Ақтөбе — 95Басты жаңалықтар

«Ақтөбе» газеті — Темір ауданында!

Облыстық «Ақтөбе» газетінің 95 жылдығы Темір ауданында «Ауылым — алтын бесігім» шарасы аясында кең көлемде аталып өтті.

Темір ауданының газет тарихында алар орны ерекше. Облыстық газет алғашында «Кедей» деген атпен 1924 жылдың 7 маусымында жарық көрді. Ал 1930 жылдың 19 тамызында «Кедей» Темір ауданының газетіне айналып, орнына «Алға» газеті шықты. Сөйтіп, 95 жылдан бері облыс шежіресіне айналып келетін газетіміздің әр жылдары атауы өзгергенмен, ұстанымы, бағыт-бағдары өзгерген жоқ.

Бүгінде темірлік оқырмандарының да жоғары сұранысына ие басылымның мерейтойына арналған мәдени-көпшілік шаралар Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын жүзеге асыру және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел халқына жолдаған Жолдауын кең көлемде насихаттауға негізделді.

ДОСЖАН ХАЗІРЕТ МЕШІТІ ЖАҢАРТЫЛЫП ЖАТЫР

Облыстық «Ақтөбе» газетінің 95 жылдығы ауқымында Темір ауданында ұйымдастырылған спорттық және мәдени-көпшілік шараларға құрамында «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин бастаған газет қызметкерлері, сондай-ақ еңбек ардагерлері, қоғам қайраткерлері, мәдениет саласы мен «Қазпошта» АҚ филиалы өкілдері бар барлығы жиырмадан астам делегация мінген көлік Шұбарқұдыққа аялдады. Аудан орталығына кіреберісте Темір ауданының әкімі Жолдас Қалмағанбетов бастаған топ қонақтарды ыстық ықыласпен қарсы алды.

Делегация мүшелерінің ауданға жасаған сапары Шұбарқұдыққа жақын маңдағы Досжан хазірет мешіт-қорымында құрбандық шалып, Құран бағыштаудан басталды.

Тарихи мәліметтерге сүйенсек, Досжан хазірет Қашақұлы 1815-1890 жылдар аралағында өмір сүрген. Ол — діни ағартушы, ұстаз әрі қоғам қайраткері. Әкесі Қашақ молда болған. Сондықтан Досжан хазірет діни сауатын әкесінің көмегімен ашады. Жалпы Досжан Қашақұлының өмірі туралы деректер аз, әлі де терең зерттеуді қажет етеді.

Алайда халық оның игі істерінің жарқын іздерін бүгін де көріп отыр. Мәліметтерде қажылық сапардан оралған соң Досжан хазірет Доңызтаудағы Қайнар деген жерде, кейін Темір ауданының Шұбарқұдық елді мекені маңындағы Шилісудағы Ишан ата кешенінде екі үлкен мешіт салғызған. Досжан хазірет осы Ишан ата кешенінде жерленген.

Досжан хазірет қорымы — «Мәдени мұра» бағдарламасына енген, мемлекеттің қамқорлығына жататын тарихи орын. Кезінде бұл маңдағы медреседе жүздеген шәкірт оқыған жатақхана да болған. Іргетасы берік қаланған тарихи нысан әлі күнге дейін сақталған. Мешіт жанында құлпытасы жаңартылған Досжан хазіреттің бейіті тұр. Бұл жұмысты Темір ауданының мұсылмандар қауымы 2007 жылы қолға алған. Аудан әкімі Досжан хазірет мешітінің тарихи келбетін сақтап, қайта жаңарту жұмыстары жүргізілетінін айтты. Бүгінде бұл жұмыстар басталып та кеткен.

Досжан Қашақұлының мешіт-қорымы іргесінде Шилі өзеніне құятын бұлақ бар. Көпшілік бұл бұлақтың суын шипалы санайды. Бұдан басқа бейіт басында тілеухана үйі де тұрғызылыпты.

