адамдар қалайда бәрі қауышатын ортақ жерді табады екен ғой. Таң атар-атпастан-ақ ұйқы жайына қалып, кішкентай балалардан бастап бәрі мектептің алдына жиналды. Бір-бірімізді құттықтадық, құшақтастық, күлдік, жыладық, қайта күлдік… Әйтеуір, үйінде отырып тойлаған ешкім болған жоқ.

— Сол уақыттағы республика астанасы — Алматыға, ғылым-білім ордасына жолыңыз қалай түсті?

Мен үшін Ақтөбенің орны қашанда бөлек қой, бірақ бұдан да үлкен қалада оқығым, білімімді әрі қарай жетілдіргім келетін. Соның реті өз-өзінен келе кетті. Бір күні облыстық оқу бөлімі шақырды. Республика басшылары «Соғыс бітті, мұндай ұлы қуанышты жай ғана мерекелеп қоя салмайық, үлкен дүбірлі тойға ұластырайық! Биыл, яғни 1945 жылы қазақтың ұлы ақыны Абайдың туғанына 100 жыл толып отыр, соны атап өтелік» деп шешіпті. Осы мерейлі датаға арналған Алматыдағы үлкен жиналысқа (ол кезде «съезд», «конференция» емес, «жиналыс» деп қана айтатын) Ақтөбеден 6 делегат баруға тиіс екен. «Соның біреуі сіз болсаңыз деп отырмыз, Рахила Сәрсенова да барады, ол кісі сізді әбден мақтады, үздік ұстаз екенсіз, балаларыңыз өлең жазып, радиода жыр оқиды екен, қалай, бара аласыз ба?» деген кезде қуанғанымнан секіріп кете жаздадым. Дұрыс киімімнің жоқ екенін де ұмытып кеттім. Бұған қоса сол Алматыда мұғалімдердің республикалық жиналысы да болады екен, соған да қатысатын болдық.

Ақтөбеліктерді ақын Қуандық Шаңғытбаев күтіп алды. Мен оны бұрыннан білетінмін. Аңқылдап, сөйлеп қалған жігіт еді. Бізді қазіргі Бөгенбай батыр көшесіндегі кішігірім қонақүйге орналастырды. Ертеңіне Орталық Комитеттің ғимаратына (қазіргі Ұлттық Өнер академиясы орналасқан үй) алып келді. Үлкен жарық зал. Баяндаманы Мұхтар Әуезов жасады. Жазушыны бірінші рет көруім. Бейнесі газеттен, кітаптан ептеп таныс қой. Ол кезде теледидар жоқ, кино да сирек келеді. Чапаев туралы фильмді білеміз, екінші рет көргенде Чапаев байғұс өлмей, құтылып кететін шығар деп ойлап жүрген ауылдың аңғал баласымыз ғой.

Ұлы Мұхаң ортаға шықты да, байсалды қоңыр дауысымен Абайдың өлеңінен бастады:

Жүрегімнің бойына терең бойла,

Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла.

Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,

Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма…

Даусы баяуырақ екен, бірақ құлаққа жағымды, тыңдамасыңа қоймайды. Анық есту үшін жұрт сілтідей тынып қалған. Маған өлеңді Абайдың өзі оқып тұрғандай әсер етті. Егер тірі болса, Абай да осылай оқыр еді деп ойладым. Баяндаманы бір сағаттан артық жасады-ау деймін. Бар зейінімізбен, ұйып тыңдадық. «Абай деген осындай екен ғой. Менің мектепте балаларға оқытып жүрген Абайым осындай кісі екен ғой. Абайды осылай айтып, түсіндіру керек екен ғой» деп сүйсіндім. Менің Алматыға келсем деген арманым Әуезовтің сөзін тыңдағаннан кейін, тіптен үдей түсті. «Оқысам ғана осылай болады екенмін» дедім.

Екі күндік жиыннан соң, үлкендер Абайдың еліне аттанды. Біз мұғалімдер жиынына қатыстық. Мұнда да кісі көп болды. Жұрт сөйлеп жатыр. Бір кезде жиынды жүргізуші: «Арамызда ат арытып сонау шалғайдағы облыстардан келгендер бар. Соларға да сөз берейік. Қане, кім сөйлейді?» деді. Не сайтан түрткенін білмеймін, қол көтеріппін. Сөзім тұтастай сынға құрылды. «Мына кітапта мынандай қате жазылған… Мына жерді оқушыларға түсіндіру қиын…» деп біраз нәрсені айттым. Үзілісте бір адам қасыма жақындап: «Өзің бір пысық қыз екенсің. Қайдан келдің?» деді. Кейін білдім, ол Мәулен Балақаев екен. Байқаймын, менің сөзімді аса жақтыра қоймағандай. Сөйтсем, әлгінде мен кемшілігін айтқан кітап авторларының бірі болып шықты. Қайдан білейін?

Екінші күні жолыққан бір кісі «мұғаліммін» дегенімде, «Нені бітірдің?» деп сұрады. «Мұғалімдер институтын» дедім. «Ары қарай не істейсің?» деді. Оқығым келетінін айттым. «Оқығың келсе, осында ҚазПИ дейтін оқу орны бар. Мен сол институттың директорымын. Сені үшінші курстан алайық. Құжаттарыңды дұрыстап алып кел» деді. Бұл кісі Ахмеди Ысқақов екен. Сол кісінің айтуымен оқуға қабылданып, арманым орындалып, Алматыда түбегейлі қалдым. Бірте-бірте ғылым әлеміне еніп кете бардым. Ал ол саладағы қызығы мен қиындығы аралас қым-қуыт хикаялар — бөлек әңгіменің желісі… 

* * *

Рабиға апа қазақ ғылымының қара шаңырағы – А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі инситутынан әлі де қол үзбеген. Өзі барып қайтпаса да, ондағы шәкірттері, кейде тіпті «немере шәкірттері» (өз сөзі) жиі хабарласып, келіп-кетіп, ұжым өміріндегі жаңалықтармен бөлісіп, апаның ой-пікірін сұрап отырады. Академиктің ақыл-кеңесі артық болушы ма еді…

Арнайы «Ақтөбе» газеті үшін

сұхбаттасқан Сәкен СЫБАНБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button