Мәселе

Еңбек қауіпсіздігін сақтап жүрміз бе?

Биыл — Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жылы. Атаулы жыл аясында өткен аптада Ақтөбе қаласында «Қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету» тақырыбында өңірлік семинар өтті.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Вице-министрі Ақмади Сарбасовтың төрағалығымен өткен семинарға Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Ақтөбе облыстарынан мемлекеттік еңбек инспекторлары, ірі және орта компаниялардың өкілдері, еліміздегі Кәсіподақтар федерациясы, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, «Өмірді сақтандыру компаниясы» АҚ өкілдері қатысты.

Жалпы еңбек қауіпсіздігі біздің елде қалай ұйымдастырылады? Қанша жұмысшы зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында еңбек етіп жүр? Жыл басынан бері қанша өндірістік жарақат орын алды? Осындай жарақаттың алдын алу үшін не істеліп жатыр? Семинар барысында біраз жайттарды зерделеген едік.

Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау — кез келген кәсіпорын үшін басты міндет. Ал азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтауға, гигиена мен қауіпсіздік талаптарына  жауап беретін еңбек жағдайына Ата заң кепілдік береді. Алайда қоғамда өндірістік жарақаттардың әсіресе, құрылыста, тау-кен шахталарында орын алып жатқанын естіп, көріп жүрміз.

Қазіргі уақытта әлемнің дамыған елдерінде биліктегілер, ғалымдар мен сақтандыру компанияларының өкілдері еңбек процесі мен өндірістік ортаға мейлінше көңіл бөліп, оны жақсартудың түрлі жолдарын қарастырып жатыр. Осыны өзіне міндет етіп отырған Халықаралық еңбек ұйымы жұмыс істейді. Айталық, біраз шет мемлекеттерде еңбекті қорғау жүйесі бар. Мысалы, Швецияда еңбек жағдайы туралы заң қабылданған. Осы заңға сәйкес, кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігіне жауап беретін жауапты бөлім немесе қызметкер пайда бола бастапты. Осыған ұқсас заңнамалар Норвегияда, Нидерландыда, Ұлыбританияда, Ресей елінде де бар екен.

Біздің елде де қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету әлі де болса маңызды мәселелердің бірі болып тұр. Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, елімізде өндірісте болатын жазатайым оқиғалардың нәтижесінде жыл сайын 2 мыңнан астам жұмысшы жарақат алады, оның 300-ге жуығы қаза табады екен. Бұл көп жағдайда жұмыс берушілердің, сондай-ақ жұмыскерлердің тарапынан өндірістегі жұмыстардың қанағаттанарлықсыз ұйымдастырылуымен, қауіпсіздік талаптарының ескерілмеуімен, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәдениетінің жетіспеушілігімен байланысты. Еңбек жағдайларының қолайсыздығынан тек қана өндірістік жарақат емес, сонымен бірге кәсіби аурулар да көбейіп отыр.

Бүгінгі күні Қазақстанда 497 мың жұмысшы зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейді.

Сонымен қатар жыл сайын республиканың кәсіпорындарында жеке қорғану құралдарын пайдаланбаудан немесе оның жоқтығынан шамамен 400-ден астам жұмысшы жарақат алатын көрінеді. Ал жеке қорғану құралдарына жұмысшыны зиянды және қауіпті өндірістік факторлардан қорғауға арналған құралдар, сондай-ақ, арнайы киімі де кіреді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің комитет төрағасының орынбасары Төлеген Оспанқұлов: «Қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету — бұл Еңбек министрлігінің маңызды басымдықтарының бірі. Биыл «Қауіпсіз еңбек» ақпараттық компаниясы аясында әлеуметтік әріптестеріміз — «Атамекен» АЭС, Кәсіподақтар федерациясы және мүдделі мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен өңірлерде 4 өңірлік семинар өткізуді жоспарлап отырмыз. Біздің қызметкерлерге қолайлы еңбек жағдайларын жасауға бағытталған бірлескен күш-жігеріміз ғана кәсіби тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді», — деді. Сонымен қатар Төлеген Оспанқұлов зиянды еңбек жағдайлары бар жұмыс орындарының санын қысқартудың маңыздылығын атап өтті. Бүгінгі күні Қазақстанда 497 мың жұмысшы зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейді, олар үшін жұмыс берушілер қызметкердің табысының 5 пайыз мөлшерінде міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын аударады.

  • Статистика жөніндегі уәкілетті органның мәліметтері бойынша, былтыр еңбек жағдайлары бойынша тексерілген 1,6 млн қызметкердің 373 мыңы немесе әрбір төртінші (22,3%) зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істеген. Өткен жылы 676 мың жұмысшы зиянды еңбек жағдайындағы жұмысы үшін әртүрлі өтемақы алды. Осы мақсатта жұмыс берушілерге 116,3 миллиард теңге бөлінді, бұл 2017 жылмен салыстырғанда 8 пайызға көп, — деді Төлеген Оспанқұлов.

Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Абай Байжомартов өнеркәсіптік қауіпсіздіктің мемлекет, қоғам және бизнес жауапкершілігінің біріккен аймағы және ортақ ісі екенін нақтылап айтты.

  • Біздің департамент өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында өндірістердегі апат жағдайларын, қауіпті өндірістік факторлардың зиянын ескерту мақсатында мемлекеттік бақылау жүргізіп отырады. Мысалы, биыл жарты жыл ішінде мемлекеттік инспекторлар 1428 тексеру жүргізді. Оның 520-сы жоспардан тыс болды. Осы тексерулер нәтижесінде 31 963 бұзушылық анықталды, соттың шешімімен 8 объектінің жұмысы тоқтатылды. 100 миллион теңгеден астам сомаға 1315 айыппұл салынды, — деді А.Байжомартов.