Делегация құрамындағы ауылшаруашылық саласының ардагері, Мұқан Рахметов, кезінде Темір, Хромтау аудандарында басшылық қызметтер атқарған зейнеткер Оразбек Далмағамбетов, полиция полковнигі, бір кездері Ойыл, Темір, Ырғыз, Шалқар, Әйтеке би аудандарында қоғамдық тәртіп сақтау саласында еңбек еткен ішкі істер саласының ардагері Елемес Шотанов және басқалары бұлақ басындағы қасиетті орында, ата рухына бағыштап Құран оқыды.

«АҚТӨБЕНІҢ»
ЖАС ОҚЫРМАНДАРЫ

Бұл күні газетіміздің мерейтойына арналған шаралар аудан орталығында кең көлемде аталып өтіп жатты. Соның бірі — Шұбарқұдық гимназиясында ұстаздар қауымы мен оқушылардың «Ақтөбе» газетінің 95 жылдық мерейтойына орай газет қызметкерлерімен кездесуі. Бұл шараға «Ақтөбе» облыстық қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Бауыржан Өтеулиев, газет редакциясының бөлім меңгерушісі Нұрмұханбет Дияров, Темір ауданы әкімінің орынбасары Аманбай Нұрмұханбетов, Темір аудандық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Гүлнар Нұртазиналар қатысты.

«Сан ұрпақтың сырласы» тақырыбында өткен дөңгелек үстел отырысының тізгінін қолына алған аталған гимназияның тарих пәнінің мұғалімі Райымбек Жұбаныш өз сөзінде облыс баспасөзінің қара шаңырағына айналған «Ақтөбенің» тарихына тоқталып, алғашқы сөзді Бауыржан Өтеулиевке берді.

— Жыл басынан бері газетіміздің 95 жылдық мерейтойы аталып өтіп келеді. Осыдан екі апта бұрын Байғанин өңірінде болып, оқырмандарымызбен қауышып қайттық. Осылайша аудандарға сапарымыз басталып жатыр. Міне, екінші аудан — Темірге де келіп отырмыз. Біріншіден, Темір ауданының басшылығына, осы мектептің ұжымына біздің газетіміздің қызметкерлерімен кездесіміз деген ықылас-ниеті, пейілі үшін көп рақмет, — деген газеттің бас редакторы ғасырға жуық тарихы бар «Ақтөбенің» кезінде кеңес үкіметінің жергілікті жерлерде өз идеологиясын жүргізу әрі  халықты ағарту ісімен айналысу үшін ашқан басылым екенін айтып, тарихына аз-маз тоқталып өтті.

— Газет — қай кезде де идеологияның құралы. Ахмет Байтұрсыновтың «Газет — халықтың көзі, құлағы һәм тілі» дегені, әрине, дұрыс. Бірақ сол басылымды  шығарушы органның да басты идеологиясын жүзеге асыратын құрал — ол газет. Сондықтан да қазақ журналистикасы үшін қай кезде де бір қиын нәрсе — «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай», халықтың да мүддесін айтып келе жатқан біздің газетімізде жалпы көп дүниелер жарық көрген. Сол кездері Жиенғали Тілепбергенов, Құдайберген Жұбановтар осы газетте көп дүниені айтуға тырысқан. Ал соғыс жылдарында редакцияда бірнеше адам ғана қалған. Бірақ соның өзінде газетіміз жер-жерге жеткізіліп, онда халықты жігерлендіруге арналған мақалалар жазылған, Нұрпейіс атамыздың өлеңдері басылған. Біздің тағы бір мақтанышымыз — дәл «Ақтөбе» секілді қазақ әдебиетіне үркердей шоғырды қосқан газет аз. Бізде Қуандық Шаңғытбаев, Ізтай Мәмбетов, Есенбай Дүйсенбайұлы, Қажығали Мұханбетқалиұлы, Тобық Жармағанбетов сияқты белгілі ақын-жазушылар еңбек еткен, солардың тырнақалды өлеңдері осы газетте жарияланған. Сондықтан 95 жылдық тарихты жазып келе жатқан газеттің тойы осы өңірдің де тойы деп есептеймін, — деген Б.Өтеулиев одан әрі  баспасөздің бүгінгі ақпарат айдынындағы тыныс-тіршілігі  жайында сөз етті.

Өз кезегінде Ақпарат саласының үздігі Нұрмұханбет Дияров газеттің «Кедей» атауының өзі бүгінде редакция ұжымын  Темір өңірімен жақсы байланыстыратынын айта келе, алғашқы қаламгерлердің қатарында  Хамит Құрмашев, Жиенғали Тілепбергеновтердің болғанын тілге тиек етті. Сондықтан ол Жиенғали Тілепбергенов сияқты қалам иелері туған өңірден журналистер шығуы керек деген ойын да ортаға салды. «Кезінде мектептегі тілшінің беделі күшті болатын. Балаларға арналған газет-журналдарға жазған мақаладан кейін сенің атыңа он шақты хат келіп жатады. Сөйтіп, оқырманмен байланыс орнайды. Содан қанаттанып, журналистикаға келдік», — деген Н.Дияров газеттің жас оқырмандары алдында еңбектегі тәжірибесімен де бөлісті.

Кездесу барысында жоғары сынып оқушылары — Жансезім Сүндетқалиева, Тілекші Әмірханқызы, Айым Сайлауова, Жұмагүл Аманиязовалар газет қызметкерлеріне көкейде жүрген сауалдарын жолдап, нақты жауап алды. Бір топ оқушы ақындар Ертай Ашықбаев пен Бауыржан Бабажанұлының өлеңдерін жатқа оқыды.

Оқушылар ақынның өзінен де өлең оқып беруін өтінді. Газет қызметкерлері мен жас оқырмандар арасындағы осындай жылы жүздесудің соңы естелік суретке түсумен аяқталды.

ЮНЕСКО ҚҰРАМЫНДАҒЫ МЕКТЕП

Шұбарқұдық гимназиясының спорт залында «Ақтөбе» газетінің жүлдесі үшін ерлер арасында волейболдан «Дені саудың — жаны сау» атты аудандық турнир өтті. Турнирдің салтанатты ашылу рәсімінде «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин, ардагер Мұқан Рахметовтер ойыншыларға сәттілік тіледі.

Бұл жерде түрлі сала қызметкерлерінен құралған 6 команда өзара бақ сынасты.

Бұдан кейін аудан әкімі Ж.Қалмағанбетов делегация мүшелерін Шұбарқұдық поселкесіндегі бір аулада орналасқан Оқушылар үйі мен көркемсурет мектебінің жұмысымен таныстырды. Бүгінде Темірдегі осы бір шағын ғана ғимаратқа орналасқан көркемсурет мектебі ЮНЕСКО құрамына кіріп, нәтижелі жұмыстар жасап жатыр. Мектеп директоры Максим Чирков қонақтарға балалардың қолынан шыққан дүниелерді таныстырып, мектептің алдағы жоспарларымен бөлісті. Оның айтуынша, мұнда түрлі үйірме жұмыс жасайды. Құммен сурет салу үйірмесі де жақында ашылыпты. Бос уақытын тиімді өткізу үшін оқушыларды осы мектептен көптеп кездестіруге болады.

Бұдан әрі Оқушылар үйінің директоры Самал Абдуллина да қонақтарға білім беру ұйымының жұмысын таныстырды. Бұл жерде олар «Жас экологтар» үйірме кабинетінде болып, ондағы инкубатор құрылғысында жоғары температурада қыздырылып жатқан жұмыртқаны, тотықұстар мен ұлуды, тышқан мен тасбақаны өсіріп жатқан оқушылардың жұмысын өз көздерімен көрді. Балалардың үйірмеге деген ықыласы сонша — осы маңда жүгіріп жүретін «тентек» көжекті де тезге салыпты.

ОҚЫРМАНДАР МАРАПАТТАЛҒАН КҮН

Темірдегі «Ақтөбе» газетінің 95 жылдығына арналған салтанатты шара аудандық Мәдениет үйі ауласындағы ақын Нұрпейіс Байғаниннің ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен басталды. «Ақтөбе Медиа» ЖШС және Темір ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен шара кезінде делегация мүшелері осы ғимаратта орналасқан аудандық кітапханадағы «Коверкинг» орталығының жұмысымен танысып, музейді аралады.