Ақтөбе облысы бойынша бас мемлекеттік еңбек инспекторы Саламат Аманбаев  өзі жетекшілік етіп отырған басқарманың үнемі өндірістік жарақаттың алдын алу мақсатында белсенді жұмыстар жүргізіп отыратынын, ақтөбелік мемлекеттік инспекторлар кәсіпорындарға тексеру мақсатында ғана емес, еңбек заңнамаларының нормаларын түсіндіру үшін өткен айлардың өзінде жүзден астам кездесу өткізгенін тілге тиек етті.

Елімізде өндірісте орын алатын жазатайым оқиғалардың нәтижесінде жыл сайын 2 мыңнан астам жұмысшы жарақат алады, оның 300-ге жуығы қаза табады.

Қазіргі таңда Ақтөбе облысының еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасында штат бойынша 19 мемлекеттік қызметші бар, оның 12-сі ғана — мемлекеттік еңбек инспекторы, олар азаматтардың еңбек қатынастарына қатысты арыз-шағымдарымен жұмыс істейді, өндірісте орын алған оқиғаларға зерттеулер жүргізеді. Бүгінде Ақтөбе облысында жұмыс істеп тұрған 12 мыңнан астам кәсіпорын бар, ол жерлерде 354 мыңның үстінде жалдамалы жұмысшы еңбек етеді. Әрбір мемлекеттік еңбек инспекторына шаққанда 1058 кәсіпорын мен мекемеден келеді екен.

  • Биыл біздің инспекцияға еңбек қатынасында бұзылған құқықтарды қайта қалпына келтіру үшін 1351 азамат шағымданды. Әр арыз-шағым 10 күн ішінде қаралуы тиіс. Егер оны ескерсек, қанша жыл керек екенін есептей беріңіз. Алайда мемлекеттік еңбек инспекторлары бұларды 8 ай ішінде қарап шықты. Өткен сегіз ай ішінде инспекторлар 455 тексеру жүргізіп, 599 түрлі құқықбұзушылық анықтады. Тексерулер нәтижесінде 200-ге жуық азаматтың құқығы қорғалып, 129,9 миллион теңге төленді. Сондай-ақ, мемлекеттік инспектор еңбек қауіпсіздігі үшін заңнама талаптарын орындау мақсатында мемлекеттік бақылау, мониторинг жүргізіп, қадағалап отырады, өндірісте орын алған оқиғаларға зерттеулер жүргізеді. Айталық, былтыр 97 оқыс оқиға зерттелсе, биыл өткен айлар ішінде 45 жазатайым оқиға болды, — деді С.Аманбаев.

Мемлекеттік еңбек инспекторлары оқыс оқиғаларды зерттеп қана қоймай, өкінішке қарай, әр жыл сайын азаймай отырған өндірістік жарақаттың алдын алу шараларын да жүргізулері тиіс. Облыстың бас инспекторының айтуынша, мемлекеттік еңбек инспекторлары еңбек қатынасындағы шиеленіскен жағдайларды шешу үшін облыстың әр ауданын аралап, еңбек ұжымдарымен кездесіп, түсіндірме жұмыстар жүргізіп отырады.

  • Қазақстан Республикасындағы Кәсіпкерлік кодексіне енгізілген өзгертулер мен толықтырулардан соң тексеру өткізуге берілген 30 күн 10 жұмыс күніне қысқартылды. Ал шағын кәсіпорындарда 5 күнге дейін шектелді. Бұл инспекторлардың жүгін көбейтіп, сәйкесінше тексеру сапасы төмендеді. Соңында мемлекеттік еңбек инспекторлары облыс пен қала прокуратурасының назарына ілігіп, тәртіптік жауапкершілікке шақырылды. Алайда басқарманың осы бөлімшелерінің жүктемесі айдан анық көрініп тұр, — деді С.Аманбаев.

Ал «Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институты» РМҚК-ның бас директоры, техника ғылымдарының докторы Серікқали Бисақаев қатысушыларға еңбекті қорғауды басқарудың интеграцияланған жүйесі туралы түсіндірді. Сонымен қатар тақырып шеңберінде бірқатар баяндамалар оқылып,  өндірістік жарақаттану және еңбекті қорғау талаптарының бұзылуы орын алған кәсіпорын өкілдері сөз сөйледі. Айталық, жыл басынан бері екі жазатайым оқиға болған «Энергосистема» ЖШС-ның бас директоры Марат Аманғалиев өзі басқарып отырған кәсіпорындағы қауіпсіз еңбек жағдайы қалай қамтамасыз етіліп отырғандығын айтып берді.

Ал ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Вице-министрі А.Сарбасов қорытынды сөзінде облыс басшысына алғыс айтып, семинар жұмысының жоғары ұйымдастырылғанын атап өтті.

Бұл күні Ақтөбеге келген қонақтар еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік жөніндегі «KIOSH-2019» IX Халықаралық конференция-көрмесіне, «Парыз» әлеуметтік жауапкершілік байқауына қатысқан нөлдік жарақат деңгейін көрсеткен кәсіпорын ретінде таңдалған — «ҚазТрансОйл» АҚ-ның Ақтөбе филиалының қызметімен танысу үшін өндіріс объектілерін аралап көрді.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button