Ғимараттың фойесінде «Ақтөбе» газетіне — 95 жыл» көрмесі жасақталып, «Қазпошта» мекемесінің қызметкерлері осы жерде баспасөзге жазылуды ұйымдастырды. Темірлік оқырмандарымыздың басылымға деген ыстық ықыласын аз уақыттың ішінде мыңға жуық адамның газетке жазылғанынан-ақ аңғаруға болады.

Салтанатты шара кезінде «Ақтөбе» газетіне — 95 жыл» бейнефильмі көрсетілді, оқырмандар үлкен экраннан газет туралы өз ой-пікірлерін ортаға салды.

 

Бұл кездесудің ерекшелігі — елге еңбегі сіңген танымал, азаматтардың аттарындағы сыйлықтар белгіленді. «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин жиналғандарды газеттің мерейлі жасымен құттықтап, марапат иелеріне құрмет көрсетті. Ол Темір ауданының перзенті, қазақ журналистикасының негізін қалаушылардың бірі Жиенғали Тілепбергенов атындағы сыйлықты «Ақтөбе» газетінің тұрақты оқырманы, Шұбарқұдық гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Балым Ұлықпановаға табыстады. Сол сияқты ол марапат иесіне Ұстаздар күні қарсаңында облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаеваның атынан Құрмет грамотасын да табыстады.

Бұдан кейін делегация мүшелері газетіміздің тұрақты оқырмандары мен белсенді ұжымға сый-сияпат ұсынды. Атап айтсақ, медицина ғылымдарының кандидаты, профессор Ақтөбе мемлекеттік медицина институтын ұзақ жылдар басқарған Әжмағи Смағұлов атындағы сыйлықты Шұбарши дәрігерлік амбулаториясының аға дәрігері Қыдыр Байқадамов иеленсе, көрнекті әскери қайраткер, генерал-лейтенант Жансен Кереев атындағы сыйлық аудандық полиция бөлімі бастығының жедел жұмыс жөніндегі орынбасары Ерлан Төлеубайға бұйырды. «Ақтөбе» газетінің құрдасы, зейнеткер Бисенбай Аманшин «Байырғы оқырман» номинациясымен марапатталса, көпбалалы ана Светлана Қазкенова мен Жанаргүл Ұлықпанова газетке 2020 жылға тегін жазылу сертификаттарына ие болды. Мерекелік шарада Темір аудандық орталық ауруханасы, Кеңқияқ орта мектебінің және Шұбарқұдық локомотив депосы ұжымдары газеттің 2020 жылға «Белсенді жазылушы» номинациялары сыйлықтарымен марапатталды. Мұндай сыйлық иеленгендердің қатарында №2 Шұбарқұдық орта мектебінің мұғалімі Шолпан Төкешова мен №3 Шұбарқұдық орта мектебінің қызметкері Рысбике Барсаевалар да бар.

Газет мерейтойына арналған мерекеде «Қазпошта» АҚ Ақтөбе филиалы директорының орынбасары Әсел Әжниязова да «Ақтөбенің» бірқатар белсенді оқырмандарына құрмет көрсетті.

Сондай-ақ мерекелік шарада газеттің жүлдесі үшін өткен волейбол турнирінің жеңімпаздары да марапатталды.

Бұл күні аудандық газет ұжымы да әріптестеріне қолдау танытып, құрмет көрсетті.

Шараны қорытындылаған сөзінде Раукен Отыншин аудан әкімдігі мен осы шараға демеушілік көрсеткен бірқатар азаматтарға алғысын білдіріп, Жолдас Қалмағанбетовтің омырауына «Ақтөбе Медиа» серіктестігінің арнайы төсбелгісін тақты.

— Темір ауданындағы «Ақтөбе» газетінің күндері жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны үшін ризамыз. Келгендегі мақсатымыз — аудандағы оқырмандарымызбен бетпе-бет жүздесіп, пікірлесу, сіздермен ой бөлісу, ұсыныс-тілектеріңізді тыңдау. Біз ауданға газет қызметкерлері болып қана емес, осы елге еңбегі сіңген бір топ ағаларымызбен бірге келдік. Сондай-ақ әр өңірдің танымал тұлғалары, беделді азаматтары болады. Солардың көпшілігі уақыт өте келе ескерілмей, ұмытылып қалып жататыны өкінішті. Біз ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру мақсатында Темір аумағынан шыққан белгілі ілгері буын ағалардың атына арнайы сыйлықтар тағайындап отырмыз. Әрине, газет шыққаннан кейін, оны тарататын үлкен мекеме бар. Ол — «Қазпошта» мекемесі. Осы орайда «Қазпошта» акционерлік қоғамы Ақтөбе филиалы басшысының орынбасары Әсел Әжинязова да бұл іске қолдау танытып, оқырмандарымызға өз тараптарынан құрмет көрсетті. «Оқырманын тапқан газет өміршең болар» дегендей, сіздердей жанашырларымыз барда газетіміз ғұмырлы болады деген сенімдеміз, — деді Р.Отыншин.

Өз кезегінде аудан әкімі «Ақтөбе» газеті мен Темір жерінің тарихы үндес екенін айта келе: «Газеттің «Кедей» атауымен Темір қаласында шығуының өзі — тарих. Бізді газеттің осындай тарихы жақын  байланыстырып тұр. Темір ауданы туралы облыстық газетте аптасына кемі бір мақала шығады екен. Осынау 95 жылда сол бір санды есептеп көретін болсақ, газетте 5 мыңға жуық біздің темірліктер, ауданымыз туралы материал жарық көрген екен. Осындай ынтымақтастығымыз жалғаса береді деп сенемін», — деп, газет басшылығына елге келіп, темірлік оқырмандарға көрсеткен құрметі үшін алғысын білдіріп, «Ақтөбе Медиа» ЖШС ұжымына «Темір ауданына сіңірген ерекше еңбегі үшін» деген төсбелгіні табыстады. Сондай-ақ аудан әкімі темірлік перзенттеріне де құрмет көрсетуді ұмытпады.

Мерекелік шараға Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармония өнерпаздары ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жайлау Асылханов Қазанғаптың «Жем суының толқыны» атты күйін тартса, темірлік әнші, композитор Сейсен Айтжанов «Жансен аға», «Туған жерім — Темірім» атты әндермен көрерменнің көңілін көтерді. Сол сияқты Орал-Қосай Байсеңгір, Әділет Күзенбаев, Гүлхан Бөрібасовалар кешті ән мен күйге бөледі.

Балым Ұлықпанова, Шұбарқұдық гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:

— Есейіп, еңбекке араласқаннан бастап «Ақтөбе» газетінің тұрақты оқырманымын. Оның үстіне, мамандығым мұғалім болғасын, жан-жақты ізденіп, облыстық газеттегі өзіме қажетті дүниелерді қосымша материал ретінде де пайдаланамын.

«Ақтөбе» газеті — екі ғасырдың куәгері. Бұл — аймағымыздың тыныс-тіршілігін тасқа басып, халықты игі істерге жұмылдырған, бірнеше буын ұрпақты отаншыл рухта тәрбиелеп, оқырмандарының ықыласына бөленген басылым.

Биыл газет 95 жасқа толып отыр. Ғасырға жуық тарихы бар «Ақтөбе» газеті халықтың тыныс-тіршілігін жариялап, насихаттап, еліміздің рухани байлығының өсуіне өлшеусіз үлес қосып келеді. Газетіміз мәңгілік болсын!

Үзілдік Боранбаева, Темір аудандық қорғаныс істері бөлімінің қызметкері:

— Осы салада еңбек етіп жүргеніме жиырма жылдан астам уақыт болса, «Ақтөбе» газетімен жастайымнан таныспын. Газетті «Коммунизм жолы» атауымен шыққан кезден бері білемін. Өз басым жыл сайын газет-журналдарға жазыламын. Соның ішінде «Ақтөбені» міндетті түрде жаздыртып, оқимын. Мен қызмет ететін ұжымның 80 пайызы облыстық газетке жазылады. Себебі бұл басылымнан біз өз саламызға қатысты жаңалықтарды біліп отырамыз. Әсіресе, күзгі, көктемгі әскерге шақыртулар туралы ақпараттар, балаларды әскери оқу орындарына қабылдаудың шарттары мен талаптары осы газетте жарияланып жатады. Өздеріміз де жасаған жұмысымыз жайында жиі-жиі мақалалар беріп тұрамыз. Міне, осы мүмкіндікті пайдаланып, келер жылға да «Ақтөбе» газетіне жазылдым.

Гүлнар Нұртазина, Темір аудандық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы:

—Темірде аудандық білім бөліміне қарасты 43 мекемеде 1017 педагог кадр еңбек етеді. Қазіргі таңда сол педагог кадрлардың 910-ы «Ақтөбе» газетіне жазылды. Яғни білім беру саласында еңбек ететіндердің облыстық газетке жазылу көрсеткіші — 90 пайыз.

Ғасырға жуық тарихы бар газетті мерейлі жасымен құттықтай отыра, халықтың жаршысы бола білген «Ақтөбенің» ғұмыры ұзақ, оқырмандары көп болсын деген тілегім бар.

Нұрлан Жақыбаев, Қазақстан Қөлөнершілер одағының мүшесі:

— «Ақтөбе» газетін «Коммунизм жолы» атауымен шыққандағы уақыттан бері білемін. Оның бер жағында отыз жылға жуық уақыт бойы осы газетпен шығармашылық байланыста жұмыс жасап келемін. Газеттің халыққа берері мол. Газеттің бір ерекшелігі — редакцияда кез келген адам жұмыс жасай алмайды. Онда тек шығармашылық потенциалы жоғары тұлғалар ғана еңбек етеді. Солар ғана осындай үлкен жұмысты атқара алады.

Өз басым «Ақтөбе» газетіне үнемі жазыламын, тұрақты оқырманымын. Газет беттерінен аймақ жаңалықтарын оқып, көңіліміз марқайып жатады. Газетте жарық көрген мақалалардың мазмұнынан-ақ өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық, мәдени даму тенденциясын байқауға болады. Қоғамда болып жатқан құбылыстарға сараптама жасайтын бірден-бір құрал — бұл газет. Газет ұжымын басылымның мерейлі жасымен құттықтаймын.

Ақкенже Танкова, Темір аудандық газетінің дизайнері:

— «Ақтөбе» — менің сүйікті газетім. Өзім осы салада еңбек ететін болғасын, басылымды басынан аяғына дейін оқып шығамын, ондағы материалдардың құрылу формасы, газеттің дизайнына ерекше мән беремін. «Ақтөбенің» дизайны өзіме қатты ұнайды. Ең бастысы — газет оқырмандарға оңай  оқылу үшін жеңіл құрылады. Сол жағымен де ұтымды.

Әріптестерімді газеттің 95 жылдық мерейтойымен құттықтап, оларға шығармашылық жетістік тілеймін.

Айсара Мұрат, №2 Шұбарқұдық орта мектебінің 9-сынып оқушысы:

— «Ақтөбе» газетіне шыққан ең алғашқы төрт шумақ өлеңім — бесінші сыныпта оқып жүрген кезімде жарық көрді. Содан бері газеттің «Балдырған» бетіне өз шығармаларымды пошта арқылы жолдап отырамын. Бұл бетті жерлесіміз, ақын Ертай Ашықбаев жүргізеді. Өз шығармаларымды газет бетінен көргенде ерекше қуанамын. Менің бойымдағы ақындық қабілетті байқап, шығармашылыққа баулығын ұстазым Шынар Дүйсалинаға айтар алғысым шексіз.

Газетте жарық көрген тарихи, танымдық материалдарды оқуда да пайдаланамын.

Арайлым НҰРБАЕВА,

Ақтөбе-Темір-Ақтөбе.ф

Басқа жаңалықтар

Back to top button